Бас тақырыпОблыс әкімі

Жастарды қолдау – болашаққа самғау

«Жұмыс істегісі келгендердің бәрі жұмыс табады және бір емес, екі жұмыс тауып, еңбекақы алу мүмкіндігі бар. Тек, ниет болу керек», – деді Елбасы. Расымен, ауылдарымызда кәсіп жасап, нәсіп тауып жүрген жастарымыз баршылық. Қолдау болса, өз қалтасын ғана емес, ауылдың әл-ауқатын арттыратын шамалары бар. «Жас келсе, іске» деген. Бүгінгі күні жас кәсіпкерлерді қолдау – таңсық дүние емес. Олай болса…

Ауылдық жерлерде жас кәсіпкерлерді қолдау және дамыту мақсатында облыс әкімінің грантын бөлу бойынша 10 шілде күні комиссия отырысы өтті. Отырыс барысында жас кәсіпкерлер өздерінің бизнес-жоспарларын таныстырды. Жобада 28 үміткер бақ сынады.

Аталмыш жобаның мақсаты – ауылдық жерлердегі жастар арасындағы кәсіпкерлікті дамыту, іске асып тұрған бизнесті қолдау, жастарды жұмыспен қамтамасыз ету.

Облыс әкімінің грантын іріктеу комиссиясы 11 адамнан құралған. Комиссия құрамына құзіретті мемлекеттік орган өкілдері, мәслихат депутаттары, облыс әкімі жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңестің мүшелері, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының, «Рухани жаңғыру» аймақтық жоба кеңсесі, «Қарағанды облысының кәсіпкерлер қауымдастығы» ҚБ, «ҚазАгроФинанс» АҚ, «Кәсіпкерлікті қолдау қорының» өкілдері қатысты.

Жобаның басты талабына тоқтала кетсек, қатысушының жасы 29-дан аспауы тиіс және жоспарланып отырған бизнес облыс орталығынынан шалғай жерде орналасуы тиіс.

Комиссия жобаларды іріктеу барысында аудан үшін жобаның маңыздылығы, жаңа жұмыс орындарының құрылуы, жобаның өтімділігі, жобаның жүзеге асырылу мекенінің облыс орталығынынан қашықта орналасуы, бизнестің келешектегі дамуы сияқты басымдылықтарына баса назар аударылды.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, биыл осы мақсатта 10 млн. теңге бөлінген, ал әр жоба бойынша берілетін грант көлемі 1 млн.теңгеге дейін ұлғайтылған.

 Жобаға облысымыздың алты ауданынан үміткерлер қатысты. Ішінде кәсіппен шұғылданып жатқаны бар, бизнес-жоспарын енді құрып, ниет етіп отырғандары бар. Бизнес-жоспары өтімді деген бір-екі жас кәсіпкерді сөзге тартқан едік.

Амандық НЫҒЫМЕТОВ, Шет ауданының жас кәсіпкері:

 – Облыс әкімінің жас кәсіпкерлерге қолдауын пайдалана отырып, грантқа қол жеткізсем деймін. Менің бизнес-жоспарым – «Металл өнімдерін өндіру цехын дамыту». Грант қолыма түскен жағдайда, Ресей мемлекетінен арнайы тапсырыспен құны 800 000 теңге тұратын «ПРОФИ-3» станогын және 200 000 мың теңгелік металл тескіш станогын аламын. Екі адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр.

Ғазым ӘБДІКӘРІМОВ, жаңаарқалық жас кәсіпкер:

–  Жас кәсіпкерлерді қолдау – үлкен бастама. Қазір аудан көлемінде жұмыс атқарып жатырмын. Бизнес-жоспарым – «Тазарту жұмыстары». Қаңтар айында кілем жуу қызметінен бастаған едік, бүгінгі күні сұранысқа ие. Нәтижесі жақсы. Грантты ұтып алатын болсақ, қызмет түрлерін кеңейтуге мүмкіндік болар еді. Екі адамды жұмыспен қамту ойда бар. Кілем жуудан бөлек, жиһаз жуу, жөндеу жұмыстарынан кейінгі тазалық, көлік салонын тазалау сынды жұмыстарды қолға алсам деймін. Көпфункционалды техника алсам, одан да ауқымды ғимараттарды тазалауға мүмкіндік туатын еді.

Комиссия отырысының қорытындысы бойынша үздік деп танылған 10 жобаның авторлары анықталып, 18 шілде күні Ботақара кентінде өтетін «Ауыл жастары» форумы аясында жас кәсіпкерлерге гранттар табысталатын болады.

Қасымхан ҒАЛЫМ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button