Жерлесіміздің жетістігі көңіл қуантады
Астанада жеңіл атлетикадан «World Indoor tour – Astana Indoor Meet» турнирі өткен болатын. Аталмыш турнирде өнер көрсеткен қарағандылық Давид Ефремов «алтын» сериясында бақ сынап, рекорд орнатты. Ал, тағы бір отандасымыз Надежда Дубовицкая биіктікке секіруден сынға түсіп, ел қоржынына күміс жүлде салды.
Жерлесіміз 60 метр қашықтықты кедергілер арқылы 7.59 секундта жүгіріп өтіп, бұған дейін Қазақстан спортшылары қойған жеке рекордты жаңартты. Бірақ, жерлесіміз аталмыш турнирде IV орынға табан тіреді.
– Astana Indoor Meet – World Indoor tour сериясының турнирі Азия аумағында алғаш рет өтіп отыр. Бұған дейін Бостон, Нью-Йорк, Мадрид, Льевен, Торунь және Острава секілді әлемнің ірі жеті қаласында ғана өтетін. Осы турнирге қатысу мүмкіндігіне ие болғанымыз үшін қуаныштымын. Әлемдік деңгейдегі спортшылармен бірге турнирге қатысудың өзі үлкен мәртебе. Ал, Давидтің осындай турнирді алғаш рет бақ сынап, жақсы нәтиже көрсетуі үлкен жетістік, – деді Қарағанды облысының жеңіл атлетикадан аға жаттықтырушысы Андрей Агеев.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz