Жоба аясы кеңеюде
Елбасы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» тақырыбындағы Жолдауында өзге салалармен қатар, білім беру мәселесіне баса назар аударды. Бұл орайда Қарағанды облысында да ауқымды шаралар қолға алынуда. Жақында ҚР Білім мен ғылым министрлігінің, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері мен жоғары оқу орнының басшылары Қытай халық республикасына іссапарға барып келген болатын.
Олардың қатарындағы «Серпін – 2050» әлеуметтік жобасы өкілдерінен құралған делегация құрамында Жезқазған Бизнес және көлік колледжінің құрылтайшысы, қалалық мәслихаттың депутаты Бекзат Алтынбеков те болған еді. Қытай елінің оқу орындарымен, білім беру жүйесінің ерекшеліктерімен танысып, тәжірибе алмасу мақсатында барған сапар барысында өзара ынтымақтастықты жандандыру және білім саласында ортақ жаңа жобалар құру жөнінде екіжақты мәмілелер жасалынды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол» бағдарламасы мен Қытайдың «Бір белдеу — бір жол» жобасы аясында екі елдің арасында тығыз байланыс орнату туралы уағдаластыққа қол жетті. Осыған орай, біздің елімізге келген «Бір белдеу — бір жол» әлеуметтік жобасы басқармасының президенті, «Хумей Цзянсу» АҚ басшысы Су Хуэйцзюнь өткен аптада Жезқазғанда болып, «Серпін – 2050» әлеуметтік жобасы бойынша оқып жатқан жастармен кездесулер өткізді. Алғашқы кездесуін Бизнес және көлік колледжінен бастаған құрметті қонақ одан әрі Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінде, оқу орнының өндірістік базаларында болды.
«Серпін – 2050» әлеуметтік жобасы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиялық бағыттарында айқындалған басымдықтарды жүзеге асыруға бағытталған іс-шаралардың бірі саналады. Қазақстанның әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылуы үшін білікті мамандар даярлау мәселесі өзекті міндет болып отыр. Осыған орай, Үкіметіміз ел экономикасын дамытуға жастардың қуатты толқынын жұмылдыру мақсатымен «Мәңгілік Ел жастары — индустрияға» бағдарламасын ұсынған болатын. Осы мемлекеттік бағдарлама аясында «Серпін – 2050» әлеуметтік жобасы өмірге келгені белгілі. Бұл жоба бойынша Оңтүстіктен келетін балаларды техникалық мамандықтар бойынша оқытып, жұмыспен қамту үшін өндіріске орналастыру көзделген. Сонымен қатар, ізгі қадамның демографиялық сипаты да бар. Оңтүстік жастарын Орталық пен Солтүстік өңірлерге қарай тартып, бұл аймақтарда қазақ жастарының шоғырлануына ықпал жасау ойластырылған. Ел болашағын көздеген осы маңызды міндетті жүзеге асыруға «Бір белдеу — бір жол» әлеуметтік жобасының басшысы атбасын бірінші болып бұрған Жезқазған Бизнес және көлік колледжі де лайықты үлесін қосып келеді.
Колледж құрылған 2009 жылдан бастап аймақтағы еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша кәсіптік-техникалық орта білім беруді жүзеге асыруда. Оқу үдерісі «ИСО-2001-2009 стандартының» сапа менеджменті жүйесі негізінде жүзеге асырылуда. Оқытудың дуальды жүйесі енгізілген. Білім мен бизнестің серіктестігі ұштастырылған. Бизнес және көлік колледжі 2015 жылдан бері «Серпін – 2050» бағдарламасын жүзеге асыруға қатысып, жемісті жұмыс жүргізу үстінде. Алғашқы жылы аталмыш бағдарламамен оқыту үшін 50 балаға грант бөлінсе, өткен жылы 30 грант берілді. Грантқа ие болған оқушылар негізінен, теміржол көлігі саласының мамандықтары бойынша білім алуда. Оқушылардың 79 пайызы – Қызылорда, 14 пайызы – Оңтүстік Қазақстан облыстарынан. Жамбыл облысынан келгендері де бар. Колледж жанында 100 балаға арналған жатақхана ашылған. Жастардың алаңсыз оқып, мәдени-бұқаралық шаралармен айналысуына мүмкіндік мол.
Қытай елінен келген «Бір белдеу — бір жол» әлеуметтік жобасы басқармасының президенті Су мырзаны ҚР Білім және ғылым министрлігі «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ «Серпін» Ұлттық жобалар басқармасының жетекшісі Күлзия Тобатаева бастап келді. Мұның алдында олар Павлодарда болып келген екен. Бизнес және көлік колледжіндегі кездесуде жобаға қатысушы елдер арасындағы халықаралық ынтымақтастық пен қарым-қатынас орнатудың мән-жайы кеңінен ортаға салынды.
«Серпін» АҚ ұлттық жобалар басқармасының басшысы Күлзия Тобатаева:
– Биыл «Серпін – 2050» жобасының өмірге келгеніне 3 жыл толады. Әлеуметтік жобаның негізгі мақсаты – Мәңгілік Ел жастарының болашағына жол ашу. Енді «Бір белдеу — бір жол» жобасымен бірлесіп Қытай елінде өндірістік іс-тәжірибеден өтуге, жаңа технология мен бизнесті үйренуге мүмкіндік жасалуда. Қытай елінің білім саласындағы, өндірістегі және бизнестегі жетістіктері айтарлықтай. Дамыған елдің жақсы істерін жастарымыздың бойына сіңіру үшін өткен жылдың қазан айында «Бір белдеу – бір жол» жобасы бойынша ынтымақтастық аясын кеңейту жөніндегі меморандумға қол қойылған болатын. Осыған орай, жобаға қатысушы елдер арасында ақпарат алмасудың тиімді тетігі құрылады, индустрияны дамытуға ғалымдар мен студенттер атсалысады, ғылыми-зерттеу орталықтарымен ынтымақтастық және тығыз қарым-қатынас орнамақшы. «Серпін» бағдарламасымен оқитын жастар өндірістік тәжірибеден өтіп, бизнесті үйрену үшін жоғарыдағы келісім негізінде Қытай еліне барады. Ең алғашқы болып Жезқазған бизнес және көлік колледжінен 30 студентті жіберуді ұйғарып отырмыз. Олар маусым айында барады. Қазіргі басты мәселе, алдағы екі ай ішінде қытай тілін үйренулері керек, – деп, колледж студенттеріне жүктелер сенімнің салмақтылығын сездіріп өтті.
Кездесуге қатысушы жастар «Бір белдеу – бір жолдың» мүмкіндіктерін жете білгісі келіп, көңілдегі сауалдарын да іріккен жоқ. Осыған орай, Қытай елі әлеуметтік жобасы басқармасының басшысы Су Хуэйцзюнь алға қойылған мақсаттарын сыналап отырып жеткізді.
– Түпкі ниет – Қазақстан мен Қытай арасындағы байланысты нығайту. Соған жастарды тарту, бизнеске үйрету, бір-бірімізден үйрену. Бұл әлеуметтік жоба бойынша Қазақстанға қай сала, қандай технология қажет, Қытайда сол бойынша тәжірибеден өтуге болады. Бізде жаңа зауыттар салынуда. Мәселен, инвестиция арқылы Қытай сіздерге бір зауыт салса, жастар сол бойынша тәжірибеден өтіп келуіне болады. Сонда бұл жерге қытай мамандарының қажеттігі болмайды. Бізде білім беру мен бизнес қатарласып бірге жүреді. Осы бағытты сіздерге үйретіп, таратқымыз келеді. Жалпы біз осы жоба негізінде 30 мемлекетпен қарым-қатынастамыз. Болашаққа сіздермен де бірге қадам жасасақ дейміз.
Осы бағытта өрбіген әңгімені Жезқазған Бизнес және көлік колледжінің құрылтайшысы Бекзат Алтынбеков қорытындылады. Жастарға үлкен жауапкершілік жүктеліп отырғанын алға тарта сөйлеген ол «Серпін – 2050» жобасы бойынша білім алып жатқан жастардың басты мақсаты диплом алып, ауылына қайту емес. Осы Жезқазған жерінде қалып еңбек ету. Кенді өңірдің келешегіне үлес қосу. Қытай елінің логистикадағы жетістіктері мен тоқыма технологиясын үйреніп, осында әкелуге болады. Өңірде жаңа өндірістер ашуға талпыныс қажет. Оған колледжде оқитын серпіндіктердің қабілет-қарымы жететіндігіне сенім білдірді. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» ретінде Қытай еліне тәжірибеден өтуге 30 баланы жіберуге мүмкіндіктерінің мол екенін жеткізді.
Қытайлықтарды колледж ұжымы қазақтың қос ақбоз үйін тігіп, шашу шашып қошеметпен қарсы алды. Келін түсіру, «беташар» айту сияқты ұлттық салт-дәстүрлерімізді паш етті. Киіз үйде дастарқан жайылып, қазақы қонақжайлық үлгісі көрсетілді. «Ақ әжелер» ансамблі және Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғалым Мұхамедин халық әндерін әуелетсе, дәулескер күйші Жалғас Сәдуақасов қытайлықты күй құдыретімен тамсандырды. Атымтай жомарт атанған Бекзат бауырымыз бұл жолы да жолдан жығылмай, Су мырзаға шапан жауып, ел тарихымен өзектес кәдесый ұсынды. Бірге келген қонақтар да сый-сияпаттан құр қалған жоқ.
Амандық РАХҰЛЫ.