Спорт

Жерлестеріміз жерге қаратпады

Күншығыс еліндегі ІХ қысқы Азия ойындарынан отандастарымыз жарқын жеңіске қол жеткізіп, ел қоржынын жүлдемен еселеуде. Ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен қос қарағандылық хоккейші Александр Борисевич пен Андрей Буяльский де қысқы Азияда ойындарының алтынын тақты. Күні кеше жерлесіміз биатлоннан сынға түскен Владислав Киреев алтын алды деп сүйіншілеп едік, бұл жолы ерлер құрамасы сапында қола жүлде, яғни, Азиядағы екінші жүлдесін жеңіп алды. Демек, Қарағанды спортшылардың бұл сайыста ұпайы түгел.

Сурет ҚР Туризм және спорт министрлігінен

Шайбалы хоккейден ерлер құрамасы қарсылас шақ келтірмеді. Алғашқы ойыннан бастап, бірде-бір ойында жеңілмей, финалға шыққан еді. Жартылай финалда 3:1 есебімен Қытайды, ақтық бәсекеде 5:0 есебімен Жапония құрамасын тас-талқан етті. Финалдық ойында «Сарыарқа» хоккей клубының ойыншысы Андрей Буяльский ойынның 17-ші минутында бірінші шайбаны салып, көзге түсті. Ал, әйелдер құрамасы ақтық сында Оңтүстік Корея құрамасын 0:3 есебімен жеңгенімен, жапондардан ұпай айырмашылығымен ІІ орынға табан тіреді.

Осыдан бірнеше күн бұрын биатлоншы Владислав Киреев ел қоржынына үшінші алтынды салған еді. Арасын суытпай биатлоннан ерлер құрамасы эстафеталық сайыста күміспен күптелді. Команда сапында жерлесімізден бөлек, Әсет Дүйсенов, Александр Мухин, Кирилл Бауэр сынды спортшыларымыз бар.

Әйелдер арасындағы эстафетада (4×6 км) Ұлттық құрама мәреге үшінші келіп, қола жүлдегер атанды. Құрама сапындағы Ольга Полторанина, Арина Крюкова, Дарья Климина мен Елизавета Белецкая сынды спортшыларымыз көптің ықыласына бөленді.

Шаңғы жарысынан да Қазақстан командасы осал болмады. Шаңғышылар қысқы Азияда ойындары басталғанда жақсы жетістіктерімен көзге түскен еді. Бұл жолы әйелдер командасы арасындағы эстафетада мәреге екінші болып келді. Жарыс жолына Камила Елғазинова, Ксения Шалыгина, Ангелина Шурыга мен Надежда Степашкина сынды спортшыларымыз шығып, сәтті өнер көрсетті. Ерлер құрамасы мәре сызығын үшінші болып кесіп, қысқы Азия ойындарының қола жүлдегерлері атанды. Құрама сапында өнер көрсеткен спортшылардың қатарында Константин Борцов, Наиль Башмаков, Олжас Климин мен Владислав Коволёв болды.

Мәнерлеп сырғанаудан ерлер арасындағы жекелей сында Михаил Шайдоров қола медаль жеңіп алды. Ол жарыстың соңғы күнінде еркін бағдарлама бойынша өнер көрсетіп, 169.26 ұпайға ие болды. Бұған дейін қысқа жаттығуда 76.75 балл жинап, жалпы 246.01 ұпаймен үздік үштіктің қатарына тұрақтады.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button