АймақБұқар жырау

Жерлес қаламгерлерлермен жылы жүздесу

Бүгін аудандық орталық кітапханада «Сөз өнеріндегі өлкетану» атты мазмұнды рухани-әдеби кеш ұйымдастырылды. Шара жоғары деңгейде өтіп, оқырман мен қаламгер арасындағы байланысты нығайтуды, жергілікті авторлардың шығармашылығын кеңінен насихаттауды мақсат етті.

Сурет ұйымдастырушылардан

Кеш барысында жерлес қаламгерлер Аман Жағдаұлы Жанғожин, Мүгүлсім Ғұбайдуллақызы Шибаева, Бәткен Қабыкенқызы Раисова және Сұлтан Дәулетханұлы өздерінің шығармашылық жолы, әдебиетке келу кезеңдері мен ізденістері туралы әсерлі әңгімелер айтып, оқырмандармен ашық пікір алмасты. Олар жастарға бағыт-бағдар беріп, пайдалы кеңестерімен бөлісті.

Шараға қатысқан көрермендер де белсенділік танытып, қаламгерлерге сауалдар қойып, өз ойларын ортаға салды. Әсіресе, Ерубаева Айгүлдің белсенділігі ерекше атап өтіліп, Мүгүлсім Ғұбайдуллақызы оған ризашылығын білдіріп, «Тағдырым, ризамын саған» атты кітабын авторлық қолтаңбасымен табыстады. Бұл сәт кештің ең әсерлі тұстарының бірі болды.

Кеш соңында аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі директорының міндетін атқарушы Жумкенова Г.К. сөз сөйлеп, шараның маңыздылығына тоқталып, қонақтарға алғыс білдірді. Қатысушыларға құрмет көрсетіліп, естелік сыйлықтар ұсынылды.

Іс-шараның жалғасы ретінде ақпараттық-библиографиялық сектор меңгерушісі Рахимова Б.Т. қаламгерлер еңбектерін заманауи талаптарға сай электронды форматқа көшіру рәсімін ұйымдастырды. Бұл бастама шығармаларды кең аудиторияға қолжетімді етіп, оқырман қызығушылығын арттыруға ықпал етпек.

Жалпы, кеш мазмұнды әрі әсерлі өтіп, қатысушыларға ерекше рухани серпіліс сыйлады. Осындай игі шараға атсалысқан барша қонақтарға шынайы алғыс білдіреміз.

Ержан ИМАШ,
Бұқар жырау ауданы

Басқа материалдар

Back to top button