Жергілікті полицияның жүйелі жұмысы
Балқаш қаласындағы Жергілікті полиция қызметі басшысының міндетін атқарушы, полиция майоры Нұрлан Кәрім жұртшылықпен жүздесіп, өткен жылы атқарылған іс-шаралары туралы баяндады.
Жергілікті полиция қызметі іске кіріскеннен бері оның тиімділігі бірден байқалды. Халықпен тығыз байланыс жасап, жүздесуге, әңгіме-дүкен құруға, ақпарат алуға мүмкіндік туды. Нәтижесінде, қаладағы 38 учаскелік бөлімшенің қызметкерлері өздеріне бекітіліп берілген аумақтарда тыңғылықты жұмыс жасап, халықтың алаңсыз еңбек етіп, тынығуына, балалардың ойын-күлкісінің бұзылмауына мүмкіндік жасады. Қоғамдық тәртіп бұзушылардың арасында ішімдік ішіп, «шатақ шығарғандар» жиі кездеседі. Бұлардың саны 2438-ге жетіп отыр. Отбасы, тұрмыстық қарым-қатынасына байланысты да тәртіп бұзушылар кездеседі. Қаладағы 241 бейнебақылау арқылы 3736 құқық бұзушылық анықталып, дер уақытында шара қолданылды. Әрине, мұның ішінде жол қауіпсіздігі ережелерін бұзғандар жиі кездеседі. Өмір болған соң тонау, ұрлық-қарлық, зорлық, төбелес кездеседі. Міне, осының бәрінде жергілікті полиция үнемі қырағы күзетте жүріп, тіпті, алдын алу шараларының нәтижесінде бірнеше теріс әрекет, пиғылдылардың жолын кесті. Арнайы жүргізілген рейд нәтижесінде жасөспірімдердің бұзақылық жасағаны анықталып, шара қолданылды. Әкімшілік жауапқа тартылғандар өздерінің қателіктерін бірден мойындап, келешекте қайталамауға уәде береді.
Жұртшылық арасында халықтың полицияға деген сенімінің азайғаны жөнінде жиі айтылады. Ал, Жергілікті полиция қызметінің нәтижесі халықпен тығыз байланыс жасау арқылы қылмыстың алдын алуға, құқық бұзушылыққа жол бермеуге мүмкіндіктің бар екенін дәлелдеп отыр.
Оралбек ЖҮНІСҰЛЫ
БАЛҚАШ қаласы.