Қарағанды облысы мен Корея арасындағы ынтымақтастық талқыланды
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Чжон Ки Хонмен кездесті.

Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, инвестициялық жобаларды іске асыру, сондай-ақ білім және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін қарастырды.

Өңір басшысы Қарағанды облысының кореялық инвесторлармен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытып отырғанын атап өтті. Әсіресе жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға басымдық берілмек.

Бүгінде Саран индустриялық аймағында Samsung брендімен тұрмыстық техника шығаратын кәсіпорын жұмыс істейді. Сонымен қатар Samsung Medison компаниясымен бірлесіп ультрадыбыстық зерттеу аппараттарын өндіру жобасын жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Ермағанбет Бөлекпаев облыс тарапынан жаңа жобаны іске асыруға қажетті қолдау көрсетілетінін жеткізді. Оның айтуынша, бұл бастама кореялық компаниялармен өнеркәсіптік кооперацияны кеңейтіп, өңірге жаңа технологиялық өндірістер тартуға мүмкіндік береді.

Өз кезегінде Чжон Ки Хон Қарағанды облысына алғашқы ресми сапары екенін атап өтіп, екіжақты байланысты одан әрі нығайтуға ниетті екенін айтты.
Елшінің сапары аясында 3 қазанда Қарағандыдағы Сәкен Сейфуллин атындағы театрда корей мәдениеті фестивалі өтеді. Іс-шара Қазақстандағы кәріс диаспорасының елге қоныс аударғанына 90 жыл толуына орай ұйымдастырылмақ.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



