«Жастар тәжірибесі» — жұмыс табу жолы

«ЖАСТАР ТӘЖІРИБЕСІ» – НӘТИЖЕЛІ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ЖАППАЙ КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУДЫҢ 2017-2021 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН «ЕҢБЕК» БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДАҒЫ ҚОЛДАУДЫҢ БІР ТҮРІ. СЕБЕБІ, ОҚУЫН ЕНДІ БІТІРІП, ДИПЛОМЫ ҚОЛЫНА ТИГЕН ТҮЛЕКТЕРДІҢ БІРДЕН ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСЫП КЕТУІ ҚИЫН. СОНДЫҚТАН ДА, БАҒДАРЛАМА ТҮЛЕКТЕРДІҢ АЛҒАН МАМАНДЫҒЫ БОЙЫНША БАСТАПҚЫ ЖҰМЫС ТӘЖІРИБЕСІН ЖИНАҚТАУДЫ КӨЗДЕЙДІ.

«Жастар тәжірибесі» – техникалық және кәсіптік білім беретін немесе жоғары оқу орнын бітіргеніне үш жыл болмаған және 29 жасқа толмаған жұмыссыз түлектерге арналған жоба.

Оның шарапатын көрген жастардың бірі – Ақерке Тукенова. Биыл оқуын аяқтаған Сәтбаев қаласының тұрғыны көп ойланбастан, қаладағы халықты жұмыспен қамту орталығына барған.

– Жазда Жезқазған гуманитарлық колледжін бітірдім. «Жастар тәжірибесі» арқылы №27 мектепке өз мамандығым бойынша жұмысқа орналастым. Бағдарлама уақытша екенін білдім. Дегенмен, екі айдан кейін маған тұрақты жұмысқа ауысу туралы ұсыныс жасалды. Қазір осы мектепте ағылшын тілінен сабақ беремін, – дейді ол.

Сәтбаев қаласы бойынша Ақерке сияқты 30 адам биылғы жылы «Жастар тәжірибесі» бойынша тұрақты жұмыс тапқан. Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Қазыбек Ашықбаевтың айтуынша, аталған бағдарлама бойынша жұмыс істеп жатқан тағы 40 адам бар.

Ақтоғай ауданында да осындай көрсеткіштер. Биылғы жылдың сегіз айында тұрақты жұмысқа орналасқан 116 жастың басым бөлігі «Жастар тәжірибесі» арқылы тұрған.

– Түлектерге арналған «Жастар тәжірибесі» бойынша аудан бойынша жоспарға сай 62 адам бекітілген болатын. Алайда, қазір 67 адам қатысуда, – дейді аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Мирас Қасымхан.

Бағдарлама барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдарда жүзеге асырылады. Айлық еңбекақысы республикалық немесе жергілікті бюджеттен қарастырылған 25 АЕК көлемінде. Әрине, барлық салық және басқа да әлеуметтік аударымдар жасалады. Еңбек өтілі талап етілмейтіні де бағдарламаның беретін мүмкіндіктерін арттырып тұр. Жастардан сұралатыны – белсенділік. Алған білімінің шынайы қолданысын жұмыс орнында көрсете алуы тиіс.

«Жастар тәжірибесі» кезінде білімін көрсете білген Бұқар жырау ауданының тұрғыны Дина Түгелбаева да бағдарлама арқылы тұрақты жұмысқа орналасқан. Ол бүгінде аудандағы сәулет және қала құрылысы бөлімінде жұмыс істеп жүр.

– Былтыр «Жастар тәжірибесі» бойынша 59 адам жұмыспен қамтылды, – дейді Бұқар жырау аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Нұргүл Достаева. – Оның 54-і тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндік алды. Ал, биылғы жылы бағдарламаға қатысқан 74 адамның 13-і жұмысқа орналасса, 61-і әлі өтіп жатыр. Олар бағдарламаға жыл соңына дейін қатысады.

Жастар арасындағы жұмыссыздықты жою, оларға қолдау көрсету – мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі. Жастар арқылы алға ілгерілеуші азаматтық қоғам қалыптастыра аламыз. Қазір жастар арасында «Жастар тәжірибесіне» қызығушылық артуда. Облыс бойынша 14 109 жастың жұмысқа орналасуы осыны дәлелдейді.

Жансая ОМАРБЕК