Руханият

Жерұйық мекеннің тұрғындары

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Сламбек Тәуекел 2011 жылы Қазақстанға депортацияланған халықтар туралы «Жерұйық» фильмін түсірген еді. Сценарийін жазған кинорежиссер Лаврентий Дядюнович Сон. Фильм тек Қазақстан аумағында ғана емес, Оңтүстік Корея астанасы Сеул қаласында, Шешенстан республикасында, тағы басқа шет елдерде көрсетілген. 2018 жылы 1 мамыр Қаз­ақ­стан халқының бірлігі кү­ніне орай «Дін істері және азамат­тық қоғам» министрлігіндегі бір коми­те­т­тің аппараты қызметкерлері фильмді көріп, «Біз шұғылданатын шаруаның негізгі аспектілері мына фильмде айтылған ғой», – деген екен.

Ал, Шешенс­тан­ның Ха­са­в­юрт қаласына апарып, 1200 адам жи­налған спорт сарайында көр­сет­кенде шешен халқының бір қария­сы қазақ тілінде «Қазақ деген халықтың бақыты үшін бір шешен шалдың басы керек болса, мен дайынмын», – дегенде жи­нал­ған жұрт тікесінен тік тұрып, қазақ халқы үшін қол соққан екен. Бұл жақсылықтың бағасын білер жандар барда қазақ халқының жақсылығы ұмытылмайтынын тағы бір айғақтайды.

«Кинокартинаның соңында бұл фильм Қазақстанға депортациямен келген ұлт өкіл­дерінің қазақ халқына біл­дір­ген алғысы», – деген сөз жазылған.

Редакция қызметкерлері тарихи фильмді көрген Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті Баспасөз қызметінің басшысы Светлана Григорьевна Могайға хабарласып, алған әсерін айтып беруді сұраған еді. «Жерұйық» кинокартинасы жайлы жерұйық мекеннің бүгінгі тұрғыны былай  дейді.

«Жерұйық» фильмі – 1937-1944 жыл­дар аралығында әртүрлі ұлт өкілдерінің Қазақстанға жер аударылуын баяндайтын тарихи драма. Оның ішінде кәрістер, неміс­тер, еврейлер, шешендер, түріктер, күрдтер, поляктар және басқа ұлт өкілдері бар. Картина ұлы Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген сөзімен басталады. Осы сөзден-ақ оның халықтар достығы туралы екені түсінікті. Ал, дастарқан басында ауылдың тыныс-тіршілігін талқылап отырған бас кейіпкер – ауыл бригадирі Барбараның тұтқындалуы жайлы айтып отырғанда үрейленгені байқалады. Корейлер келердің алдында ауыл тұрғындарына олардың адам жейтіндер екені айтылған әрі олармен сөйлесуге тыйым салынған. Жарлыққа қарсы шыққандардың атылатыны да осы жерде мәлім болады. НКВД-ның  адамдары корейлерді адамжегіш деп сипаттайды. Тағы бір есімде қалған тұс – корейлердің жүріп бара жатқан пойыздан жолда қайтыс болған адамдардың мәйітін тастап жатқаны. Сол пойызда жүкті әйел баласын өмірге әкеледі. Әскери киім киген адамдар корейлерді тінтіп, аспанға ескертпе оқ атқаны жадымда жатталып қалыпты. Сосын корейлерді ЗИЛ көлігіне жалғанған арбаға отырғызып, қу далаға апарып тастайды. Қар жауып тұр, айнала ақтүтек боран. Ауыл басшысы бір-біріне сүйеніп, ық жасап жатқан адамдарды көргенде «О, Құдайым-ай, мына суықта адамдар қатып қалмады ма екен?» дейді. Бұл – фильмдегі бас кейіпкердің мейірімді екенін көрсетеді. Адамдардың тірі екенін көрген соң оларға қайнаған су беріп, корейлер осы жерде қоныстанады. Әйелдердің бір-біріне, жаңа көшіп келгендерге бір нәрсе қажет пе екен, сұрап келу керек еді, деген сәті жүректі елжіретеді. Жаңа туған сәбиге Жолдыбай деп ат қойған ауыл тұрғындары бір-екі отбасынан бөліп-бөліп әр үйге қоныстандырады.   Сырқаттанып қалған Пак отбасының қариясын қазақы ем-домға сай қой терісіне салып емдегені қатты әсер етті.    Одан кейін ауылға түрік, шешен ұлтының өкілдері келеді. Ауыл тұрғындары оларға да аса мейіріммен қарап, қамқор болады. Осы тұста қазақ халқының арқасында осында келген ұлт өкілдерінің тірі қалғанын айта кетуіміз керек. Фильмнің өне бойында достық, махаббат, бақыт, мейірім, ар-ұят деген рухани құндылықтар дәріптеледі. «Жерұйық» драмасы өте ұнады. Оны міндетті түрде мектептер мен колледждерде, ЖОО-да көрсету керек. Жас ұрпақ 1937-1944 жылдары адамдардың қандай қиындық көргенін, өз тарихын біліп жүргені жөн. Тарихты білген ұрпақ ата-баба еңбегін шын бағалай алады. 

Назым ДҮТБАЙ,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button