«Zoodel» – заманауи сауда алаңы
Елімізде «Zoodel» деп аталатын жаңа онлайн сауда алаңы іске қосылмақ. Алаң арқылы кез келген кәсіпкер өз өнімін шетелге оңай әрі тиімді экспорттай алады. Бұл туралы Достық үйінде өткен «Иә, сен экспорттай аласың!» тақырыбындағы бизнес-семинарда айтылды.
«Қазақстандық тауарларды сыртқы нарыққа жылжытуға ықпал ету» мемлекеттік бағдарламасы аясында және ҚР Ұлттық экономика министрлігінің, «НК «КAZAKH INVEST» АҚ, «Атамекен» ҚР ҰКП және өңірлік әкімшіліктердің қолдауымен «Zoodel» еліміздің өңірлерінде бизнес-семинарлар өткізуде. Қарағанды «Zoodel» ат басын тіреген он алтыншы қала. Осындай семинарлар барлығы жиырма қалада өткізу жоспарланған.
Іс-шараның мақсаты – экспорттық операциялар тізбегін тиімді басқаруға мүмкіндік беретін ақпараттық технологияларды пайдалана отырып, отандық экспортты жылжытудың жаңа тетіктерін ұсыну.
Семинар барысында Қарағанды қаласының өндірушілері ТМД және Түркия, Қытай, Индия, Иран, Ауғаныстан, Пәкістан сияқты Жібек жолы елдеріне шығудың жаңа онлайн құралы туралы ақпарат алды. Семинарды ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай құрал шағын және орта бизнесті дамыту мен экспорттау бойынша оқыту, маркетингтік жылжыту, сауда серіктестерін сәйкестендіру, логистика, қауіпсіз төлем, көптілді контент, тендерлерге қатысу және басқа да қызмет түрлерінің толық спектрін ұсынатын халықаралық «Zoodel.com» В2В онлайн сауда алаңы болып табылады. «Zoodel» компаниясының өкілдері жаңа жүйе бойынша тауар өндірушілерге экспорттаудың неғұрлым келешекті әрі экономикалық жағынан тиімді бағыттарын түсіндіріп берді.
Айта кету керек, Қарағанды облысының өткен жылдың соңындағы сыртқы саудасы 4,5 млрд. АҚШ долларын құраған. Облыстың экспорт көлемі 3,3 млрд. АҚШ доллары, импорт көлемі 1,2 млрд. АҚШ доллары көлеміне шығып, 14,2%-ға төмендеген.
Қазақстанның өзге өңірлерімен салыстырғанда Қарағанды облысы ішкі саудада бесінші орынға (үлес 7,2%), экспортта 4-ші орынға (8,9%), өңделген экспорт бойынша 1-ші орынға (22,9%) табан тіреген.
Облыстың жалпы экспортындағы өңделген тауарлардың салыстырмалы салмағы 90%-ды немесе 3 млрд. АҚШ долларын құрап, 0,9%-ға өскен.
Салтанат ИЛЬЯШОВА