Тұлға

Азамат биігі

Бар саналы ғұмырын еңбекке арнаған, әке мен шешенің жалғызы, әулетінің ырысы болған, туған-туысы, дос-жаран, халқына сыйлы Несіпхан ТЕМІРҒАЛИЕВ ағамыздың өмір жолы, қызметі, жалпы, кісілік келбеті жайында жазуды мақсат тұтып, қолыма қалам алдым.

Бір қарағанда томаға тұйық жүретін ағамыз түрлі отырыстарда әдемі әзілқалжыңдарымен, ақжарқын мінезімен ерекшеленеді. Қақ-соқпен ісі жоқ, сөзі жүйелі, ісіне мығым адам. Өзі туралы көп шешіліп те айта қоймады. Дегенмен, суыртпақтап отырып, біраз жайтқа қанық болдым. Бұл кісінің басты қасиеті – анасына деген перзенттік сезімі, құрметі, ықылас-пейілі ерекше. Қолда бар байлығы – балалары. Ал, қызметінде нағыз психолог. «Жұмыс жасайтын адам бірден белгілі. Алдыма келген жас мамандарды алдымен, аз ғана уақытта тәжірибеден өткіземін. Содан кейін қызметкерлерді шақырып алып, кеңесемін», – дейді.
«Басшымын» деп, менмендікке салынбай, келісіп отырып, шешім қабылдайтын ел ағасы еңбекке ерте араласқаннан бастап, талай жақсы адамдармен қызметтес болды. Білімді де білікті ағаларының тәрбиесін көрді.
Несіпхан аға – әкеден қалған жалғыз тұяқ. Тәубе, бүгінде ордалы отбасы, немере-жиеннің қылығын қызықтап отыр жары Сақып апайымызбен бірге.
Әкесі Жақан көзі ашық, көкірегі ояу жан болған, Қарқаралыдағы сол кездегі зооветехникумды қызыл дипломмен аяқтағаннан кейін «Сарыобалы» колхозында меңгерушінің орынбасары болады. 
Сол жылы, яғни, 1953 жылдың 22 қазанында Несіпхан ағамыз дүниеге келеді.
Алайда, құжат бойынша 1954 жылдың 1 ақпаны күні дүниеге келген деп жазылады.
Себебі, сол кездегі жер шалғайлығы, көліктің жетіспеушілігі дер уақытында құжаттарды жасап алуға қолбайлау болатындығы жасырын емес. Бір жерден екінші жерге атпен жеткенше біраз уақыттың
өтіп кететіндігі анық. Кейін, әкесі денсаулығына байланысты қызметін жалғастыра алмай, қыстаққа көшіп, мал басын өсірумен айналысады. Ал, бала Несіпхан жасынан зерек болады. Бірінші сыныпқа алты жасынан барады. Алдымен – Қарағашта, кейін Томарда оқиды. 
Ата-анасы қыстауда. Бастауышты аяқтап, орта буынға аяқ басар сәтте таяу.
Осы жылы ауылдағы туған-туысқа келіп жүретін Қаман апасы жолдасымен елге келеді. Жолдасы сол кездегі облыстық байланыс саласының басшысы Төлеу Шәкіров деген азамат. Несіпхан ағамыздың әке мен шешеден жырақта жүріп, төрт класты аяқтағандығын естиді. «Әйтеуір, ата-анадан бөлек туған-туыстың үйін жағалап жүр екен. Біз Қарағандыға өзімізбен бірге, қазақша оқытатын №2 мектеп-интернатқа алып кетейік. Демалыс күндері үйге алып отырамыз», – деп қолқа салады. Әкесі келісімін бергенімен, анасы біразға дейін көнбей қояды. 
Сөйтіп, әке мен шешенің келісімін алған ағамыз оқуын Қарағандыда әрмен қарай жалғастырады.
1970 жылы мектепті жақсы аяқтап, Қарағанды кооператив институтына түсіп, 1974 жылы экономист мамандығы бойынша тәмамдайды. Сол жылы арнайы жолдамамен Қарқаралы қаласындағы қоғамдық тамақтандыру мекемесіне экономист болып қызметке орналасады.
Одан кейін, сауда саласында, тұтынушылар қоғамы басқармасында, аудандық партия комитетінде, аудан әкімдігінде лауазымды қызметтер атқарады. Несіпхан ағамыз осы қызмет жолдарында бірге еңбек еткен, өзіне қолдау көрсеткен М.Бекшин, З.Іңкәрбаев, А.Әбішев, Е.Қасымжанов, Т.Шахарбаев секілді ел ағаларының да тәлімін еш естен шығарған емес. Талай адамдармен қызметтес болып, іс-тәжірибе жинап, жан-жақты толысқан Несіпхан аға 1997 жылы жаңадан құрылып жатқан зейнетақы төлеу орталығына бас маман болып орналасады.
Сол мекемеде табан аудармастан бүгінге дейін қызмет жасады. Мекеменің өсуіне, дамуына зор үлес қосты. Көптеген білікті мамандарды тәрбиелеп шықты. 
Өмір жолында талай лауазымды қызметтерді атқарғанымен кеудемсоқтыққа жол бермеді. Қарапайым, кішіпейіл қалпында қалды. Алдына келген кісіні талғамай, қолдан келгенше қол ұшын берді.
Қолда билік, баста дәурен тұрған кездің өзінде дүниеге қызықпады. Бар мақсаты балаларын оқыту болды. «Менің бар жиған капиталым – балаларым», – деп өзі айтқандай, тұңғышы Жарылқасынды алғаш қазақ-түрік лицейіне түсірді. «Отыз жылдан кейін біздің үйге менен кейін келген балам осы Жарылғасын. Үлкендердің жолымен тұңғыш болғандықтан атасы мен әжесінің бауырына салып бердік.
Бүгінде, Павлодарда тұрады, ұлттық компанияда жұмыс істеп жатыр. Екі немере бар, келінім де жақсы. Гауһар облыстық тілдерді дамыту басқармасында бас маман, Мәдина Астанада «ЦеснаБанкта» жұмыс істейді. Екеуі де тұрмыста, Одан кейін Дихан, қазақ мектебінде жұмыс жасайды», – дейді ағамыз. Анасының көңілін тауып, бабын жасап, отбасының шырайын келтіріп отырған Сақып тәтеміз бірінші санатты санитарлық дәрігер. Өз саласының білікті маманы, зейнетте.
балаларына өнер Несіпхан аға мен нағашы жұртынан дарыған. Нағашы атасы Қасен Іргебаев дәулескер күйші болған. Ертеректе Дина Нұрпейісовамен бәйгеге түскен. Сол бір атадан келе жатқан мұраны бағалай білген әулет өнер десе жанып тұрады.
Әңгіме барысында Несіпхан ағадан «Қызметіңізді жалғастырасыз ба?» деп сұрап қалдым. Ондағы ой – бүгінде зейнеткерлікте болса да, зейнетақыны місе тұтпай, жұмысын жалғастырып жатқан зейнеткер аға-апаларымыз құсап, бұл кісі де біраз отыра ма екен деген ой ғой. 
«Жоқ», – деп шорт кесілген жауап алдым.
«Кезінде еңбек еттім, жақсылармен сыйлас болдым. Қызметімде абыройлы болдым. Алланың осы күнге жеткізгеніне де мың шүкір. Ертең жұмысқа келмеймін. Орныма жас маман бар, сол отырады.
Жастармен таласпаймын. Мен қолымнан келген жұмысты жасадым, халқыма адал еңбек еттім. Енді еңбегімнің зейнетін көрейін. Бау-бақшамды баптаймын, қолда бар азын-аулақ малымды қараймын, балаларымды аралаймын. Ендігі уақытымды немерелеріме арнаймын», – деп түйіндеді сөзін ағамыз.

Сағыныш Әбілова,
«Орталық Қазақстан»

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button