Есімдері де, еңбектері де еңселі

Бәрі де күні кеше сияқты. Көрген түстей. Біз қызметте жүргенде 20 жылдық, 30 жылдық мерейтойларын атап өткен Нұра ауданы бүгінде 90 жылдық мерейтойын дүркірете тойлауға дайындық жұмыстарын жүргізуде. Тоқсан жас дегенің де білген жанға аз ғұмыр емес. Бір ғасырға жуық уақыт. «Елу жылда ел жаңа» деп айтылған нақылға сүйенсек, бұл жылдар арасында ауданды көркейту жолында кімдер еңбек етпеді десеңіздерші?! Шерхан Мұртаза «Бір кем дүние…» деп үш-ақ ауыз сөзбен өмірдің бізге тосқан сан сырлы, мың қырлы толғаныс пен қуанышқа толы сәттерін жеткізді. Менің бүгінгі мақалама арқау етіп отырған азаматтар – ауданның бүгінгі сәтке келер жолында аянбай еңбек еткен адал жандар. Қарап отырсам, аудан жасаған тоқсан жасқа жетпей-ақ өмірмен қош айтыса кете берген екен жарықтықтар. Бірі ұстазым, бірі досым, бірі әріптес болған бұл үш азаматтың орны ерекше менің өмірімде.

Ұстаз

Әскерден келген бетім. Нұра ауданының тұтынушылар одағына жұмыс іздеп бардым. Мамандығым – бухгалтер. Техникумды бітірген дипломым қолымда. Институтты бітіруіме бір-ақ жыл қалған болатын. Аудандық тұтынушылар одағының төрағасы Ахметжан Хамзаұлы Даутов алғашқы еңбек жолымдағы бастығым әрі ұстазым болды.

Осы мекемеге қолымдағы дипломмен аға ревизор етіп, одан жоғары оқу орнын аяқтағыннан кейін бас бухгалтердің орынбасары қызметіне, еңбек алысымды байқап, алты айдан соң бас бухгалтер қызметіне тағайындаған еді. Міне, осы сәттен бастап Ахметжан Хамзаұлы менің рухани ұстазым болды.

Өзінің байсалды да, байыпты мінезімен, салмақты да салиқалы сөзімен ерекше көрінетін өзіме. Мен ел арасында өзімді ұстау мен сөйлеуге келгенде осы рухани тұрғыдағы ұстазыма қарап бой түзедім. Ахметжан Хамзаұлы бар саналы ғұмырын осы ауданның көркеюі жолында сарп етті. Сөзге шешен, екі тілде де ораторлық қабілеті замандастарынан көш бойы ілгері болатын. Кез келген салиқалы жиындарда алдымен Ахметжан Хамзаұлы шығатын қасқайып сөз сөйлеуге. Қызметке деген адалдығы өз алдына бір төбе. Ауданның тұтынушылар одағын басқарса да, қызмет бабымен келімдікетімді кісілерді өз қаражатымен қарсы алып, шығарып салатын. Қазынаның ақшасына, не болмаса, лауазымын пайдаланып, «қонышынан басып, баса көктеу» дегенді мүлдем білмейтін өте таза адам еді.

Дос

Мұқатай Смағұлұлы Искаков өмірдегі туған бауырымдай болып кеткен досым. Қызмет бабында бірге жұмыс істеген Мәжит Мадин арқылы 1967 жылы танысқан болатынмын. Арамыздан қыл өтпес достығымыз менің әкемнің дүниеден өтер алдында бір-екі күн бұрын берген «бірің аға, бірің іні болыңдар» деген батасынан кейін беки түсті. Содан бері «қойымыз қоралас, ауылымыз аралас» дегендей өзара қатынасымыз ерекше өріліп, үй болып үйленіп, шаңырақ көтергеннен соң тіптен тереңдей түсті. Отбасымызбен де туғандарша араласып, бала-шағамызбен той-томалақты да, қайғықасіретті де бірге бөлістік.

Мұқатай іскер азамат еді. Еңбектен қашпайтын. Қандай қызметте жүрсе де алған ісін гүлдендіріп, тұрған жерін түрлендіріп жіберетін. Алғашқы жұмыс жолын Маржанкөл ауылдық кеңесінің хатшысы болып бастаған. Осы кеңшардың кәсіподақ комитетінің төрағасы. Ауатком нұсқаушысы, аудандық кәсіподақ комитетінің хатшысы, қазіргі Ахмет ауылының директоры, аудандық атқару комитетінің төрағасы, аудан әкімінің орынбасары, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы қызметтерін абыроймен атқара білді. 1983 жылдары «Энтузиаст» – қазіргі Ахмет ауылына директор болып барған кездегі еңбегі ел аузында. Тоғыз жыл қатарынан осы ауылды басқарды.

Мұқатай қызметте болған жылдары ауыл әлеуметтік салада да, экономикалық тұрғыда да алдыңғы қатарлы ауылдар санатына орын алып, бес жылдық жоспарды асыра орындап, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шықты. Осы атқарған еңбегі «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін», «Ерен еңбегі үшін» медальдарімен марапатталды.

Әріптес Әріптесім

Тұрсын Нұрмағанбетқызы Досполова – сауда саласының үздік қызметкері атағының иегері. Бүкілодақтық көрменің қола медалімен марапатталған. Еңбек жолын тұтынушылар қоғамында аға есепші, аға бухгалтер болып бастаған. Ауылдық жұмысшылыр кооперациясының төрағасы қызметінде 1976-1983 жылдары қызмет атқарды. Бұл қызметтегі еңбегі ерен. Ол кездері жаңадан дүкенге ғимарат салу деген ілуде біреу болатын. Кооперацияда ақша жоқ. Дүкендерге деп арналған типтік ғимараттар салу үшін совхоз директорларымен келісіп барып жүзеге асатын жұмыс. Заты әйел демесең, ер адамнан кем түспейтін алғырлығы әрі ерекше өжеттілігі болатын. Түр-келбеті қандай келісті болса, ісі де тура сондай бір әдемі болды. Чкалов совхозына қазіргі Кертінді ауылына типтік бір емес бес дүкен және бір қойма салдыртты. Бұл үлкен еңбекпен келген жұмыс екенін атап өту керек. Мұнан бөлек бұл ауылда сол кездегі көп ауылда кездесетін екі пәтерлі үйді дүкен ғимараты етіп беретін. Сондай екі пәтерлі үйден тағы төрт дүкен болғанын айтпай кеткенім жарамас. Осы еңбегі үшін сауда саласының үздік қызметкері атағын алған болатын, қызметі де өсіп аудандық тұтынушылар одағының төрағасы қызметіне дейін көтерілді.

1971 жылдары мен Қарағанды облыстық тұтынушылар одағының бас бухгалтері болып тағайындалдым. Сол жылдары мені Қарағанды қаласына зор үмітпен шығарып салған да осы үш азамат болатын. Көзден кетсе де көңілден орын алған азаматтар. Өмір жолымда кездесіп, бірі ұстаз, бірі дос, бірі адал әріптес бола білген жандардың атқарған еңбегінің тарыдай бөлігін ауданның тоқсан жылдық мерейтойында еске алуды жөн көрдім.

Уақыт тоқтамайды. Өмір жалғаса берді. Сәйкесінше, туған жердің де тарихы тереңдеп, өткен күннен елес берер естеліктер қатары қалыңдай түседі. Келер ұрпақ туған жерінің бүгінгі жеткен белесі жолында, тер төккен, өз елінің шын отаншыл азаматы бола білген жандарды да білсе деген ниетпен қалам тарттым.

Жарылқасын БИКЕНОВ,

 Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері,

Нұра ауданының Құрметті азаматы.

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.