АймақБас тақырыпҚарағанды

Жастықтың оты жалындап…

Сенбі күні «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының «Киелі мекен» аталған екінші аптасы аяқталды. Бұл күні де қала тұрғындары сенбілікке шығып, тарихи-мəдени ескерткіштер мен гүлзар, саябақтардың аумағын абаттандырды.

Мәселен, Қарағанды облысының қоғамдық кеңесі мүшелері мен оқушылар «Шалқыма» концерттік залының алдындағы гүлзарды, Абай ескерткішінің маңын тазалап шықты.

– Қоғам белсенділері осы акцияны қолдауға ниет білдірдік, – деді Қарағанды облысы қоғамдық кеңесінің төрағасы Жәнібек Садықанов. – Бұдан бөлек, әркім өз жұмысының маңында, ауласында тазалық жұмыстарымен айналысуда. Абай ескерткіші бөлінді. Сенбі күні келе алмайтындар басқа күндері келіп тазартып кетті. Отбасымен, балалармен келіп, акцияға қатысқандар да бар. Өңірлердегі қоғамдық кеңес мүшелері тазалық шараларын өз аймақтарында жүргізіп жатыр.

Оқушылар тазалық акциясына қатысқанын мақтанышпен айтты.

– Бұл – патриотизм, қаламызға жанашырлық. Жасаған жұмысымыз үшін мақтаныш, әрине, болады. Өзің еңбектеніп тазалағаннан кейін тазалықты сақтағың келеді, – дейді №1 гимназияның 11 сынып оқушысы Иван Левченко.

№1 гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Саида Аксартованың айтуынша, білім ордасының оқушылары сенбіліктерге жиі шығатынын айтады.

– Бір 11 сынып осында келді, екінші 11 сынып Пушкин ескерткішінің маңын тазалады. Ал, 7-9 сыныптар мектептің маңайын жинастырды. Біздің оқушыларымыздың көпшілігі осы ауданда тұрады. Бұл – халық көп жиналатын жерлердің бірі. Гүлзардың таза болғаны өздеріне де жақсы, – деді ол.

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің студенттері де үлес қосты. Университеттің «Жас Орда» жастар қауымдастығының 100-ден астам студенті қаланы тазалаумен айналысты.

– Оқу орнының студенттері бірнеше аймаққа бөліндік. Бір тобы Қаныш Сәтбаев­тың ескерткішін, В.Ленин ескерткішінің маңайын тазалады. Сонымен қатар, Әбілқас Сағыновтың зиратын абаттандыруға бірқатар студент кетті. Біз университет маңын тазалауды мойнымызға алдық, – дейді «Жас Орда» жастар қауымдастығының жанындағы волонтерлер штабының жетекшісі Кристина Немытова.

Оның айтуынша, тазалық жұмыстарын жүргізу еш қиын емес.

– Біздің волонтерлер штабы экология­лық акцияларға жиі қатысып тұрады. Біз тек университеттің айналасын ғана емес, қала көшелерін, үлкен кісілердің үйлері мен аулаларын тазалаумен де айналысамыз, – дейді волонтерлер штабының басшысы.

Евней Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің студенттері мен профессорлық-оқытушылық құрамы сенбі күні «Таза Қазақстан» акциясының жалғасы – «Киелі мекен» тарихи-мәдени ескерткіштерді абаттандыру жұмыстарын жүргізді.

Университет белсенділері академик Евней Бөкетовке арналған ескерткішті және 2023 жылы ашылған «Күй аллеясын» қоқыс­тардан тазартты.

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ұйымдастырылған «Таза Қазақстан» акциясына біз жастар ретінде, университеттің болашағы ретінде бастаманы қолдап отырмыз. Әр сенбі сайын барлық факультеттер белсенділік танытуда. Бүгін 20 сәуірде 240 студент сенбілікке шықты. Одан бөлек, профессорлық-оқытушылар құрамы да бар. Апта тақырыбы – «Киелі мекен» болғандықтан, біз ескерткіштермен қатар, университет маңайын қоқыстан тазалап, Университет көшесіндегі саяжолды тазаладық, – дейді оқу орнының әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты жөніндегі департаментінің бас маманы Еркебұлан Амангелдіұлы.

Ал, университеттің 3 курс студенті, Қарағанды облысының омбудсмені, Студенттік Парламент төрағасы Мерейлі Жақсылық қаланың тазалығына тек тиісті мекеме қызметкерлері ғана жауапты болмай, барша тұрғын атсалысуы тиіс екенін айтады.

– Қаламыздың әр тұрғыны тазалықты өз ауласынан бастап, туған жерінің көркеюіне өзіндік үлесін қоса білгені дұрыс. Осы сенбілікке экономика факультетінің 1 және 2 курс студенттері атсалысты. Е.Бөкетов университетінің студенттері 27 сәуірде өтетін «Жасыл аймақ» акциясына да қатысатындарын мәлімдейді. Бұл күні ағаш көшеттерін отырғызу, айналаны әктеу жұмыстарын жүргіземіз, – деді Мерейлі Жақсылық.
Сондай-ақ, сенбілік барысында 100-ден астам жас плоггингке қатысып, 150 қап қоқыс жинады. Яғни, олар жүгіруге қатыса отырып, Федоров су қоймасының аумағын тазартты.

– Бүгін тамаша іс-шара өтті. Бір жағынан спортпен шұғылдансақ, ал, екінші жағынан өз қаламызға пайдамыз тиді. Бұл – өте керемет шара! Тұрғындардан көшелерді таза ұстап, қоқыс тастамауға жауапкершілікпен қарап, табиғатқа ұқыптылық танытуды сұрағым келеді. Өйткені, қаламыз­дың таза болуы әрқайсымызға байланысты, – дейді экологиялық еріктілер қозғалысының жетекшісі Рахат Райымбеков.

Плоггингке Қарағанды Жастар ресурстық орталығының еріктілері, Бәрімбек Бейсенов атындағы ҚР ІІМ академиясының қызметкерлері мен курсанттары қатысты.

Жансая ОМАРБЕК,
Салтанат ІЛИЯШ

Суреттер авторлардан

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button