АймақТеміртау

Жастық жігер жалындап…

Теміртау қалалық әкімдігінде осындағы Жастар ресурстық орталығының жылдық жұмысы қорытындыланып, жастарды қолдау жөніндегі жобалардың жүзеге асырылуы туралы аталған орталық директорының міндетін атқарушы Наурыз Елемесов­тің баяндамасы тыңдалып, талқыланды.

Сурет ұйымдастырушылардікі

Өткен жылдың 1 наурызындағы санақ мәліметтеріне қара­ғанда, құрыш қаласында 184 100 адам тұрса, соның 46 047-сі, яғни, 25 пайызы – 14 пен 35 жас аралығындағы жастар екен. Міне, халықтың осы бөлігімен мемлекеттік жастар саясатын жүргізу үшін 2023 жылы жергілікті бюджеттен 225 миллион 380 мың теңге бөлініп, соның бәрі игеріліпті.

Атап айтқанда, волонтерлік қызмет жобасы аясында қайырымдылық акциялары өткізіліп, жер-жерде ыстық ас таратылып, қаладағы іс-шаралардың өтуіне көмек көрсетіліп, семинар-тренингтер, Бурабайға 4 күндік демалыс, квест, би кештері ұйымдас­тырылған.

Ал «Жасыл ел» жобасы негізінде жазғы демалыс мезгілінде қаланың 468 студенті мен оқушысы уақытша ақылы жұмысқа тартылып, олар елдімекенді тазалау, абаттандыру ісімен шұғылданған.

Қала жастары белсенді жетек­шілерінің көшпелі лагері «Кос­монавт» демалыс аймағында құ­рылып, оған 200-дей адам барған.

«Қазақстан халқы Ассамблея­сы Жастар қанаты» жобасының шеңберінде елімізді мекендейтін ұлттар мен ұлыстардың мәдениетін танып-білуге 500-дей жас қатысқан.

Сондай-ақ, «Жастарды әлеу­меттендіру» жобасында қам­тыл­ған бір мыңдай қыз-жігіт өндіріс орындарына экскурсия жасап, олармен семинар-тренингтер, шеберлік сағаттары өткізілген.

Ендігі бір «CoLor fest» жобасы бірыңғай аймақта бірлескен тақырып бойынша шығармашылық бірлестіктер, жастар ұйымдары, қызығушылық бойынша клубтар, музыкалық және спорттық ұжымдардың жиналып, фестиваль өткізуін көздеген еді.

Тағы да бір жобаларды жүзеге асыру барысында әуесқойлық жат­тығулар, көше өнері фес­ти­вальдері, қылмысты шектеу ба­ғы­тында 30 көшпелі семинар-тренингтер мен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілген.

Бұл жобалардың ішінде, ең бас­тысы қалада жастар кәсіпкерлігін дамыту мен қолдау болды деу керек. Сол бойынша конкурсқа 125 жас өздерінің бизнес-жоспарларына ұсынып, нәтижесінде 20 жастың әрқайсысы қала әкімінің 2 миллион теңгелік грантын иеленген.

Жалпы, былтыр белгіленген осы сияқты 10 жобаны жүзеге асыруға байланысты Теміртау қаласының Жастар ресурстық орталығы 231 шара ұйымдастырып, өткізіп, есепті мерзімде оларға 22 463 жас қатысқан көрінеді.

Енді биылға белгіленген жобаларға олардың қатысу мөлшерін 40 мың адамға жеткізу көзделіп отыр. Мәжілісті қорытындылаған Теміртау қаласының әкімі Ораз Тәуірбеков ол қала жастарының барлық топтарын қамту керектігін еске салып, алда атқарылар шаруаларға сәттілік тіледі.

Жан АМАНТАЙ,
ТЕМІРТАУ

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button