Білім

Жерлесіміз үздік жоба авторы атанды

Сарандағы №1 мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі Ольга Ревтова «Педагогикалық идеялар панорамасы – 2023» республикалық байқауына қатысып, І орын иеленді. Жерлесіміз аталмыш байқаудың «Цифрлық сауаттылық» аталымы бойынша интерактивті плакаттар арқылы балаларды оқыту авторлық жобасын ұсынып, үздік атанды.

Сурет: облыс әкімдігінің сайтынан

Ольга Ревтов бұл мектепте 1993 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ұстаздық жолды таңдауға анасы үлкен септігін тигізген. Мектеп қабырғасында жүргеннен-ақ өзінің болашақ мамандығын таңдап қойған көрінеді.

– Осы салаға келуіме анам себепкер болды. Анам өмір бойы бастауыш сынып мұғалімі болды. Ал, интерактивті плакаттарды алғаш рет пандемия кезінде жасай бастадым. Балалар қашықтан болғандықтан оларға қолжетімді, әрі жаңа тақырыптарды түсіндіре алатын қызықты әдіс қажет болды. Алғашқы үлгісіне 2-3 сағат уақыт кетті. Бірақ, нәтижесі көңілімнен шықпады. Кейін олқылықтардың орнын толтырып, ойымдағыдай жасап шықтым. Қазір бұл плакаттарға тек оқушылар ғана емес, ата-аналар да қатты қызығушылық танытуда, – деді ұстаз.

Содан бері интерактивті плакаттар Ольга Ревтованың басты құралына айналды. Тіпті, оқушылар да тапсырмаларды ынтамен орындайтынын жасырмады. Оқушылар интерактивті плакаттар арқылы тек сабақ өтіп қана қоймай, өткен сабақтарын еске түсіріп, түрлі тапсырмалар орындап жүр.

– Бір сабақтың материалын бір плакатқа сыйдыра аламын. Слайд пайдаланудың қажеті жоқ. Бір жақсысы кез-келген сабаққа және кез-келген жастағы балаларға қолдануға болады. Байқауға сабақтарымның бейне презентациясын жіберген болатынмын. Онда интерактивті плакаттар арқылы балалармен жұмыс істеудің түрлі әдістерін көрсеттім. Өзім байқауда жаратылыстану бағыты бойынша күрделі тақырыптардың бірін алған едім. Бұл жобам облыстан да, республикадан да үздік шықты, – деді Ольга Ревтова.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button