Қасым АМАНЖОЛОВТЫҢ туғанына – 110 жыл

«Жас Қасымдар» бақ сынасты

Қарағанды қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене тәрбиесі және спорт бөлімінің қолдауымен, қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесінде дауылпаз ақын Қасым АМАНЖОЛОВТЫҢ туғанына 110 жыл толуына орай 16-25 жас аралығындағы қатысушылар бақ сынасқан «Ей, тәкаппар дүние! Маған да бір қарашы» атты аймақтық мүшәйра онлайн әрі офлайн форматта өтті. Бастама идеясының авторы әрі демеушісі – ҚР Білім меценаты, «Алтын Жүрек» ұлттық сыйлығының иегері Бекзат АЛТЫНБЕКОВ.

Шара өскелең ұрпақтың ой өрісін кеңейтіп, шығармашылығына шабыт беріп, кітапқа баулуды көздейді.

Жоба Бекзат Қомарұлының ұсынысымен қолға алынып, өлкетану бөлімі «Қаламгер» клубының ұйымдастыруымен өткізілуде. Бұған дейін ақын Бағдат Мүбәрактің өлеңдерін жатқа оқудан және ақын-жазушы Серік Сағынтайдың шығармалары негізінде эссе байқауы өткізілген болатын.

Жиынды Қарағанды қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене тәрбиесі және спорт бөлімінің әдіскері Алтынгүл Әбдіхалықова ақынның «Өзім туралы» әнін орындаудан бастады.

Байқау ережесіне сай, көрсетілген мерзім аралығында келіп түскен 18 қатысушының өлеңдері іріктеліп, 10 жас ақын ақтық сынға өткен еді. Әр үміткер Қасымға арнап, және туған жер, еркін тақырыпта өлең ұсынды.

Олардың өнерін ақын-жазушы, «Қасым» республикалық әдеби-қоғамдық журналының Бас редакторы Серік Сағынтай, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері Ғазиза Смағұлова, филология ғылымдарының кандидаты Азат Бабашов, Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы қызмет көрсету бөлімінің басшысы Бақыт Мырзатаева бағалап, үздіктерді анықтады.

Ынталандыру сыйлығы 5 қатысушыға тапсырылды. Оларға Алғыс хат және «Арқа батырлары» кітабы сыйға тартылды.

ІІІ орынның 35 мың теңгелік жүлдесін №2 білім-инновация лицейінің оқушысы Жырғау Алдаберген мен ҚарУ-дың студенті Жұман Бектас иеленсе, ІІ орынның 40 мың теңгесін Қарағанды университетінің I курс студенті Айғаным Әуесбек еншіледі.

Бұл жолы ұсынған өлеңдері деңгейлес болғандықтан, І орынның 60 мың теңгелік жүлдесін 2 қатысушы, яғни, Орталық Қазақстан академиясының III курс студенті Әсемгүл Серікбол мен Жезқазған қалалық Жер қатынастары бөлімінің маманы Думан Сайдалин жеңіп алды.

Игі бастаманың қыркүйек айындағы төртінші бөлімі заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің шығармашылығына арналмақ.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button