Жерлестер жүлдемен оралды
Алматыда классикалық парашют спорты мен топтық акробатикадан Қарулы күштер арасындағы XXX ашық ел чемпионаты өтті. Сарбаздар додасында облысымыздың құрамасы қанжығаға бес алтын, үш күміс және алты қола байлады
Республикалық деңгейде ұйымдастырылған додаға 51 спортшы қатысты. Оның жетеуі – әйел. Ал, Қарағанды облысының намысын қорғауға Алатау бөктеріне 12 спортшы барды. Араларындағы ең жасы – Сабыр Сұлтанов. Жасы – он алтыда. Осы спортпен айналысуды бастағалы бері парашютпен 200 рет секірген. Ел чемпионатында жасөспірімдер санатында бақ сынады. «Жеке қону» және «Топтық акробатикадан» екі қола медаль алды.
Ренат Сұлтанов, Сергей Жолдин және Антон Шарафутдинов белгіленген нүктеге дәл қонып, қола медаль жеңіп алды. Біздің құраманың қоржынындағы екі алтын мен бір күмісті Сергей Жолдин әкелді. Ол қону дәлдігіне және акробатикалық фигуралар кешенімен жеке секірулерді сәтті орындап, қос сайыста Қазақстанның абсолютті чемпионы атанды.
Ал, әйелдер арасында Алена Кирда ерекшеленді. Ол белгіленген жерге дөп түсіп, ІІІ орыннан көрінді. Ренат Сұлтанов, Сергей Жолдин және Антон Шарафутдинов ІІІ орынға ие болып, ел чемпиондары атанды.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz