Жастарды бірлікке бастаған
Александр УРМАШОВ – Қарағандыдағы белсенді жастардың бірі. Ұлттар достығын сақтай отырып, жастарды тәрбиелікке, адамгершілікке баулып жүр.
Александр 2012 жылдан бастап Қарағанды қаласында құрылған «Dacia» (Дачия) румын мәдени қоғамы» қоғамдық бірлестігінің басшысы болды. Қоғамның басты міндеті – қазақстандық патриотизмді насихаттау, мәдениет мен ана тілді жаңғырту және дамыту, жас ұрпақты румын дәстүрлеріне, этностар арасында достықты нығайтуға, облыстағы жастар саясатын дамытуға тарту. Жастар қанаты қазақстандық бірегейлік пен бірлікті дамыту және нығайту негізінде жұмыс істейді, әрбір азамат этникалық шығу тегіне қарамастан, өз тағдыры мен болашағын Қазақстанмен байланыстырады.
Жастар қанатының белсенділері тарапынан ана тілі мен мәдениеті, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын үйрететін М.Еминеску атындағы жексенбілік мектеп ашылды. Айта кетсек, мұнда ниет білдірушілер мемлекеттік тілді де үйренеді. Жастар қанатында «Dorule» (Доруле) этнофольклорлық ансамблі құрылған. Ансамбльдің әртістері – республикалық, облыстық және қалалық концерт, фестиваль, шығармашылық бағдарламалар мен іс-шаралардың тұрақты қатысушылары. Ансамбль тек біздің елімізге ғана емес, одан тыс елдерге де танымал. Жігіттер мен қыздар румын халқының тамаша әндерін айтып, билерін билеп, сондай-ақ, румындарды қазақ халқының мәдениетімен таныстырған «Lа fantana dorului» румын фольклоры фестиваліндегі, «JocRomanesc» фестиваліндегі бас жүлдегер атанды. Жастар қанатының мүшелері тек румындар ғана емес, қазақтар, орыстар, кәрістер, украиндар, молдавандар мен шешендер де бар. Бұл ретте, жастар табысты дамуды мақсат ете отырып, мемлекеттік органдармен және қоғамдық ұйымдармен де ынтымақтастық құрды. Білім беру және мәдени бағдарламаларды іске асыра отырып, жастарды өзара түсінушілікке, сыйластыққа шақырып, тұлғаның дамуына атсалысты.
el.kz