Білім

«Жаз жайнатып, күн күлдіріп…»

Қуаныш пен қызыққа толы жаз мезгілінің ауылы алыс емес. Оқу жылы аяқталып, жаз маусымы басталысымен жазғы лагерьлер де өз жұмысына кіріседі. Биыл өңірде 1 мен 10 сынып аралығында 150 мыңнан аса оқушы мектеп жанындағы және қала сыртындағы лагерьлерде, бейіндік алаңдарда демалады. Жергілікті БАҚ өкілдері баспасөз турымен Қарағандыдағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-лицейге барып, мектеп жанындағы жазғы лагерьдің ұйымдастырылу барысымен танысты. Сондай-ақ, білім басқармасының өкілдері балалардың жазғы демалысы қалай өтетіні, лагерьлер туралы егжей-тегжейлі ақпар берді.

Өңірлердегі мектеп жанында балаларды тамақтандыратын 289 сауықтыру лагерінде 30 мыңға жуық бала демалады. Ал, бейіндік бағыттағы 293 лагерь 90 мыңнан аса баланың жазғы демалысын қамтамасыз етеді.

– Биыл оқу жылы 31 мамырда аяқталатын болған соң, жазғы лагерьлер 5 маусымда жұмысын бастайды. Ерекше білім беру қажеттілігі бар 360 бала мектеп жанындағы лагерьлерде демалады. Жазғы маусымда өңір оқушылары республика деңгейіндегі лагерьлерде жазғы демалысын тиімді өткізеді. Әсіресе, аз қамтылған, көпбалалы отбасылардан шыққан, асыранды, ата-анасы жоқ балалар қамтылып, республика деңгейіндегі Көкшетау, Қапшағайдағы «Балдәурен» және «Бөбек» лагерьлерінде демалатын болады. Ал, қала сыртында орналасқан 10 лагерьде 7 мыңнан аса бала жазғы демалысын өткізеді. Соның ішінде балалар үйінің тәрбиеленушілері «Жас дәурен» және «Ишим» лагерінде демалады. Ақтоғай ауданында «Факел», Балқаш қаласында «Жас қанат», Қарағанды қаласында «Салют», дене шынықтыру және спорт басқармасының «Фригантина» лагері жұмыс істейді, – деді Қарағанды облысы білім басқармасының бас маманы Жанна Сүйінбаева.

Бас маманның айтуынша, Қарағанды қаласы жазғы қауіпсіздікке байланысты профилактикалық акциялар өткізіп бастайды. Ал өңірдің басқа қалалары мен аудандары мұны жалғастырып әкетеді. Атап айтқанда, «Қауіпсіз жаз», «Қауіпсіз лагерь», «Қауіпсіз аттракцион», «Қауіпсіз алаң» профилактикалық акциялары өткізіледі. Тағы бір айта кетерлігі, Ақтоғай ауданындағы «Факел» сауықтыру лагерінде маусым айының басында шығармашыл жастарға арналған облыстық слет және 9-11 сынып оқушылары арасында пікірсайысшыларға арналған слет ұйымдастырылады. –

Оқушылар жазғы демалысын жақсы өткізуі үшін барлық жағдай жасалады. Жазғы демалысты білім бөлімдері мен ұйымдар ұйымдастырады, тәрбиешілер курстан өтеді. 43 жазғы қосымша білім беру бөлімдері 3 ауысымда жұмыс істейді. Балалардың жазғы демалысы және лагерьлер жұмысы облыс әкімінің өкімі, денсаулық сақтау басқармасы, санитариялық-эпидемиологиялық департаментінің бірлескен 3 жақты жоспары негізінде жүзеге асырылады, – деді Жанна Сапарқызы.

Жанна Сүйінбаеваның айтуынша, «Қазақстан халқы» қоры биыл 500 балаға ауылдық мектептердің озат оқушыларына арналған арнайы жолдама беріп отыр. Олар «Салют» және Назарбаев университетінің жатақханасында тегін демалады.

Мектеп жанындағы лагерь былтыр Ыбырай Алтынсарин есімін иеленген Қарағандыдағы мектеп-лицейде де 5 маусымда өз жұмысын бастайды.

Мектеп-лицей директоры Раиса Кенешованың айтуынша, ата-аналар мен оқушыларға мектеп жанындағы жазғы лагерьдің басталатыны туралы хабарланып, дайындық жұмыстары жүргізілуде екен.

– Біздің лагерьге әртүрлі сыныптардан 230-дан 250-ге дейін бала барады. Былтыр 250 бала болды. Тағы 50 бала мектептегі бейіндік алаңдарға, оның ішінде шығармашылық және спорттық бағыттағы, сондай-ақ, «Жас Ыбырай» үйірмесі аясында қатысты. Өйткені, өткен жылы мектеп Ы.Алтынсариннің атын алған болатын. Сонымен қатар, бізде STEM-зертхана пайда болды, біздің мұғалімдер білім берудің осы түрі бойынша курстардан өтті. Қазір мультипликациялық анимация бойынша сабақ оқытылады. Оқушылардың қызығушылығы жоғары, олар тіпті өз анимацияларын белсенді жасайды, – дейді Раиса Әміртайқызы.

Лагерьдегі жұмыс мұғалімдердің демалысына әсер етпейді. Мектеп-лицейде жазғы лагерь екі маусым бойынша ұйымдастырылады, яғни 5-16 маусым аралығы және 19-30 маусым аралығында. Ондағы жұмыс мұғалімдердің дәстүрлі жұмыс ауқымы бойынша төленеді. Балалар үшін тамақтану екі рет, теңгерімді және байытылған болады. Ал, біркүндік тамақ ақысы мың теңге әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балалар үшін – тегін. Қалған жаз айларында Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-лицейде жөндеу жоспарланған. Екі спорт залы мен дәретханалар жаңартылады.

Мектеп жанындағы лагерь аясында мемлекеттік және ағылшын тілі бойынша сабақтар, шығармашылық үйірмелер, STEM-зертханада оқыту ұйымдастырылады, балалар қала мұражайларына, кинотеатрларға және басқа да мәдени мекемелерге экскурсияға бара алады. Сондай-ақ, жақын маңдағы №2 Оқушылар сарайындағы сабақтарға қатыса алады немесе Көгілдір тоғандағы №77 мектеп базасындағы бассейнде жүзе алады.

Ата-ана Бұлбұл Набиеваның екі баласы мектеп жанындағы лагерьге жыл сайын қатысып келеді. Айтуынша, мектеп жанындағы лагерь оқушылардың да, ата-аналардың көңілінен шығады.

– Балаларымның біреуі осы мектепті бітірді, екеуі осында оқып жатыр. 2 балам да лагерьге қатысқан. Жылда қатысуға тырысамыз. Ұйымдастырушылар күнделікті жоспар бойынша бізбен үнемі байланыс жасайды. Көпбалалы отбасыларға, жалғызбасты аналарға жеңілдіктер жасалады. Балалар үшін жазғы қауіпсіздік ережелері түсіндіріледі. Лагерьде былтыр заманауи технология көмегімен балалар үшін кинофильмдер көрсетілген болатын. Балаларға жазғы демалысын тиімді өткізу үшін лагерьлердің қызметі орасан, – дейді ата-ана.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button