ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ – ХАЛЫҚТЫҚ ПОЛИЦИЯ

    2016 жылғы 10 қарашада «Нұр Отан» партиясы Қарағанды филиалының ақ залында облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясы «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалымен, Қарағанды облысы ішкі істер департаментімен және әкімдігімен бірлесе отырып, жергілікті полиция қызметінің тиімділігін арттыру бойынша білікті пікірлерді тыңдап, ұсыныс жасау мақсатында дөңгелек үстел өткізді. Оның жұмысына облыстық мәслихаттың хатшысы Рысқали Әбдікеров, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты Қадиша Оспанова, сондай-ақ, облыстық басқармалар мен ұйымдар басшылары қатысты.

Оның жұмысын облыстық мәслихаттың депутаты, облыстық мәслихаттың заңдылық және азаматтар құқығы жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Жанна Штергер жүргізіп отырды.

«100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының жүзеге асыру бойынша жыл басында құрылған жергілікті полиция қызметі қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде жаңа форматқа көшіп отыр.

Қызметтің бағыныштылығы жергілікті қоғамдастыққа бағындырылған, ал, әкімдер жергілікті полиция алдына мәселелер қойып, оның орындалысын бақылайды. Жергілікті полиция басшысы тұрақты түрде мәслихаттар мен тұрғындар алдында есеп беруге міндетті. Кейінгілері осы есеп бойынша олардың жұмысына баға береді.

Есеп қорытындысы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. Жұмысты бұлайша ұйымдастыру жергілікті полицияның жергілікті атқару органдарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп, аталмыш қызметтің барысына қос бірдей бақылау жүргізуге жол ашады.

Мұның өзі, сөз жоқ, жұмыстың ашықтығына бастайды.

Дөңгелек үстелдің модераторы елді ашық пікірге шақырды:

Бүгін депутаттар – облыстық мәслихаттың заңдылық және азаматтар құқығы жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшелері жергілікті полиция қызметінің жұмыс орындарында болып, полиция қызметкерлерімен әңгіме-дүкен құрып, назар аударатын бірқатар мәселелердің баршылығын анықтап қайтты.

Депутаттық корпусымыз кеше №5451 Ұлттық ұланның «Орталық» өңірлік басшылығында болып, ел тыныштығын қалай күзетіліп отырғандығын өз көздерімен көріп қайтты.

Жергілікті полиция қызметінің жаңа қоғамдық институты санатына сай бірқатар мәселелер алдан шықты. Соған орай, қолымызда бар нәтижелерге қарап, бір тоқтамға келуіміз керек. Білікті ұсыныстарды елеп-екшеп, полиция жұмысын одан әрі тиімді болуы үшін тиісті республикалық органдарға, Қазақстан Республиксы Парламентінің Мәжілісіне жіберетін боламыз.

Ақпарат ретінде 2016 жылға арналған облыстық мәслихаттың жоспарына сәйкес алдағы желтоқсан айында өтетін кезекті Ү сессияда жергілікті полиция қызметінің есебі тыңдалатынын және баға берілетінін айта кетейік.

Мұнан кейін дөңгелек үстелге жиналғандарды облыстық мәслихаттың хатшысы Р.Әбдікеров құттықтап, қатысушылар жұмыстарына жеміс тілеп, мұндай алқалы жиындардың алдағы уақытта да ұйымдастырылатынын алға тартты. Ал, облыстық әкімдік аппаратының мемлекеттік-құқық жұмыстары бөлімінің басшысы Б.Әйешев жаңадан құрылғанына қарамастан жергілікті полиция қызметінің қыруар жұмыс атқарып отырғанын тілге тиек етіп, барлық деңгейдегі әкімдіктердің қолдан келгенше қолдау көрсететініне, қаржыландыру мәселесіндегі іркілістердің кезең-кезеңмен шешілетініне тоқталды.

Расында да Елбасымыздың Ұлт Жоспарында айтылғандай, құқық тәртібі және заңдылық атты екінші реформаның мәні заңдарды қатаң орындап, құқық тәртібін нығайту арқылы азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарын қамтмасыз ету болып табылады. Ұлт Жоспарының 30-қадамында көрсетілгендей, бұл жерде жергілікті полиция қызметіне де үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті қорғау, әкімшілік құқық бұзушылық істері бойынша өндіріс, хаттама түріндегі қылмыстық әрекет бойынша сотқа дейінгі тергеу, ішкі істер органдарының арнайы қабылдағыштары мен қабылдап-тарату орындарында құқық бұзушыларды ұстау. Сонымен қатар, жергілікті полиция қызметіне жедел жағдай жөнінде келіп түскен ақпараттарды сараптау мен жинақтау, қылмыстар, қоғамдық тәртіпті бұзу, апаттар мен басқа да төтенше жағдайлар жөніндегі хабарламаларға кідіріссіз әрекет ету, кезекші тәуліктерде қылмыстарды «ізін суытпай» ашу міндеттері нақ осы жергілікті полицияға жүктеліп отыр. Осыған орай жергілікті полицияны халықтық полиция десек те болады. Жергілікті полиция – көшелер мен басқа да қоғамдық орындарда құқықтық тәртіпті сақтау, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықты оңалту арқылы халыққа жақын бола түседі. Бұл орайда, кез келген азамат даулы жағдайларда бейнебақылау камераларынан, бейнежетон және автокөлік бейнетіркегішіне жазылған бейнетаспаға сұрау сала алады. Күн сайын ауысым аяқталғанда инспекторлар құрамы бейнетіркегіштерді тапсырады. Жергілікті полиция құрамына: учаскелік полиция инспекторлары кәмелетке толмағандар істері бойынша бөлімшелер, табиғат қорғау полиция бөлімшелері, әйелдерді зорлықтан қорғау бөлімшелері, әкімшілік-тұтқындалған адамдар үшін арнайы қабылдағыштар және тұрғылықты жері мен құжаттары жоқ адамдар үшін қабылдап-тарату, жол-патрульдік полициясы енген.

Жергілікті полиция қызметі өңірлік ІІД құрамында құрылып отыр. Ең маңыздысы, жергілікті полиция ІІМ бірыңғай орталықтанған жүйесінде қалады. Қазіргі таңда жергілікті полицияның міндеттері мен құқықтары ІІМ қолданылатын заңдармен бекітілді. Олар да ІІМ жүйесінің қызметкерлері құқықтық дәрежесіне ие. Олардың қаржылық және материалдық-техникалық жағдайлары бұрынғыдай болады. ІІМ жүйесі қызметкерлеріне қарастырылған жеңілдіктер беріледі.

Ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап «5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарын орындаудың жүзеге асу кезеңі басталып кетті.

Қарағанды облысы ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің басшысы Жалғасбай Жақаев өзі басшылық жасап отырған мекеменің өткен кезең ішінде атқарған жұмысына тоқталып, іркіліп қалған бірқатар мәселелерді жиналғандар талқысына салды.

Қазірде көпшілікке мәлім болғандықтан, жергілікті полицияның құрылу барысын тәпіштемей-ақ қояйын. Бүгінде толыққанды жұмыс істеп отырған құрылымбыз. Шын мәнінде, бәрін құрғақ жерден бастадық. Әкімдікпен келісе отырып, өз Ережемізді, ағымдағы жылы орындалатын негізгі ұйымдық шараларымызды, жеке құрамдарымыз бен оның басшыларын, олардың біліктілік талаптарын бекіттік, күнделікті аппараттық кеңес өткізуді енгіздік. Қабылданған бұл шаралар өңірдегі жағдайды айтарлықтай сауықтыра түсті. Дегенмен, бүгінгі дөңгелек үстелде қаралып отырған біраз күрмеулі мәселелерді алға тартпасақ тағы болмайды. Іс алға жылжысын десек жаңа құрылымға жанды көмек керек болады.

Өткен кезең ішінде ауыр және аса ауыр қылмыс түрлері (-0,5%), қасақы өлім (-5,7%), шабуыл жасау (-26,5%), ұрлық-қарлық (-20,1%),бұзықтық (-39,8%) қысқарды. Жол-көлік апаттары 15,2% (656-дан 556-ға) төмендеді, ондағы өлім-жітім оқиғалары 17,7% (124-тен 102-ге) қысқара түсті. Қоғамдық орындар мен көше қылмыстары айтарлықтай кеміді.

Жергілікті полиция учаскелік инспекторларының қатысуымен өткен кезең ішінде 3,5 қылмыс ашылды, жауапкершілікке 65699 адам тартылды. Қадағалау ережесін бұзғаны үшін 110(+7,8%) адам жауапкершілікке тартылды.

Қылмыстық-атқару департаменті жүйесімен бірлесе отырып, қылмыстық жазасын өтеу орындарынан босаған адамдарды жаңа өмірге бейімдеу бойынша Қарағанды, Жезқазған, Теміртау және Балқаш қалаларында 6 кабинет ашылды. Алдағы уақытта Қарағанды және Сәтбаев қалаларында тағы да үш кабинет ашу жоспарланып отыр.

Жасөспірімдер қылмысының алдын алу бойынша да жоғары оқу орындарының басшылығымен бірлескен жұмыс атқарылуда. Студенттер қалашығындағы тәртіпті сақтау бойынша 7 студенттік отряд жұмыс істейді.

Профилактикалық жұмыстарға азаматтарды тарту жақсы нәтиже береді. Қоғамдық көмекшілер арқылы 100 қылмыс ашылып, мыңнан астам қылмыстың алдын алу мүмкін болды. Бізде мұндай 130 құрылым жұмыс істейді.

Жергілікті тұрғындармен басқосу да өз нәтижесін беруде. Өткен кезең ішінде осындай 1800 басқосу өтіп, 68 мың адам қамтылды. Тұрғындар тарапынан түскен 1121 ұсыныс қаралып, әкімшілік өндіріске 48 материал алынды. Әйелдерді зорлықтан қорғауда 13 мемлекеттік емес мекеме нақты көмек көрсетуде. Мемлекеттік ұйымдармен бірлесе отырып, бұл ұйымдар 104 тренинг өткізіп, оңалту орталықтарына 172 балалы әйел жіберілді.

Іс тетігін кадр шешетіндігі түсінікті. Соған орай, бұл жерде осы мәселені көтергеніміз орынды болар. Ұйымдық-талдау қызметінің болмауы жұмысты ұйымдастыру мен басқару қызметіне айтарлықтай кедергі келтіруде. ЖПҚ (жергілікті полиция қызметі) өңірлік буындарында шиеленісті жағдай қалыптасып отыр. Бұл мәселені алдағы жылдары шешу мәселесі ойластырылып отыр. Алайда, бұл мәселе бүгінде ашық қалуда. Қызметтің штаттық кестесі бекітілген нормаға сәйкес келеді. Қосымша штатқа адам алу мүмкін емес. Бұл жерде ұйымдық-талдау жұмыстарының 26 бірлігінің әкімшілік практикасының буындарына берілгендігі санатқа алынып, ескерілмей отыр.

Сондай-ақ, өз шешімін таппай отырған мәселенің бірі – ЖПҚ қызметкерлеріне көрсетілетін әлеуметтік кепілдіктер мен өтемақылар дер едік. Әкімшілік учаскелердегі полиция инспекторлары тұрғын үймен қамтамасыз етілмей келеді. Бүгінде 109 учаскелік инспекторларымыздың өз баспаналары жоқ. Ащы да болса бір шындықты айта кетейік. Осындай себеппен жұмыс істейтін жерде тұрмайтын инспекторлар да бар. Ал, тұрғылықты жерде баспанасыз жүргендері қаншама? Мәселен, Абай ауданында – 11, Топарда -10, Бұқар жырау ауданында – 11, Тельманда – 13, Осакаровта – 9, Нұрада – 18, Қарқаралыда – 14, Ақтоғайда – 13, Ұлытауда – 3, Жаңаарқада – 6 Шетте – 8 учаскелік инспекторымыз тентіреп жүр. Бұл мәселе қалада қалай өткір тұрса, ауылдық жерде шешімін табар емес.

Мәселен, жақында ғана Осакаров ауданында өткен басқосуда ЖПҚ басшылығына учаскелік инспектордың тұрғылықты жер бойынша тұрмайтынына наразылық білдірілді. Егер қызметтік тұрғын үй бөлінбесе, материалдық көмек беру мүмкін болмаса, ең құрығанда тұрғын үй өтемақысы төленуі керек ғой.

Бұл мәселенің шешілуі тағы бір мәселені өздігінен шешер еді. Олардың үштен бірі лауазымдық қызметтерінде бір жыл да істемейтіні жасырын емес. Мұның өзі учаскелік инспектор мен халық арасындағы байланыстың үзіліп қалуына негізгі себеп болып отыр. Осы мәселе алдағы желтоқсан айында өтетін облыстық мәслихатта өз шешімін табады деп сенеміз. ЖПҚ қызметкерлері үшін қаралған қоғамдық транспортта тегін жүруі де жауыр тақырып болуға айналды. Учаскелік полиция бекеттері мен жол-патруль қызметінің материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі де өз деңгейінде деп айту қиын. Бүгінде өңіріміз бойынша 106 учаскелік бекет ғана транспортпен қамтамасыз етілген, жиһазбен қамтылуы 10 пайызды құрайды, компьютерлік қамтылуымызбен де мақтана алмаймыз – 16 пайыз. Бұл мәселе, әсіресе, ауылды жерде орнынан қозғалар емес.

Мәселен, Осакаров және Нұра аудандарының әрбір екінші инспекторының дербес компьютері жоқ, ал, Ақтоғай ауданындағы бекетімізде 2-ақ компьютер бар.

Жергілікті жердегі бекеттеріміз сол жердегі әкімдіктердің ғимараттарында орналасқан. Олардың кіріп-шығатын дербес есіктері жоқ. Олардың өзі жөндеуді қажет етеді.

Облыс әкімдігінің қолдауымен 23 автокөлікке ие болдық. Өкінішке қарай, оның жыртығымызға жамау бола алмайтынын айта кетейік.

Бұл мәселелердің белгілі бір қаржы ресурсын талап ететінін түсінеміз. Бұл мәселелерге қалаларда төзімділік танытуға болса да, ауылды жерде жедел шешу қажет. Бұл жерде жер шалғайлығын есте ұстау керек болады. Бейнежетон бөлу мәселесі де өз шешімін күтіп тұр.

Жұмыссыздық, бос жүрушілік, әлеуметтік келеңсіздік тәртіп бұзушылықтың негізгі көзі болып қалуда. Оны бір ғана полиция акцияларымен шешу мүмкін емес. Биылғы қылмыс жасаған 6783 адамның 82,3%-ы (5584) ешқайда жұмыс істемейтіндер, ешқайда оқымайтындар. Жазасын өтеген 680 адамның 106-ы ғана оңалту орталықтарынан өткен. Кейінгі үш жылда облысымыз бойынша бұрын сотталған 607 адам өтсе, солардың 220-сы ғана жұмысқа іліккен.

Кейбір заңдар базасының соқылдақтығынан біздер аса қауіпті қылмыскерлерді ауыздықтауда қиыншылықтар шегеміз.

Бұл мәселелерді әртүрлі деңгейдегі талай жиындарда көтердік. Алайда, күні бүгінге дейін шешімін таппай келеді.

Сондай-ақ, заңнамалық деңгейде әкімшілік материалды сотта қараудан бұрын 48 сағат ұстау сынды жаза қаралмаған. Әкімшілік хаттама жасағаннан кейін полиция қызметкерлері оларды босатуға мәжбүр болады. Ал, олар болса босағаннан кейін зәбір көрушіні қайта жәбірлей алады. Денеге ауыр жарақат салу оқиғасы кездесті. Олай болса бұл заңдылыққа да өзгерту кіргізу керек болады.

Жандос Шаменов, облыстық прокуратураның бірінші басқармасының прокуроры:

Бүгінде штат бойынша учаскелік полиция инспекторларының ұзын саны – 607. Қалалық аға инспекторлардың жүктемесі 2300 адам болса, ауылдық жерде -1800 адам. Жыл басында біздің өңірімізде адам саны 1052708-ге жетті. Норма бойынша жұмыс істейтін болсақ бізге әлі де 63 аға инспектор, 31 көмекші жетіспейді. Аға инспекторлардың өз жүктемелерінен ажыратылып, басқа жұмыс істеген фактілері кездесіп отыр. Көмекшілерге әкімшілік заң бұзушыларды алып жүру, материалдарын сотқа апару сынды құқықтар беру керек болады.

Татьяна Абрамова, «Мир добра» қоғамдық ұйымының төрағасы:

Біздің ұйым – жас ұйым, 2012 жылдан бері істейді. Басты міндетіміз қиын жағдайға тап болғандарға көмек көрсету. Мақсатты тобымыздың аясы кең. Мектеп жасындағы балалардан бастап студенттер, үй зорлық-зомбылығына ұшырағандар, еңбек мигранттары, басы саудаға түскен жандарға көмек қолымызды ұсынамыз. Біздер халықаралық гранттар, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар арқылы қаржыланамыз. Біздер мақсатты топпен, мемлекеттік құрылым қызметкерлерімен, жергілікті полиция қызметімен әлеуметтік, құқықтық, психологиялық және басқа да мәселелер бойынша түсінік жұмыстарын (тренинг, семинарлар) жүргіземіз. Біздің МЕҰ (мемлекеттік емес ұйымдар) мемлекеттік құрылымдар мен жергілікті полиция қызметіне басына қиыншылық түскен жандарға әлеуметтік-психологиялық көмек көрсетуде жәрдемші болар еді.

Дмитрий Усов, облыстық мәслихаттың депутаты:

Халықтың қамсыз өмір сүруі үшін ішкі істер органдары тәулік бойы жауапты да ауыр міндетті қатар атқарады. Өз саласында жан алысып, жан берісуге дайын полиция қызметкерлерінің қызметтік жұмысында бастысы абырой деген ұғым қай кезде де бірінші орында. Соның ішінде, жол қауіпсіздігі мен мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру, қылмыстық жазалар мен құқықтық тәртіпті жетілдіру мәселесін қамтамасыз ету де оларға жүктелген зор міндет.

Бұл міндетті еңсеру үшін жағдай жасау керек. Біздер, бір топ депутаттар, облыс орталығындағы ЖПҚ 17,18 бекеттерінде болдық. Басқасын айтпағанның өзінде №18 бекетте жылу жоқ. Жөндеу жұмыстары жүрмеген. Сылақтары түсіп жатыр. Керек десеңіз, күлімсі иісі шығады.

Сондай-ақ, дөңгелек үстелде Қарағанды облысы әділет департаменті басшысының орынбасары Сағындық Ахметов, Қарағанды облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бөлім бастығының орынбасары, әділет полковнигі Андрей Дякин, ҚР Ұлттық ұлан «Орталық» өңірлік басшылығы қолбасшысының орынбасары Савердин Имиров, Қарағанды облысы ІІД бастығының орынбасары Ардақ Ынтықбаев және басқалары сөз алып, жұмысты ілгерлету бойынша өз ұсыныстарын білдірді.

«Ел азаматтары полиция қызметкерлерін өздерінің қорғаушысы ретінде танып, өз қауіпсіздіктерін сезінуі тиіс» деді Елбасымыз Н.Назарбаев.

Мемлекеттің амандығын сақтай отырып, қиындықта қайыспайтын, қатерден қорықпайтын полиция қызметкерлері тек құрмет пен алғысқа ғана лайық. Өйткені, қажыр-қайрат пен төзімділік, шапшаңдық сынды қасиеттерді бойына сіңірген олар кәсіби деңгейде шыңдалып, қалың бұқара халықтың сеніміне ие болуы үшін тәуліктің әр сағатында нәтижелі жұмыс жүргізуге асығады.

Төрехан МАЙБАС

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.