Білім

Жас өнертапқыштар жаңалығы

Информатика пәні бойынша мектеп оқушылары арасындағы облыстық байқау мәресіне жетті. «Дарын» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатында өткен жарысқа 11 команда қатысты. Байқау қорытындысы бойынша IDEATHON «Ел келешегі – жаңа өнертабыс» байқауының жеңімпаздары Теміртау қысқы бағына виртуалды экскурсияға баруды ұсынды.

Сурет: ұйымдастырушыдан

Сонымен, 3D-панорамада Н.Нұрмақов атындағы команда бірінші орын иеленді. Бағдарлау бағыты бойынша № 1 БИЛ (Creative) оқушылары, электроника мен робототехникада «Дарын» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының тобы үздік деп танылды.

– 3D-панорамаға бес команда қатысты. Біз «Қысқы баққа виртуалды тур жасау» тақырыбындағы жобаны қорғаған едік. Экскурсияға барғаннан кейін тропикалық, субтропикалық климатта, сондай-ақ, шөлді аймақтарда өсетін әртүрлі өсімдіктерді тамашалай аласыз. Виртуалды саяхат уақыт пен ақшаны үнемдеп қана қоймай, адамның білім деңгейін арттыруға мол мүмкіндік береді. Бұл жобада біз информатика пәні мұғалімі Жұлдыз Ибраеваның жетекшілігімен 8-сыныптан бастап жұмыс істейміз. Біздің топта үш адам бар: Әбілқайыр Адамбай – журналист, Аяулым Бұланова – зерттеуші және мен – веб-дизайнермін,– деді Н. Нұрмақов атындағы ММЛИ 11-сынып оқушысы Дінмұхаммед Махмұт.

Бағдарламалау бағытында үй өсімдіктеріне күтім жасауға көмектесетін Plant_Helper_Bot жобасы бірінші орынға ие болды.

– Plant_helper_bot (phb) үй өсімдіктеріне күтім жасау мақсатында жасалды. Мәселен, біздің глоссарийде 500-ге жуық түрлі өсімдіктер бар. Онда сипаттама, нұсқаулық, суару жиілігі және өзге де көптеген пайдалы параметрлер бар. Мысалы, өзіңіздің өсімдігіңізді профильге қосқан болсаңыз, phb оны қашан суару керектігін, топырағын ауыстыру мерзімін, және өсімдігіңізге қажетті күтім шараларын есіңізге салады. Жобамызды жүзеге асырып, тестілеуге шамамен 10 күн қажет болды. Біз жасаған бағдарламамыздың тиімділігіне сенімді болдық, – деп атап өтті № 1 БИЛ 11-сынып оқушысы Дамир Аниров.

Электроника мен робототехникада ақылды тұрақ жобасы ең үздік деп танылды.

Байқау соңында IDEATHON жүлдегерлері дипломдармен, ал жетекшілері Алғыс хаттармен марапатталды.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button