Арал теңізінің түбінен су шықты
Арал теңізінің тартылып қалғаны белгілі. Сол тартылған су қайта келіп жатыр, жергілікті тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Олар бұл жайлы қуана хабарлап, елден сүйінші сұрауда.
Кешеден бері елді елең еткізген жаңалықты алдымен фейсбуктағы “Бесқала қазақтары” тобыннан көзіміз шалып қалды. Кейін Өзбекстандық сайттардың жарыса жазып жатқанына куә болдық. Мәліметке қарағанда, Қарақалпақ елінің Мойнақ ауданы орталығынан 230 шақырым жерде орналасқан Арал теңізінің кеуіп қалған аумағының астынан су шыққан. Су шыққан маңға халық ағылып келуде екен. Олардың арасында Қарақалпақстандық күміс көмей әнші Мақсет Өтемұратов та бар. Әлеуметтік желілерде тарап жатқан суреттерден жергілікті тұрғындардың қуаныштан ән айтып, би билеп жатқанын көреміз. Су шығып жатқан құдықтар саны мен судың көлемі туралы нақты ақпараттар әзірге жоқ.