Теміртауда қараусыз жатқан аумақ жаңа саябаққа айналды
Қала күні қарсаңында Теміртаудың 9-шағынауданында жаңа қоғамдық кеңістік ашылды. Бұған дейін қараусыз жатқан аумақ абаттандырылып, «Жасыл Теміртау» саябағына айналды.

Жаңа саябақ қалалық прокуратураның бастамасымен, қала әкімдігі мен Qarmet компаниясының қолдауымен «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында қолға алынған. Мұнда 2 мыңнан астам ағаш отырғызылып, 80 саябақ шамы мен 25 орындық орнатылған. Балаларға арналған ойын алаңдары да қарастырылған.

Саябақтың ашылу рәсіміне Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, облыс прокуроры Мұрат Тілеубердиев, Qarmet компаниясының басқарма төрағасы Петр Трушин, қала ақсақалдары мен еріктілер қатысты. Олар жаңа саябақ аумағына тал егіп, абаттандыру жұмыстарына атсалысты.

– Бұл – жақсы бастама. Алдағы уақытта да қаланы дамыту және абаттандыру жұмыстарын жалғастырамыз. Басты мақсатымыз – тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Облыс әкімі Теміртауда қалалық инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасатынын атап өтті. Сондай-ақ қаладағы металлургия комбинатында ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.
Облыс прокуроры Мұрат Тілеубердиев жаңа саябақ тұрғындардың сүйікті демалыс орындарының біріне айналатынын жеткізді. Оның айтуынша, мұнда қала тұрғындары серуендеп, тынығып, балаларымен бірге уақыт өткізе алады.
Саябақтың ашылуына қала тұрғындары да қуанышпен қатысты. Ауыр атлетикадан спорт шебері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 81 жастағы Айтжан Исақов жаңа қоғамдық кеңістік үшін алғысын білдірді. Теміртауда 1958 жылдан бері тұрып келе жатқан спорт ардагері қаланың жылдар ішінде айтарлықтай өзгергеніне куә болғанын айтты.

– Біз өте қуаныштымыз. Қалада жастар мен қарттардың демалуына арналған осындай орындар көбейе берсе екен дейміз, – деді Айтжан Исақов.
Жаңа саябақтың ашылуы Теміртауда қоғамдық кеңістіктерді көбейтіп, тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстардың жалғасы болды.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



