Шет

Кенттегі кемшілік түзеледі

       Жуырда Ақадыр кенті әкімінің кент тұрғындары алдында есеп беру жиыны өтті. Жиынға аудан әкімі М.ЖАНДӘУЛЕТОВ, аудандық мәслихат хатшысы Б.ТӨЛЕУҚҰЛОВ, аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық мекеме басшылары, аудандық мәслихат депутаттары қатысты.

Кент әкімі Д.Кәрсембаев жыл ішінде атқарылған жұмыс жайында және алда тұрған міндеттері туралы кент тұрғындарына баяндады. Сондай-ақ, кездесуде тұрғындар көкейлерінде жүрген сауалдарын жолдады. Мәселен, кент тұрғыны Н.Құлжамбеков Ақадыр кенті тұрғындарына тиесілі жерден кейбір адамдар заңсыз түрде жер алып, сол жерге үй, мал қора салғандығын айтты.

Кент тұрғыны Д.Бекбенбетовтің сауалында жолдар жайы сөз болды.

– Кентішілік жолдарды жөндеу үшін қомақты қаражаттар бөлінеді. Бірақ, сол жасалған жұмыстың сапасы өте төмен. Осыдан екі жыл бұрын төселген асфальт екі айдан кейін жарамсыз болды. Қатаң бақылау жасалмайды. Теміржолдың арғы бетіндегі Е.Мәдиев атындағы және Баритовая көшелеріне күннен қуат алатын түнгілік шамдар орнатылған еді. Алайда, сол шамдар кешкі 11-ден кейін сөніп тұрады, – деді Д.Бекбенбетов.

Сондай-ақ, тұрғындар әлеуметтік мәселелерді қозғады.

– Анам сырқаттанып қалғанда дәрігерге көрсетіп едік, «орын жоқ» деп қабылдамады. Ауруханада стационарлық он орын ғана бар екен. Орындарды көбейтуге мүмкіншілік бар ма? Және күндіз жедел жәрдем шақырсақ, келмей қояды. Дәрігерлердің айтуынша, көлік жетіспейді, кешкі 6-дан кейін барады, – дейді кент тұрғыны М.Әлібеков.

Аудан әкімі М.Жандәулетов аталған сауалға тиісті жауабын берді.

– Аурухана облыстық мекеме болғандықтан, аудандық бюджеттен қаражат бөлінбейді. Былтыр сіздердің өтініштеріңіз бойынша облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысына шыққан болатынмын. «Жедел жәрдем» көлігі берілуін қадағалап отырамыз. Ал, кадрлар келіп жатса, баспана алып береміз. Ауруханада орынды көбейту керек деген мәселелерді қолға аламыз, – деді аудан әкімі.

Аудандық білім бөлімі басшысы Е.Смағұлов, ветеринария бөлімінің басшысы А.Рақымжанов өз салаларына қатысты қойылған сұрақтарға жауап берді.

«Хамзе» жеке шаруа қожалығының басшысы А.Әбілтүсіпова қаңғыбас иттер жайын қозғады. «Бос жүрген қаңғыбас иттердің саны азаяр емес. Иесіз жүрген иттер балалар түгілі ересек адамдардың өзіне қауіп тудыруда. Менің ойымша, ветеринарлық мамандар мен учаскелік полиция инспекторлары аулаларды аралап, әрбір иттің паспорты болуын иесінен талап етуі керек. Оны орындамаған жағдайда қолданыстағы заңнамаларға сәйкес айыппұл салатын болса мәселе шешімін табады» деген ұсынысын айтты кент тұрғыны.

Аудан әкімі ветеринария бөліміне кенттік полиция бөлімшесімен бірігіп, ит иелеріне паспорт алуын қадағалап, жұмыс жүргізуді тапсырды.

Ұсыныс-пікірлер жәшіктерден түскен жазбаша ұсыныстарға жауаптар берілді. Жиын соңында аудан әкімі М.Жандәулетов көтерілген мәселелер ескерусіз қалмайтындығын, келешекте міндетті түрде шешімін табатындығын айтты.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button