Бас тақырып

Жолдың жайы – елдің мұңы

«Қарағанды-Аягөз-Бұғаз» тасжолының 265-320 шақырымы әбден тозып, жарамсыз күйге түскен. Оның азабын жол бойындағы ауыл тұрғындары 14 жылдан бері тартуда. Республикалық маңызға ие жолдың техникалық жолға айналғанына – осынша уақыт! Содан бері ауыр жүк көліктері «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-іне қарасты тау-кен байыту кешеніне күні-түні дамылсыз кен тасып жатыр. Ал, жол сапасы жыл өткен сайын құлдырап барады.

ТОЗҒАН ЖОЛ – ТОЗАҚ

 Республикалық маңыздағы аталған жолдың 265-320 шақырымы Қарқаралы ауданындағы «Кентөбе» кен байыту фабрикасының іргесінен бастап, Шығыс Қазақстан облысының шекарасына дейінгі аралықты қамтиды. Бертінге дейін қос облысты байланыстырып тұрды. Қазір де солай. Бірақ, сапарға шығатындар онымен жүруден саналы түрде бас тартады. «Бір жол бар алыс, алыс та болса жақын, бір жол бар жақын, жақын да болса алыс» деген сөз бар ғой. Тура соның кебі. Бұл – жақын жол. Бірақ, машақаты көп. Қарға адымда шұңқырға кез боласың. Құдды бір соғыс даласы. Жаз болса, шаңнан көз ашпайсыз. Сәл жаңбыр жауса, ми батпаққа айналады. Ілуде бір жүре қалсаңыз, көлігіңізді қыруар ақшаға жөндеуге тура келеді. Сондықтан, айналма жол – анағұрлым тиімді.

Бұл қашанға дейін жалғасады? Мәселенің мәнісін білмекке жолдың иесі саналатын «Қазавтожол» АҚ облыстық филиалы пайдалану және қозғалыс қауіпсіздігі бөлімінің басшысы Аманбай Жәкеевпен тілдескен едік.

– Жолдың бұл бөлігін «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС 2006 жылдан бері техникалық мақсатта пайдаланып келеді. Әу баста күтімде ұстау туралы келісім болған. Бірақ, оның заңды күші жоқ. Сондықтан, біз қатаң талап қоя алмаймыз. Тек, хат жазып, қозғау саламыз. Мәселе шешімін таппай тұр. Жұрт барлық кінә бізде деп ойлайды. Ал, біздің қолымызда алпауыт корпорацияға ықпал етер билік жоқ, – дейді Аманбай Жәкеев.

Рас, компания жолды мүлдем жөндемейді деп айтуға тағы болмайды. Жыл сайын ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалады. Шұңқырлар тегістеліп, топырақ үйіледі. Бірақ, одан пайда жоқ. Мәселенің жалқы шешімі – күрделі жөндеу. Жолды жүк көліктерінің салмағын ескере отырып, қайта төсеу керек. Өйткені, бұл – өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында салынған жол. Ол кезде транспортқа қойылатын талап мүлдем басқа болды. Он тонналық «КамАЗ» көліктері одан көп кейін келді. Ал, қазір 40 тонналық жүк көліктері жүріп жатыр…

ОҚЫС ОҚИҒАНЫ КҮТЕМІЗ БЕ?

Дәл осы жолдың бойында 3 көпір бар. Үшеуі де әбден тозып, құлауға шақ қалған. Жырым-жырым жырық-тесіктерінен өзен суы көрініп тұрады. Көлікпен өткенде дірілдеп, зәре-құтыңды алады. Әйтсе де, оған бас ауыртып отырған ешкім жоқ.

 – Көпірдің жайын айтып, хат жазбаған жеріміз қалмады. Жолды пайдаланушы корпорацияға ескерту жібердік. Прокуратураға, әкімдікке, Көлік комитетіне де хат жолдадық. Бірақ, әзірге қозғалыс байқалмайды. Әрине, бетін аулақ қылсын, алайда, алда-жалда оқыс оқиға орын алса, біз жауап береміз. «Қайда қарадыңдар?!» деген айқай-шу сонда шығады. Оған дейін сан мәрте ескерту жасап, хат жазып, шырылдағанымыз есепке алынбайды, – дейді Аманбай Жәкеұлы.

Күн сайын осы көпірлермен қаншама көлік өтеді. Бұлай жалғаса берсе, бір күні опырылып тынары анық. Сол кезде көпір үстімен жолаушылар көлігі жүріп бара жатса ше?! Қаншама адамның обалына қаламыз! Осы жайт оң шешімін табуы үшін міндетті түрде оқыс оқиға орын алып, адам шығыны болуы керек пе?!

МЕМОРАНДУМ – ДӘРМЕНСІЗ ҚҰЖАТ

2019 жылдың соңында жолдың меншік иесі «Қазавтожол» АҚ Қарағанды облыстық филиалы мен оны пайдаланушы «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС меморандумға қол қойған екен. Құжаттың өзегі – республикалық маңызға ие «Қарағанды-Аягөз-Бұғаз» жолының 265-320 шақырымын пайдалану және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жайы. Онда аталған жол учаскесіне жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттігі де айтылған. Десек те, бұл меморандумның заңнамалық күші жоқ. Бұл туралы құжатта да анық жазылған.

 – Меморандумға отырудың өзі оңай болмады. Он төрт жыл бойы жан-жаққа хат жазып, түрлі келіссөздер жүргізіп барып жеткен жетістігіміз. Бірақ, ол құжат бойынша ештеңе талап ете алмаймыз. Тек, «арамызда осындай келісім бар еді, соның аясында мына жолға жөндеу жұмыстарын жасасаңыздар екен» деген сарында хат жазып, қозғау саламыз, – дейді Аманбай Жәкеев.

Қысқасы, жолдың жайы – елдің мұңы. Ал, елдің мұңы ескерілуі тиіс…

Нұрлыхан Қалқаманұлы

Басқа материалдар

Back to top button