Спорт

Жас боксшылар бәсекесі

Қаламызда ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Балқаш қалалық спорт клубының» іргетасын қалаған, бокстан КСРО спорт шебері, Балқаш қаласы бокс федерациясының тұңғыш Президенті, спорт ардагері Тілеугерей Маканалинді еске алуға арналған дәстүрлі халықаралық турнир өтті. Жасөспірімдер арасындағы түрлі салмақ санаты бойынша өткізіліп, бес күнге созылған бокс додасына Өзбекстан, Тәжікстан және Қазақстан құрамасы мен Қазақстанның түпкір-түпкірінен келген жасөспірімдер қатысты.

Сурет ұйымдастырушылардан

Ашылу рәсімінен кейін ширек финалға шыққандар күш сынасып, бұл сыннан сүрінбегендер жартылай финалға шыққан және үшінші орынға табан тіреген боксшылар қызу тартысты. Әр сайыс 3 раунд, 2 минутқа созылды. Қызыл бұрыш пен көк бұрышта түрлі салмақтағы жасөспірімдер бар шеберлігін салып сайысты. Қарсыластар да аянбады. Байрақты бәсеке жас таланттарды анықтап, болашақ чемпиондарды дайындауға және боксшылардың өзара тәжірибе алмасып, шеберлік шыңдауына керемет мүмкіндік болды. Халықаралық дәрежедегі бапкерлер турнирдің әділ өтіп жатқанын, ұйымдастыру деңгейі көңілден шыққанын айтты.

Байқағанымыздай, шешуші жек­пе-жек­те қарсыласынан басым түскен Арнұр Ақбай жарысқа жоғары дайындықпен келгендігін көрсетті. 16 жастағы боксшы – Алматы облысы, Жамбыл ауданының тумасы.

– Бұл жарыстың бізге беретін тәжірибесі мол. Мұнда осал спортшылар келмейді. Ең бірінші айналымда Өзбекстан елінің спортшысымен шықтым. Ол кездесу маған өте қиын болды. Екінші күні Шығыс Қазақстанның спортшысымен шаршы алаңға шықтым. Ол да тәжірибелі спортшы. Жақсы нәтиже көрсетіп, жарыстарда топ жарып жүрген боксшы. Ал, финалдық кездесуде Түркістан облысының спортшысымен кездестім. Оған осыдан екі ай бұрын жарыста есе жіберіп қойған едім. Бірақ, осы жолы айым оңынан туып, алдыңғы жарыста кеткен есені қайтардым. Балқаш қаласына бірінші рет келіп тұрмын. Ұйымдастырушыларға алғысым шексіз, – дейді жас боксшы Арнұр Ақбай.

Былғары қолғап шеберлері 13 түрлі салмақта жұдырықтасып, 46-дан бастап, 80 келіден жоғары салмақ дәрежесінде сынға түсті. Жарыс қорытындысында, Алматы облысынан Едіге Қартабай, Әділ Асқанбай, Даниял Шалқарбай мен Уәлихан Қайратұлы чемпион атанды. Түркістан облысынан Диас Саидкәрім мен Ерасыл Мейрамхан, Қарағанды облысынан Бекзат Сырымбетов пен Нұрсұлтан Қыстаубай жеңіс тұғырына көтерілді. Қарсыластарынан басым түскен Ақтөбе облысынан Нұрбақыт Жәнібеков, Шығыс Қазақстан облысынан Тимур Ерболұлы және Алматы облысының спортшысы Арнұр Ақбай турнирде жеңімпаз болды. Сонымен қатар, көрші Өзбекстан елінен Мухаммадали Акрамов чемпион болса, Қостанай облысының спортшысы Азамат Әбдірешов те мықтылық танытып, жеңіс туын желбіретті. Сондай-ақ, «Үздік боксшы» арнайы белбеуі Бекзат Сырымбетовқа табысталды. Нұрбақыт Жәнібек «Үздік техникалық қатысушы», Қарағанды облысынан келген Әліби Төлеу «Жеңіске деген жігері үшін» номинацияларымен марапатталды.

Айта кетейік, бокстан КСРО спорт шебері Тілеугерей Исламұлы Балқаштың спорт саласын дамытуға өлшеусіз үлес қосты. Еңбегі еленіп, «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісімен, бірнеше мәрте мемлекеттік органдардың Алғыс хатымен де марапатталған. Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, спорт ардагері Тілеу­герей Маканалинді еске алуға арналған бокстан жасөспірімдер арасындағы халықаралық турнир келер жылы да жалғасын таппақ.

Нұрдос КӘРІМ,
БАЛҚАШ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button