АймақАқтоғай

Жастық жігер барында…

Ел ішінде кәсіп ашамын, жұмыс істеймін деген кәсіпкерге мемлекет қашан да қолдау көрсетуге дайын. Шағын және орта кәсіпкерлікке ден қойғандардың басым көпшілігі – бүгінде жастар. Ақтоғай ауданының тұрғыны мемлекет берген мүмкіндікті тиімді пайдаланып, қазір кәсібін дөңгелетіп отыр. Жас кәсіпкер Нұрбол Бауымбеков биыл аудан әкімінің жастар арасындағы кәсіпкерлікті дамыту және қолдау грантын ұтып алған болатын. Грант – 1 млн. теңге көлемінде. Оған заманауи үлгіде көлік жуу орталығын ашты. Көлік жуу орны 24 сағат бойы жұмыс істейді.

– Қарап отырсам, соңғы жылдары ауданымызда көлік санының көбеюімен қатар автокөлік жуу орындарының жоқтығын байқадым. Маған «Неге осындай көлік жуу орнын ашпасқа?» деген ой келді. Бизнестің бұл түрі оңай әрі тиімдірек. Өйткені, біріншіден, қызметкер саны аз, екіншіден, шығыны көп емес, қызмет бағасы төмен. Ал, өз көлігін өзі жуып алу – тұтынушының қалтасына айтарлықтай салмақ түсірмейді. Неге десеңіз, сіз көлігіңізді жуғыңыз келсе, алдымен құрылғыға 50 теңгелік ақшадан бастап, өз қалауыңызша 500, 1000, 2000 сынды ақшаларыңызды сала бересіз. Сонда барып, ақылды құрылғы сізге су, көбік және көлік жылтыратқыш сынды жууға қажетті қоспаларды босатады. Оларды арнайы тетікшелер арқылы басқарып отырасыз. Салған ақшаңыз таусылғанша, сіз жууға қажетті қоспаларды өз қалауыңыз бойынша пайдалана аласыз, – дейді жас кәсіпкер Нұрбол Бауымбеков.

Сонымен қатар, кәсіпкер мемлекеттен көмек алып, кәсіп ашып, кәсібінің берекесін көріп отыр­ған жандарға ұдайы қолдау көрсетілетінін атап өтті. Орталықта 500 теңгеге жеңіл көлікті жуып алуға толық мүмкіндік бар.

Көлігін жууға келген Ақтоғай ауылының тұрғыны Арнұр Советті де сөзге тарттық.

– Меніңше, бұл көлік жуу орталығы өте тиімді. Өз-өзіне қызмет көрсететін орталықтар қалалық жерлерде бар. Сол қала өркениетінің ауылда қылаң бергені көңілді қуантты. Мұның бәрі еліміздің кәсіпкерлік саласына қолдау көрсетіп жатқанының жемісі. Мұндай нысандардың көптеп ашыла беруіне тілекшіміз, – дейді Арнұр Совет.

Алдағы уақытта мұнда кілем жуу қызметі, тұтынушыларға қолайлы болу үшін Кaspi QR қосылып, нысан аумағы толықтай бейнекамера бақылауында болмақ.

Бұған дейін ауданда автокөлікті өзі жуу орны болмаған. Әзірге, бұл көлік жуу орталығы күн райы минус 15 градусқа төмендегенге дейін жұмыс істейді.

Нұрдос КӘРІМ,
Ақтоғай ауданы
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button