Жастарға жұмыс беретін жәрмеңке
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті қалалық Жұмыспен қамту орталығымен бірлесіп, университет түлектері үшін бос жұмыс орындар жәрмеңкесін өткізді. Жәрмеңкеде 60- қа жуық жұмыс беруші мекеме 800-ден астам бос жұмыс орнын ұсынды.

Аталған шараға Бөкетов университетінің әр факультетінен 1400-ден астам студент қатысты.
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков алғы сөз сөйлеп, іс-шараны ашып берді.
– Бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне құқық қорғау органдары, білім беру мекемелері, ірі кәсіпорындар, танымал брэндтер қатысуда. Республика бойынша маман даярлайтын қарашаңырақ үшін түлектердің болашағы мен жұмыс орнын дұрыс таңдауы маңызды. Биыл бакалавриат бойынша 3600-ден астам студент оқуын тәмамдайды. Аталған жәрмеңке жұмыс беруші мен болашақ мамандардың өзара қарым-қатынас орнатуы үшін зор мүмкіндік береді, – деді Нұрлан Орынбасарұлы.
Сондай-ақ, жәрмеңкенің ашылуында Қарағанды облысының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары А.Ермағанбетова, Қарағанды облысы Іскер әйелдер қоғамдық бірлестігінің төрайымы И.Жабаева, «Beam Career Management Center» ЖШС директоры Санжар Кенжеханұлы сөз сөйледі.
– Бүгінгі іс-шараға Алматыдан арнайы келдім. Студенттер мен түлектерге арналған жұмысқа орналасу платформасы тегін қызмет көрсетеді. Бөкетов университетінің Мансап орталығымен осы оқу жылынан бастап бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Платформада түйіндемені жасауға арналған құрастыру құралы бар. Алғашқы сұхбатқа дайындалуға мүмкіндіктер қарастырылған. Еліміз бойынша 5700-ге жуық жұмыс беруші студенттерге, түлектерге бос жұмыс орындарын ұсынады. Платформа өте ыңғайлы және пайдалы, сондықтан жастарға көп мүмкіндік ұсынады. Алғашқы жұмыс табуға көмектеседі деген үмітпен жастарды beam.kz платформаcына кіруге үндейміз, – деді «Beam Career Management Center» ЖШС директоры Санжар Кенжеханұлы.
Жәрмеңкеде жұмыс берушілер мен бітіруші түлектер жүзбе-жүз кездесіп, екіжақты диалог орнатты. Сондай-ақ, жастар түйіндемелерін өткізіп, жұмыс орны жайлы мол мағлұмат алды.
– Біз мамандығымыз бойынша «Фитохимия» ғылыми-өндірістік кешенінен, «Нәтиже» сүт фабрикасынан келген өкілдерге түйіндеме өткіздік. ІІІ курста «Фитохимия» ғылыми-өндірістік холдингінде іс-тәжірибеден өткен едік. Білікті мамандардың жетекшілігімен мол тәжірибе жинақтап, шыңдалдық. Қазір мамандығы бойынша жұмыс таба алмай жүрген жастар аз емес. Осындай жәрмеңкелер жұмыс табуға жол ашады. Биыл фармацевтикалық өндіріс технологиясы мамандығы бойынша 400-ге жуық түлек бітіреді. Игерген мамандықпен жұмыс істеуді мақсат етіп отырмыз, егер жұмыс табылмай жатса, басқа салаларда бақ сынап көруге ниеттіміз. Тек білімімізге сенеміз, – деді химия факультетінің 4 курс студенті Наргиза Сайлауова.
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті студенттерді жұмысқа орналастыру бағытында жаңа формалар мен тәсілдерді енгізуде. 15 сәуірден бастап университетте «Амбассадорлар академиясы» жұмысын бастайды. Бұл диалог алаңы өңірлік кәсіпорындармен қарым-қатынасты дамытуға, түлектерді жұмысқа орналастыру мәселелері бойынша ірі компаниялармен өзара келісім орнатуға бағытталған.
«Амбассадорлар академиясында» студенттердің «икемді дағдыларын» дамытуға арналған тренингтер, компаниялардың жетекші өкілдерінің шеберлік сағаттары, көпшілік алдында сөз сөйлеу, іскерлік хат алмасу, командалық жұмыс шаралары өткізіледі.
Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі алдағы уақытта да жалғасады.
Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz