Спорт

Жас спортшыларға жігер сыйлады

Қарағандыда қоғам қайраткері, заңгер Балапан Әбеновты еске алуға арналған футзалдан жасөспірімдер арасында облыстық турнир өтті. Ел үшін қызмет еткен азамат атындағы доп додасына барлығы 12 команда қатысты. Жарыстың салтанатты ашылу рәсіміне зиялы қауым мен жергілікті билік өкілдері арнайы келіп, қайраткердің есімін терең құрметпен еске алды.

Суреттерді түсірген А.Марченко

Еске салып өтелік, Балапан Әбеновті еске алу турнирі облыс орталығында 2018 жылдан бері өткізіліп келеді.

– Бұл турнирдің бастау алғанына 6-7 жылдың мұғдары болыпты. Осы орайда ашық турнирдің лайықты деңгейде өтуіне облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен жастар футбол мектебінің басшылығына, қайраткер азамат, қазақ руханиятының жанашыры Ерғазы Қадашұлына риясыз алғысымызды жеткіземіз. Балапан Әбеновтің көзкөрген замандастары да демеушілік етуде. Ақшалай сыйақы қомақты. Әлбетте, облысымызда шағын футболды дамыту әрдайым өзекті. Биыл таңдаудан өтіп таңдалған командалар келді. Мектеп жасындағы жасөспірімдер үшін бұл тың мүмкіндік. Келер жылы біз республикалық күнтізбеге өтінім беріп, аталған турнир кең көлемде аталып өтеді деген сенім зор. Жас жеткіншектердің жігерін шыңдайтын жарыс көп болсын! – деді Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Рамазан Сәттібай.

Жарыс қорытындысы бойынша Қарағандының «Қыран» командасы алтын медальды қанжығалады. Күміс жүлдені Абай ауданынан келген футболшылар иеленді. Үшінші орынды қарағандылық «Скаут» командасы жеңіп алды.

– Жарыстың деңгейі жыл өткен сайын жоғарылап, қатысушылар қатары молайып келеді. Бұл жолы Ақмола, Қарағанды, Ұлытау облыстарының футболшылары қатысты. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дене шынықтыру және спорт басқармасынан кубоктары, медальдары және грамоталарымен марапатталды. Сондай-ақ, Балапан Әбеновтің туған-туыстарының демеушілігімен ақшалай сертификаттар табыс етілді. Келесі жылы бұл турнир республикалық деңгейге шығады, – дейді жарыстың бас төрешісі Балғабай Нұрланов.

Асылы, бұл турнир, ең алдымен, ел үшін еңбегі сіңген азамат Балапан Әбеновті зор құрметпен еске алу ғана емес, жас спортшыларды қолдаудың өзгеше үлгісі болды. Жыл сайын өтетін шара елімізде футболға деген қызығушылықты арттырып, жас жеткіншектерге жігер тарту етеді. Алдағы уақытта республикалық ауқымға шығу мүмкіндігіне ие турнир жас футболшылар үшін асқаралы арманға қанат іспеттес. Жарыс барысында жеңімпаздар медальдармен, кубоктармен және ақшалай сыйақылармен марапатталып, Б.Әбеновтің еренғайып болмысы ұрпаққа өнеге ретінде жатталды. Ендігі мақсат – осы бас­таманы кеңейтіп, оны болашаққа аманат ету.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button