Білім

Жас қолөнершілер шеберлігін танытты

Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінде осы оқу орны мен Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы ұйымдастыруымен колледж студенттері арасында алғаш рет облыстық «Жас шебер» байқауы өтті. Сайысқа облыстың әр  өңірінен шығармашыл 84 студент «Бейнелеу өнері», «Материалды көркем өңдеу», «Қолөнер» бағыттары бойынша қатысып, бағы мен бабын сынады.

Аталған байқау колледж студенттері арасында дарынды шеберлерді анықтау және қолдау, талантты жастардың шығармашылық қабілетін ашу және насихаттау және педагогикалық тәжірибелік алмасу мақсатында өткізілді.

– Көркем еңбек мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттер арасында «Жас шебер» байқауы облысымызда алғаш рет өткізіліп отыр. Байқауды өткізуге ұсыныс білдірген Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің басшылығына, ұжымына алғыс білдіреміз. Біз талантты, дарынды студенттерді анықтайтын боламыз. Бүгінгі байқауға қатысушылардың қарасы көп екендігін көріп, қуандық. Бұл осындай сайыстардың өткізудің маңызын, қажеттілігін айғақтайды. Байқауға қатысқан студенттер мен оларды дайындаған мұғалімдер жетістігі педагогтердің аттестаттаудан сәтті өтуіне мүмкіндік береді. Барша қатысушыға сәттілік тілеймін, – деді Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің меңгерушісі Айнұр Кнашина.

Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінде «Көркем еңбек» бөлімінің арнайы пән оқытушылары Б.Исполова, Е.Макенов, Е.Беляева, Д.Ізбасаров, Р.В. Дайч колледж студенттерінің шығармашылық жұмыс көрмесімен таныстырып, ашық сабақ, шеберлік сынып өткізіп, өз тәжірибелерін бөлісті.

Үш номинация бойынша өткен сайыста қазылар алқасы құрамында педагогика ғылымдарының кандидаты, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің бейнелеу өнері және дизайн кафедрасының қауымдастырылған профессоры, Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі Сұлтанмахмұт Қыпшақов, аталған кафедра профессорының ассистенті, педагогика ғылымдарының кандидаты Асыл Манабаева, Суретшілер одағының хатшы-референті, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, ҚР Өнер академиясының академигі Таңсық Мажитова, сондай-ақ, Қарағанды қаласы №2 лицей директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, көркем еңбек пәнінің мұғалімі Жібек Дүйсембина, №1 балалар өнер мектебінің көркемсурет пәнінің педагогі Татьяна Алешина болып, қатысушылардың өнеріне баға берді.  

Сайыс барысында жас шеберлер графика, акварель, гуашпен сурет салды. Сонымен қатар, тігін тігіп, тоқыма тоқыды және ағаш өңдеп, табиғи материалдармен жұмыс жасады.

Қарағанды кәсіптік-техникалық колледжінің І курс студенті Нина Лобанова мұндай байқауға алғаш рет қатысып отыр. Ол осы сайыста сурет салатынын айтты:

– «Жас шебер» байқауына оқытушылар тарапынан қатысу туралы ұсыныс түскен соң, бағымды сынап көруді жөн көрдім. Байқауда «Бейнелеу өнері» номинациясы бойынша қатысып жатырмын. Яғни, сурет саламын. Бала кезімнен сурет салуды ұнатамын. Бүгінгі байқауға қатысушыларға сәттілік, шығармашылық өрлеу тілеймін. Болашақта өз ісімді дамытып, кәсіпке айналдырсам деймін, – деді Нина.

«Қолөнер» бағытында бақ сынағандардың қатарында Қарағанды «Bolashaq» жоғары колледжінде Әлеуметтік жұмыс мамандығында ІІІ курс оқитын студент Әсел Шамғонова да бар.

– Сайысқа қатысып жатқан студенттердің барлығы он саусағынан өнер тамған шеберлер. Солардың арасына келіп, мен де бағымды сынап көргім келді. Бүгінгі сайысқа күршекпен тоқыма көрпеше тоқып, дайындаймын. Бала кезімде тоқыма тоқуды әжем үйреткен. Қазір де осы жұмысты оқумен бірге алып жүрмін, қолөнер үйірмесіне қатысамын, – деді студент.  

Қазылар алқасы байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздарды анықтады. «Бейнелеу өнері» (графика, акварель, гуашь) номинациясы бойынша Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің студенті Валерия Журавлева І орын жеңімпазы атанды. Ал «Материалды көркем өңдеу» (табиғи материалдармен жұмыс) бағыты бойынша жасалған жұмысын ұсынған Қарағанды тау-кен индустриалдық колледжінің студенті Максим Титовке І орын берілді.  «Қолөнер» (тоқу, тігу, кестелеу, өру, батик, киіз басу) бағыты бойынша қатысқан Қарағанды сән колледжінің студенті Гүлбахрам Сәулехан да І орынға ие болды.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,

ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button