Жазықтылар жазаланады

23 шілде, сейсенбі күні Ақмола облысының Жарқайың ауданында браконьерлер (киік атушылар) өздерінің ізіне түскен «Охотзоопромның» екі инспекторына оқ жаудырды. Инспектордың бірі – Ұлытау ауданының тұрғыны Қаныш Нұртазиновтың кеудесіне оқ тиіп, ауруханаға жеткенше көз жұмды. Екінші инспектор Державинск аудандық ауруханасына жеткізіліп, ота жасалған. Қазір жағдайы қалыпты көрінеді.

Қарақшылық шабуылға сәйкес, Қылмыстық кодекстің 99-шы бабының 1-ші тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалып, полицейлер Жарқайың, Есіл, Жақсы аудандарының аумағында қылмыскерлерді ұстауға жедел кіріскен. Көп ұзамай күдіктілер Қостанай облысының аумағында қолға түсті. Оқыс оқиғаға байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаза болған қорықшының жақындарына көңіл айтты. Бұл туралы Президент Twitter-парақшасында жазды: «Браконьерлермен арпалыста ерлікпен қаза болған қорықшы Қаныш Нұртазиновтың жақындарына шынайы көңіл айтамын. Қаскөйлер ұсталып, сотқа тартылады. Киіктерді атқаны үшін жазаны күшейту қажет. Қаза тапқан Қ.Нұртазинов марапатталатын болады. С.Оспановтың сауығып кетуін тілеймін», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз тілшімізден.