Жерлесіміз жайлы жинақ жарық көрді

     Арқаға сүйіншілі хабар жетті! Қайтқан құстың қанатымен келген ақжолтай хабарда Халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымының Бас хатшысы, жерлесіміз Дүйсен ҚАСЕЙІНОВТІҢ 70 жасқа толу құрметіне орай, әзірбайжандық бауырлар «Дүйсен Қасейінов-70» атты кітап жарық көргені айтылады.

«АЗЕРТАДЖ» ақпарат агентігінің хабарлауынша, жақында Әзірбайжан астанасы Бакудегі «Ататүрік» орталығында аталған кітаптың тұсаукесер рәсімі өткен. Жинақтың жарық көруіне Түркі халықтарының мәдениеті мен мұрасы жөніндегі Халықаралық қоры және Әзірбайжандағы «Ататүрік» орталығы мұрындық болған көрінеді.

Әзірбайжан Президенті Ильхам Әлиевтің Дүйсен Қасейіновті «Достлуг» орденімен марапаттау туралы басталатын кітап қайраткер тұлғаның 70 жылдық ғибратты ғұмырын қамтиды. Жерлесіміздің тұтас Түркі дүниесінің бірлігін нығайтудағы еңбегі, оның түркітілдес мемлекеттер арасындағы абырой-беделі туралы портреттік мақалалар мен естеліктер кітап салмағын арттырып тұр деп атап өтеді «АЗЕРТАДЖ» агенттігінің тілшісі.

Бауырластардың қазақтың қайраткер ұлына көрсеткен құрметі мұнымен шектелмейді. Қазақстан мәдениеті мен өнерінің Әзірбайжандағы күндері аясында өткен бағдарлама барысында Дүйсен Қасейінов Түркі мәдениетін өркендетуге қосқан үлесі үшін Әзірбайжан Республикасының естелік медалімен марапатталды.

Туысқан Әзірбайжан халқының қазақ ұлына деген риясыз ықыласына риза бола отырып, көңіл көкжиегіне «Біз жерлесіміздің мерейтойына қандай құрмет көрсетер едік?» деген сауал қонақтай қалды.

ӨЗ ТІЛШІМІЗДЕН.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.