Жаңалықтар

Жас дарындар дүбірі

Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің 70 жылдық мерейтойына орай университет жанындағы Инновациялық технологиялар колледжінің «Жастар Әлемі» Жастар сарайында Әбілқас Сағынов атындағы V облыстық «Жаңа ғасыр жырлайды» атты жас ақындар мүшәйрасы өтті.

Іс-шара университет ректоры Марат Ибатов және колледж директоры Нұрбибі Смағұлованың қолдауымен өткізілді. Мүшәйра оқу орнының 70 жылғы тарихына үңіле отырып, университет мерейін асқақтату, білім алушылар мен жас буын арасында сабақтастық орнату, рухани-мәдени құндылықтарды жаңғыртудың маңызын жас ұрпақтың санасына сіңіру арқылы оларды отансүйгіштікке баулу, шығармашыл жастардың өнеріне қолдау көрсете отырып, өлең құдіреті арқылы қазақ тілінің мәртебесін көтеру, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуді көздеді.

Сөз сайысына қала, облыс аймағындағы 15-19 жас аралығындағы мектеп оқушылары мен колледж студенттерінен 30-дан астам өтінім түсіп, соның 9-ы ақтық сынға жолдама алды. Жас ақындардың өлеңі Әбілқас Сағынов пен Қарағанды техникалық университетінің 70 жылдығына арналып жазылды.

Мүшәйраға қатысушылар мен қонақтарға Әбілқас Сағынов атындағы университет кітапханасының ұжымы ұйымдастырған Әбілқас Сағыновқа арналған жылжымалы көрме қойылды.

Байқауға «Орталық Қазақстан» газетінің аға тілшісі, ақын Жәлел Шалқар, филология ғылымының кандидаты, профессор Нұрлыбек Әубәкіров, ақын Ырысбек Төлесов, «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінің мұғалімі, жас ақын Жандос Әбжан және Инновациялық технологиялар колледжінің директоры Нұрбибі Смағұлова қазылық етті.

Қорытындысында, Бас жүлдені №25 орта мектептің 10 сынып оқушысы Нұрасыл Аманжол, І орынды Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің студенті Аружан Қабылтай, ІІ орынды Бұқар жырау ауданы, Гагарин ауылы, Талғат Бигелдинов атындағы орта мектептің 9 сынып оқушысы Анар Қуанбек, ІІІ орынды Балқаш қаласының медициналық колледж студенті Жансерік Нұрланбек иеленді. Барлық қатысушы сертификат, диплом, медаль, кубок және колледж әкімшілігі атынан сыйлықтарға ие болса, жетекшілер мен қонақтарға Алғыс хат табысталды.

Анар БАЖИКОВА,

Ғибрат ҚАБСАМЕТ,

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті

Инновациялық технологиялар колледжінің оқытушылары.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button