Жас ғалымдар баспаналы болды
12 сәуір – Қазақстанда ғылым саласы қызметкерлерінің күні. Мереке қарсаңында Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің 14 жас ғалымына пәтер сертификаттары табысталды.

Мұндай қолдау шарасы ғалымдардың әлеуметтік мәртебесін көтеру және қолдау көрсету, сондай-ақ ғылымға жас кадрлардың келуін ынталандыру мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынып отыр.
– Зерттеу университеті – бұл тек гранттар мен зертханалар ғана емес, сонымен қатар талантты оқытушылар, ғалымдар мен қызметкерлер бағаланатын орта. Біз ертеңгі күнге сенім болмаса, мықты ғылым құру мүмкін еместігіне сенімдіміз, – деп атап өтті Е. А. Бөкетов атындағы ҚарУ ректоры Нұрлан Дулатбеков.
Айта кетейік, 2023 жылғы 19 қазанда ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен “Отбасы банк” АҚ арасында жас ғалымдарға 2023-2027 жылдарға арналған жеңілдетілген кредит беру бағдарламасы бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған болатын.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz