Жас маманға көмек – ұстазға міндет
Мұғалім болып, мектеп табалдырығын аттаған жас маманға қашанда көмек қажет. Мектептің ішкі әлеміне енді ғана енген мұғалімнің ізденісі бұрынғыдан да арта түскені абзал. Әсіресе, алдыңғы буын ағалардан үйрену, үйренгенді қолдана білу – жас маманның мықты құралы да болмақ. Сондықтан, тәжірибелі ұстаздар мен жас мұғалім арасындағы байланыс ешқашан үзілмеуі тиіс. Осы орайда, әл-Фараби атындағы мектеп-гимназияда «Тиімді сұрақтар қою арқылы оқушылардың ойлау дағдыларын дамыту» тақырыбында тәлімгерлер, мектеп мұғалімдері мен жас мамандар арасында тренинг өтті.
Тренинг барысында тәжірибелі мұғалімдер жас мамандарға кеңес беріп, оқушылармен жұмыс жасау кезіндегі маңызды мәселелерге тоқталды. Мәселен, педагог-зерттеуші Ақмарал Нұрғалиева семинар мен тренингтің айырмашылығын түсіндіріп, оқушылармен осы төңіректе жұмыс жасағанда қандай әдіс-тәсілдерді тиімді пайдалану қажет екенін айтты. Ал, Алтынай Сакиева сынып ішінде қойылатын сұрақтарды екі үлкен санатқа бөлуге болатынын: ашық және жабық сұрақтармен түсіндірме жұмыстарды қалай жүргізу қажеттігін, сол арқылы сабақтарда тиімді әдіс-тәсілдерді қолдану туралы ой бөлісті.
Cабақта дұрыс сұрақ қоя білу де маңызды. Күнделікті сабақ үрдісін әртүрлі тақырып аясында жеке, топтық, жұптық жұмыстар түрінде өткізуге болатыны туралы кеңестер айтылды.
Сондай-ақ, тренинг барысында жас мамандармен шығармашылық жұмыс жүргізілді. 4-сынып бағдарламасында берілген «Ғарышкерлер күніне» арналған Сырбай Мәуленовтің «Байқоңыр» өлең жолдары арқылы оқушыларға патриоттық тәрбие беру, оларды қалай оқыту қажеттігі туралы жас мамандарға үлгі көрсетілді. Алғашқы тапсырмада жас мұғалімдер Тоты Талғатқызы мен Аружан Қаламбайқызы «Бесжұлдыз» макетін қолдана отырып, сабақтың тақырыбын ашу үшін түрлі сұрақтар қойып, әр мұғалімді белсене қатыстырып, тапсырманы тыңғылықты орындап шықты.
Түрлі сұрақтардың төңірегінде дайындалған «Миға шабуыл» әдісімен сурет бойынша төрт жол өлең құрастырып, құрастырған өлеңдерін ақынның өлең жолдарымен салыстырды.
Тренинг соңында педагогтер өз ұсыныс-тілектерін, пікірлерін жаза отырып, кері байланыс жасады. Аталған шараны өткізуге жетекшілік еткен әл-Фараби атындағы гимназия директорының Бейінді оқыту жұмысы жөніндегі орынбасары Айкүміс Бейсембина тренингке қатысқан мұғалімдерге және жас мамандарға алғысын білдіріп, шығармашылық табыс тіледі.
Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz