Кітап оқыған оқушыма ақша төледім

2014 жылы мектепке мұғалім болып орналасқан соң ең болмағанда өзімнің сыныбымның оқушыларына əдеби кітап оқытқым келді. Қинап, қорқытып оқытқаннан түк пайда жоқ. Абайдың «Құдайдан қорық, пендеден ұял, балаң бала болсын десең — оқыт, мал аяма!» — деген сөзінен соң менің міндетімнің ауырлығын сезіндім. Алғашқы жұмысым сыныптың деңгейіне келерлік əдеби шығармалар таңдау болды. Алғашқы үш айға шығармаларды таңдап, хабарландыру жасадым. Тіпті таңдалған шығарманы қай жерден, қай сайттан алуға болатынына дейін жазып қойдым. Бірінші айға қойылған шығарма Мұхтардың «Қараш-қараш оқиғасы» болды.


Кітап оқу сайысына өз қалтамнан қаржы тіктім. 1-орынға 3000 теңге, 2-орынға 2000 теңге, 3-орынға 1000 теңге, жəне 500 теңгеден 3 ынталандыру сыйлығы болды.
Кесімді уақыт таяп сайысты бастадық. Əуелі кіріспеге шығарма туралы, авторы туралы сұралады. Əрі қарай жекелеген сұрақтарға көштік. Шығарма ішінен кейіпкер мінезі, оқиғалар, немесе шығармадан екі-үш сөйлем ғана айтып əрі қарай іліп алып кету деген секілді тапсырмалар берілді. Алғашқы сайысқа 10-нан астам оқушы қатысты. Екі сағатқа жуық уақытқа созылған сайыс қызықты өтті. Кітап оқыттым деп мен мəз, кітабым өтті деп кітапханашы мəз, ақша алдық деп оқушы мəз. Келесі айдың шығармасына менің сыныбыммен қатар басқа да сыныптың оқушылары өтініш білдірді. Оқушы санына қарай жүлде қорын да көбейттім. Кітапханада кітапқа кезекке тұрған оқушыларды көргендегі күйімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Сонымен бұл көшіміз біразға дейін жалғасты. Тіпті «Абай жолынан» бастап шетел əдебиетіне дейін оқыдық. Соңғы 11 сыныпта ҰБТ-ға дайындалу себепті бұл жұмысымызды тоқтаттық.
Аллаға шүкір, соның арқасында оқушыларымның ұшқыр ойлауы, сөз саптауы, сұраққа ұтымды жауап беруі жақсы деңгейге жетті. Қазақ тілі-оқу сауаттылығы пəнінен ҰБТ-дан жақсы деген нəтижеге қол жеткізді.

P.S
Аттестат алу кешінде 16 оқушыма аттестаттарымен қоса 16 кітап сыйға тарттым!
Бұл менің ел ертеңі болар оқушыларымның рухани жаңғыруына деген кішкентай да болсын көмегім деп білемін!

Жасұлан Серік

Комментарии:

2 thoughts on “Кітап оқыған оқушыма ақша төледім

  1. Жақсы бастама екен!!! Бүкіл әлемдік өрмекші торы-интернет билеген заманда балаларды кітап оқуға үндеу оңай іс емес екені кімге де болса, аян! Сіздерге тек сәттілік тілеймін!

  2. Бала күнімізде таласып оқып, өзара талқылайтын едік, қазір ше? Қинап оқыта алмайсың

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.