Басты тақырып

Жарқыра, жасыл шырша, cәуле шашып

   Жаңа 2018 жылдың төрге озайын деп тұрғанына да санаулы сәттер қалды. Сейсенбі күні облыс орталығындағы “Тәуелсіздік” алаңында аймақ басшысы Ерлан ҚОШАНОВТЫҢ қатысуымен облыстағы басты мерекелік шыршаның шамы жарқырады.

Таңқаларлығы – тұрғындар қарасы қалың. Екі күн бойы еріген қардың табаннан өткен сызы мен көктайғақ мұзын көріп айтып отырмыз. Ымырт үйіріле Бұқар жырау даңғылының бойы қарақұрым халыққа толған еді. Келер жыл алдындағы көтеріңкі көңіл күй мен сәбилердің күлкісін, ата-аналарының қуанышын ауызбен айтып жеткізу мүмкін бе? «Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада». Дала деп отырғанымыз «Тәуелсіздік» алаңы ғой. Қызықтайтын дүние көп екен. Жарқыраған шамдары әудем жерден менмұндалаған түрлі мүсіндерден бөлек, алаңға 200 Аяз ата мен Ақшақар ат басын бұрыпты. Бұл аз десеңіз, Аққала, Әтеш, Тиын, Барыс, Арыстан, 3 мультфильм кейіпкері (Смешарик), Зебра, Бегемот және келер жылдың нышаны – Ит сынды 11 бойшаң қуыршақтар тағы бар.

Шара өтіп жатқанын айғақтайтын ендігі дүние – алты қырдан әрі асқан әсем әуен, ән мен күй. Жақындай келе сахна ажарын келтірген бүлдіршіндер биін көрер едіңіз. Себебі, шыр­шаның қарсы алдына алып сахна тігілген болатын. Қарағандылықтардың көптеп жиналған тұсы да осы – сахна алды. «Нұрби» хореография­лық ансамблінің өнерпаздары бет шымшыған аязға қарамай, тұрғындарға тарту деп, билерін ұсынып жатты. Қарағандылықтар демекші, көріп көзайым болған көрермендер, қатысушылар қатарында облыс, қала басшылығы, ұйымдар мен мекемелер өкілдері, студент және оқушы жастар, қала тұрғындары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері болды.

Қымбатты жерлестер! Қыспен бірге Жаңа жыл да келіп тұр. Ал, Жаңа жыл алдында жасыл шыршаның шамын жағу – біздің жүрегімізге қосымша от береді, кереметтей көңіл күй сыйлайды деп ойлаймын. Келе жатқан жыл – Ит жылы. Итті жеті қазынаның бірі санайды дана халқымыз. Біз – арманы көп елміз. Елбасы бастаған тәуелсіз елміз. Сол арманымыз орындала берсін. Келер жыл бәрімізге бақыт, жақсылық, тыныштық, татулық әкелсін. Жаңа жылдарыңыз құтты болсын, – деді Ерлан Қошанов.

Аймақ басшысының құттықтау сөзінен кейін мерекелік шыршаның шамы жағылып, тұрғындар алакеуім аспанды айшықты нұрға бөлеген отшашуды тамашалады.

Мұнымен салтанатты шара өз мәресіне жетті деп ойламаңыз. Тұр­ғындар мен шырайлы шаһарымызға мерекелік көңіл күй сыйлау мақсатында «Қарағандылықтардың креативті шыршасы» атты алғашқы қалалық фестиваль ұйымдастырылыпты. Жаңа жылдық жобаға қатысушылар өздерінің шығармашылық туындыларын жүзеге асырған екен. Қала тұрғындары мен қонақтары аталған туындыларды қаңтар бойы тамашалай алады. Сөйтіп, мерекелік шырша шамын жағу салтанатында алғашқы фестивальдің жеңімпаздары да марапатталды. Қазылар алқасының ше­шімі бойынша, фестивальде жүлделі І орынды – «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің техникалық директоры Леонид Костогладов, ІІ орынды – «Благоустройство» КМК директоры Нұрлан Мүсіпов иеленсе, ІІІ орын – «Қарағанды Жарық» ЖШС бас директорының кеңесшісі Виктор Слепуховке бұйырды.

Бұдан әрі мерекелік шара Қ.Бай­жанов атындағы концерттік бірлестіктің арнайы әзірлеген концерттік бағ­дарламасына ұласты.

Рауан ҚАБИДОЛДИН

Суретті түсірген

Д.КУЗМИЧЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button