Жастардың көзі – “Жұлдызда”
Өткен аптаның соңында Қарағандыға Қазақстанның түпкір-түпкірінен келген жас әншілер Арқа жұртшылығын әнге бөлеп, рухани жаңғыртып кетті. Екі күн бойы Арқа аспанында ән қалықтады. Қарағанды облысы әкімінің қолдауымен облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы ұйымдастырған «Жұлдыз-2018» эстрадалық ән орындаушыларының республикалық байқауының жеңімпазы анықталды. Кеншілер мәдениет сарайында!
Елдің рухын, халықтың санасын көтеру ғой «Рухани жаңғыру» дегеннің өзі. Басқаны білмеймін, бұл байқаудың соңғы күні конкурс жүлдегерлері мен жеңімпаздарының қатысуымен өткен гала-концерттен жастар бір серпіліп қалды. Улап-шулап, эстрадалық ән орындаушыларды қолдап, қошеметтеген жастардың ықыласында шек жоқ. Жалпақ тілмен айтқанда, қолпаштағанда – қырылып қала жаздады. Сонысына қарай, сөз жоқ, мықты орындаушылар да баршылық екен.
Сіз не байқау, қайдан шыққан бұл «Жұлдыз-2018» эстрадалық ән орындаушыларының республикалық байқауы? – дерсіз. Басын ашып айту керек, бұл – Қазақстан көлемімен есептесек, Қарағандының қолтаңбасы. Қарағандылық әнші, сазгер Саят Әбдіғалидың идеясынан туған жоба биыл сегізінші рет өтіп отыр. Қазылар алқасының құрамындағы әнші Саят Әбдіғалидың айтуынша, «еліміздегі мәдениет сарайларының арасында мұндай іске мұрындық болып отырған бірден-бір орын – біздің Кен шілер мәдениет сарайы ғана екен». Қарағандының қолтаңбасы деп ерекшелеп отырғанымыз – содан.
Биыл байқауға қатысуға Ақмола, Түркістан, Қарағанды, Қызылорда, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Атырау, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстары және Астана, Алматы қалаларынан жүзге жуық орындаушы өтініш білдіріпті. Эстрадалық ән орындаушылар сайысының бір ерекшелігі – әр қатысушы алдын ала көрсетілген мекен-жайға электронды поштамен өзі салған бір әнді (видео) жіберуі тиіс. Әйтпесе, «әу» демейтін қазақ жоқ. Ән салып, әнші атанғысы келгенімен, кәсіби деңгейге көтерілмеген орындаушылар бұл іріктеуден өте алмайды. Осылай байқауға қатысу, қатыспауы күні бұрын белгілі болады. Биыл қазылар алдын ала жіберген жүзге жуық орындаушы арасынан 20 әншіні іріктеп алған екен, екеуі денсаулығына байланысты келе алмай, 18 орындаушы өзара сынға түсті. Байқау талабынша олар бірінші кезеңде әлемдік танымал бір ән (хит) орындаса, екінші кезеңде қазақстандық хит әнді орындады. Олардың өнерін саралап, әділ бағасын беруші қазылар алқасының төрайымы – ҚР еңбек сіңірген әртісі, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының профессоры Люция Төлешова болса, қазылар алқасының құрамында ҚР мәдениет қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, атақты әнші Сәкен Майғазиев пен «Шабыт» халықаралық фестивалінің лауреаты, Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің жетекші солисі Гүлмира Жүкіпбаева бар.
Сонымен, екі күн бойы өнер бәсекесіне түскен орындаушылар арасынан оза шауып, байқаудың бас жүлдесін жеңіп алған – Солтүстік Қазақстан облысынан келген Әділхан Макин. Әділханға бас жүлдені мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Ағымбаев табыс етті. Ал, жүлделі І орыннан көрінген – Қарлығаш Биғазықызы Алматыдан қатысса да, Жаңаарқаның тумасы, қарағандылық жерлесіміз. Әнші Биғазы Тұтқабековты ел ұмыта қоймаса керек. ІІ орын Түркістан облысынан келген Ерік Төленовке бұйырды. ІІІ орын – атыраулық Мержан Қабдолов пен Жанерке Қабатаевада (СҚО). Павлодар облысының қатысушысы Наталья Процкая «Көрермен көзайымы» жүлдесін алды. Қалған орындаушыларға Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. Жүлдегерлер мен жеңімпаздарға грамоталар мен ақшалай сыйақы берілді.
Сәкен МАЙҒАЗИЕВ, әнші:
– Шын мәнінде, қанша күн бойы Қарағанды аспанын әсем ән әлдилеп, тербетіп тұрды. Міне, бүгінде керемет кештің куәсі болып отырмыз. Жылдан жылға көркейіп, қанатын кеңге жайып, күміскөмей, жезтаңдай әншілерді әйгілеп келе жатқан «Жұлдыз» конкурсын ұйымдастырушы ұжымға алғысымызды білдіреміз.
Жәнібек ӘЛИМАН,
«Орталық Қазақстан»