Бас тақырып

Құжат қабылдау тоқтап тұр

Дарынды балаларға арналған мектептерде оқуға үміткер талабы таудай оқушылар да, олардың ата-аналары да алаңдаулы. Өйткені, облыстағы сұранысқа ие мамандандырылған мектептер оқушыларды қабылдауды уақытша кейінге қалдырыпты. Білім ошақтарының басшылары мектептерге құжат қабылдау онлайн түрде жүзеге асуы мүмкін екенін айтады. Енді қарағандылық оқушылар аймақтағы мамандандырылған мектептерге тіркеліп, тестілеуден өтуді жаз бойы күтуге мәжбүр.

ҚАБЫЛДАУ ЖАЗҒА ҚАЛУЫ МҮМКІН

Мамандандырылған мектептер облыстың білім басқармасының құзырында болғандықтан, оқушылардан құжат қабылдаудың нақты күні белгісіз. Облыстың білім басқармасының бас маманы Манат Бақытқызының айтуынша, мамандандарылған мектептерге құжаттарды қабылдау жылда сәуір айында жүргізілетін. Қазіргі таңда елде орын алған қолайсыздықтарға байланысты кейінге шегерілуі немесе онлайн түрде жүзеге асуы мүмкін.

Осы орайда Н.Нұрмақов атындағы мектептің директоры Сейфүлмәлік Сұлтанов оқушыларды онлайн тест арқылы қабылдаудың тиімсіз екенін айтады. «Мектебіміз жаратылыстану-математикалық бағытта болғандықтан, логикаға ерекше көңіл бөлінеді. Сондықтан, оқушы мектепке келіп ұстаздың алдында тест тапсырғаны дұрыс» дейді. Өткен жылы 330-ға жуық бала құжат тапсырған мектеп, 80 баланы оқуға қабылдапты. Ал, «Мұрагер» мектебінің директоры Нұрғазы Өтебай биыл «Мұрагердің» 40-қа жуық оқушы қабылдауға қауқарлы екенін айтады. Қазіргі таңда Назарбаев Зияткерлік мектебіне түсуді армандаған балаларды да іріктеу сынағы тоқтатып тұр.

НЗМ: ДАЙЫНДЫҚҚА УАҚЫТ БАР

Қарағандыдағы А.Байтұрсынов атындағы № 41мектеп-гимназияның оқушысы Айсұлу Әлиқызы (аты-жөні өзгертілген) НЗМ–ге құжат тапсырған. Мектеп ұжымы тест тапсырудың кейінге шегерілгенін айтыпты.

–Үміткерлерді іріктеу тесті 14-15 наурыз күндері өтуі керек еді. Бірақ, ел аумағында көпшілікке арналған іс-шаралар өткізуге тыйым салынуына байланысты конкурстық іріктеу мерзімі кейінге шегерілді. Күн нақтыланғанда үміткерлерге мектептің қабылдау комиссиясы арқылы хабарланады, – деді НЗМ-нің баспасөз қызметінің мамандары.

Мектеп ұстаздарының айтуынша, химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне 7-сыныпқа қабылданатын барлық оқушыға қойылатын талап бірдей. Үміткерлер математика және сандық сипаттамалардан, сондайақ, қазақ, орыс және ағылшын тілдері бойынша тест тапсырады. Конкурстық іріктеуден сүрінбей өткендерге Тұңғыш Президент – Елбасының «Өркен» білім беру гранты тағайындалады. Сондықтан, үміткерлерге іріктеу тестіне тыңғылықты дайындалуға уақыт бар. 5-6 сынып оқушылары мектеп сайтындағы «Виртуалды мектепке» (http://vs.nis.edu.kz/?lang=kk) тіркеліп, конкурстық іріктеуге тегін дайындала алады.

«МАТЕМАТИКА, ЛОГИКА, АҒЫЛШЫН ТІЛІ…»

Білім сапасы жоғары мектептер қатарындағы №1 «Білім-инновация» лицейі де 6-сынып оқушыларын лицейге қабылдауды кейінге қалдырыпты. Лицей басшысы Қанат Егенбердиев:

– Кейінге шегерілген емтихандар әлемде орын алған індетке қатысты, елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты болып отыр. Қабылдаудың нақты күндері белгісіз. Шамамен мамыр немесе тамыз айларында жүзеге асуы мүмкін. Бірақ, бұл біздің болжам ғана, – деді.

Мектеп басшысы қашықтықтан БИЛ-де оқығысы келетін 6-сынып оқушыларына математика, логика, ағылшын тілі, қазақ тілі секілді пәндер бойынша «Достық» білім беру орталығында дайындалуға кеңес береді. Бұл жөнінде «Достық» орталығының мамандары:

 – «Достық» қашықтықтан да оқытады. Дәл қазіргі уақытта зияткер мектептерге түсемін деген оқушылар 8 ай аралығында АТТ (арнайы тақырыптық тест) мен ҮТТ (үй тапсырмасы тесті) ұйымдастыру арқылы уақытын ұтымды пайдаланады, – дейді.

Сонымен, аймақта мамандандырылған мектептерге құжаттар тапсыру уақытша тоқтап тұр. Бірақ, оқушылардың оқусыз әрі оқулықсыз қалмайтынын қатаң ескертеді облыстың білім басқармасының мамандары. Ал, талапкерлер кешіккен сынақтың кемел мүмкіндігі бар екенін айтады.

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Back to top button