Жеңіс ақын – жұртының жүрегінде
27 қазан күні ақтоғайлықтар Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы, ақын-журналист Жеңіс ҚАШҚЫНОВТЫҢ 75 жылдық мерейтойын атап өтті. Қаламгердің артында іздеушісі, сұраушысы болмаса, уақыт өте келе атының ұмыт қалары белгілі. Ал, «Ақжеңіс» атанған ақынды іздеушісі – елі, шырақшысы – баласы Ернат ҚАШҚЫНОВ екендігіне көзіміз жетіп, көңіліміз марқайды.
Жеңіс – тек қана ақын емес, сегіз қырлы, бір сырлы ерекше тұлға. Ақынның болмысындағы өзгеше қасиеттерді бірнеше салаға жатқызуға болады. Ақындығынан бөлек, аудармашылығы, журналистік қарымы, шежіреші, зерттеушілігі, қиса-дастанды жатқа айтатын жыршылығы, балуандығы бір-бір төбе. Мерейтой аясында қаламгердің осынау қырларын жиналғандар жарыса жеткізді. Соңынан ерген ақын бауырлары жұртының жүрегін елжіретіп, өзіндік қолтаңбасы қалған сонылығымен ерекшеленетін ақын әдебиет тұлғасына айналғандығын айтты. Жалпы, балалар әдебиетінде, поэзияда түрлі тақырыптарға қалам тербеп, жаңа леп, соны үрдіс әкелгендігін тілге тиек етті.
Әсіресе, мақала, очерктері, ой-толғамдары, зерделі зерттеулері, Қазақ радиосында Әдебиет және драма редакциясы бөлімінде жұмыс істеген жылдары М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, С.Мұқанов, Қ.Бекқожин, Х.Ерғалиев, С.Мәуленов, Ғ.Қайырбеков, М.Мақатаев сияқты ақын-жазушылардың және Ә.Қастеев, Ә.Жүсіпов, С.Романов сияқты суретшілердің, Қ.Қуанышбаев, С.Қожамқұлов, С.Майқанова, К.Қармысов, Ш.Жандарбекова, С.Оразбаев сияқты өнер адамдарының шығармашылық портреттерін жасап, дауыстарын радионың алтын қорына жаздырып қалдырған елеулі еңбектерін де естелік қылып атап өтті.
Шара барысында ақынның балуандық қыры да дәріптелді. Студенттер арасында өткен жарыстардың жүлдегері, еркін күрестен КСРО спорт шебері атанып, боз кілемде талайдың белін бүккен ақынның атындағы қазақ күресінен жасөспірімдер арасындағы турнирдың бесінші рет жалауы желбіреді. Ақтоғай ауданы әкімдігінің қолдауымен өткен додаға жүзге жуық балғын балуандар қатысты.
Бәсеке барысында балғын балуандар бүгінгі күнге бабалардан жеткен ұлттық спорт түрінің қыры мен сырын мейлінше меңгергендерін айқындады. 2006-2007 жылдары туған жасөспірімдер арасынан 24 келі салмақ дәрежесінде – Қуатбек Құмар, 27 келіде – Жанбол Ербол, 29 келіде – Сабыржан Сәкенұлы, 32 келіде – Әбілмансұр Жанабек, 35 келіде – Нұрслан Сапарғали, 38 келіде – Сайран Секен, 42 келіде – Асанәлі Серкебай, +42 келіде – Жаннұр Боканов қарсылас шақ келтірмей, чемпион атанды.
Осы күні ақынның аруағына арналып ас беріліп, құран бағышталды. Түстен кейін ақынға арналған «Жыр-ғұмыр» атты кеш өтті. Кештің шымылдығы «Әке рухымен сырласу» өлеңінен үзінді оқылып, ақынның сөзіне жазылған «Үш арыс» әнімен түрілді. Жыр кешін тізгіндеген ақын Саят Тұяқбаев алдымен ақынның өміржолы мен шығармашылық жетістіктерін көрсететін мазмұнды бейнекөріністі шеңдестіре отырып ойын өрбітті. Ақын кешінде Ақтоғай ауданы әкімінің құттықтауын аудан әкімінің орынбасары Абылай Аманжолов жеткізді. Бұдан кейін сахнаға көтерілген Халықаралық «Алаш» əдеби сыйлығының иегері, ақын Абзал Бөкен, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, қаламгер Сүйіндік Жанысбай, ақын, журналист Олжас Қасым, ақынның қарындасы Сара Қашқынова қалыпқа сыймас ақын жайлы естеліктерімен бөлісті. Ақын шығармаларының оқырманға кең насихатталып, өлеңдеріне, қаламгерлік қырына талдау жасап, зерттеу жасайтын уақыт келгендігін алға тартты.
Абзал БӨКЕН, Халықаралық «Алаш» əдеби сыйлығының иегері, ақын:
– Ақын ағамыз Жеңіс Қашқынов – ақындығымен қоса, мақала, очерктер, ой-толғамдарымен озық тұрған қаламгер. Тарихи тұлғалардың кескін-келбетін, іс-әрекеттерін, халқы үшін аямай жұмсаған күш-қайратын көрсететін жарқын бейнелерін қаламына арқау етті. Ол көптеген ақындардың жырларын тәржімалады. Өлеңдері орыс, украин, белорус, өзбек, молдован, грузин, қырғыз, ұйғыр тілдеріне аударылып, жинақтарға енгізілді. Оның ішінде балалар әдебиетіне ерекше еңбек сіңірді. Балаларға арнап жазған шығармалары жас оқырманның рухани мәдениетін байытты. Эпостық жанрда шыққан шыңы да биік. Ақынның жан-жақтылығы, көзі жіті, құлағы түрік жүретіндігі, ақындық сергектік пен елгезектігі бізге қашанда үлгі болды,– деді.
Сонымен қатар, ақындар Мүсіркеп Сейдахмет, Руслан Нұрбай, Бағдат Мүбәрак және Ілияс Мұқай жырдан шашу шашты.
Ақтоғайдың өнерпаздары С.Қожамбаева, Н.Жақанбаев, Н.Әлібеков, А.Есенгелді, Б.Мәжит және Сәтибек Ибраев атындағы орта мектептің оқушылары Баян Ағылшын, Айым Қалкен Жеңістің өлеңдерін жатқа оқып, ақынның өлеңіне сусындаған көпшіліктің шөлін қандырды. Жеңіс ақынның сөзіне жазылған әндерді «Тоқырауын толқындары» ән-би ансамблі, жеке орындауда «Жүрегінде халықтың» әнін Жоламан Жақыпов, «Қазақ балуандары» әнін Талғат Жұмашев, «Ақтоғай», «Сүйдім сені» әндерін Ернұр Қабдыраш, «Қуыршақ» әнін Айзер Медет нақышына келтіре шырқады.
Кешті қорытындылаған журналист, аудармашы ақынның жоқшысы Ернат Қашқынов әкені ардақ тұтып, оған тәнтілік сағынышқа толы сырын шертті. Игі шараға қолдау жасаған қауымға ризашылығын жеткізді.
Осылайша, Ақсораң мен Алатаудың арасын өлеңмен жалғаған ақынның кеші мәресіне жетті. Жырсүйер қауымның көңілі бір серпіліп, ақынға деген сағынышпен тарқасты.
Нұрдос КӘРІМ
АҚТОҒАЙ ауданы.