Жансая ЖАРЫЛҒАПОВ: «Қасымның тұлғалық энциклопедиясын шығарамыз»

Қасым қазағына, оның ішінде, Қарағандысына қайта оралды! Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті жанынан ашылған «Қасымтану» ғылыми-зерттеу орталығының ілкімді ізденісі осылай өктем сөйлеуімізге негіз болып отыр.

Рас, қасымтану кенжелеп қалған екен. Кеңестік дәуірдегі идеологиялық талап негізінде шығармашылық ырықсыздықты басынан өткерген Қасым АМАНЖОЛОВ қамығып отырып: «Жаман өлеңім жақсы өлеңімді асырайды» деген екен. Қайсар рухты ақынның жауһардай жарқыраған бай мұрасынан осы күнге дейін бір ғана докторлық диссертация қорғалғанын білесіз бе? Тіпті, ақын өлеңдерінің кезінде бұрмаланған түпнұсқасына текстологиялық сараптама да жасалмаған. Ал, университет ректоры, заң ғылымдарының докторы, ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Нұрлан ДУЛАТБЕКОВТІҢ бастамасымен ашылған орталық осы олқылықтардың орнын толтырмақ. Орталық жетекшісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Жансая ЖАРЫЛҒАПОВ бастаған шығармашылық топ Алматы қаласына сапарлап, олжалы оралды. Сауапты сапардың салмағы мен олжасы жайлы Жансая Жанғазыұлымен ой бөліскен едік…

– Жансая Жанғазыұлы, университет жанынан ашылған «Қасымтану» орталығы Қарағандының ғана емес, тұтас еліміздің рухани өміріне ғажап серпіліс әкелгені айдан анық. Әдебиеттанушы ғалым ретінде осы орталық ашылғанға дейінгі қасымтанудың деңгейі туралы пікіріңізді білгіміз келеді…

– Жасыратыны жоқ, біздің университет жанынан ғылыми-зерттеу орталығы ашылғанға дейін қасымтану реанимациялық жағдайда ауыр тыныстап тұрған. Бір ғана мысал келтірейін, Қасым Аманжолов мұраларына қатысты өткен ғасырдың 70-ші жылдарында Тұрсынған Әбдірахманованың докторлық диссертациясынан кейін ешқандай көлемді еңбек жазылмаған. Біздің әдебиеттану ғылымында бір үлкен кемшілік бар. Белгілі бір ғалым әлдебір шығармашылық тұлға туралы ғылыми зерттеу жүргізе бастаса, ол тақырыпқа басқа ғалымдар жоламайды. Ол тақырып сол ғалымның «меншігіне айналып» шыға келеді. Яғни, біреудің «бақшасына түсуге» ешкімнің жүрегі дауаламайды. «Жазылмаған заң» негізінде қалыптасқан осындай үрдістің салдарынан Қасым мұраларын зерттеу мәселелері кенжелеп қалған. Тұрсынған Әбдірахманованың диссертациясы негізінде жазылған «Қасым Аманжоловтың поэтикасы» атты көлемді монографиясы бар. Қасым ақынның мұрасы жөнінде жазылған жалғыз көлемді еңбек сол ғана.

Оның өзі сол кезеңдегі идеологиялық талап, таптаурын көзқарас, таптық көзқарас негізінде жазылған. Бұл зерттеушінің кінәсі емес, әрине. Заман талабы, әдеби процестің талабы солай болды. Осылайша, Қасым бейнесі естелікте ғана сақталып, мұрасы ғылыми айналымға түсе алмай келді. Бұл көзқарас ескірді, заман өзгерді. Ал, Тәуелсіздік жылдарында Қасым мұрасына қатысты екі ғылыми жұмыс қорғалған екен. Құралай Қалиева мен Аманғали Мұхтаров есімді екі әріптесіміздің зерттеулерін олжа санап келдік. Ақынның 100 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылған ғылыми-практикалық конференцияға қатысқан ғалымдардың зерттеу мақалалары бар. Осыдан басқа ауыз толтырып айтарлықтай олжамыз болмай келіпті.

– «Қасымтану» орталығы осы олқылықтардың орнын толтыра ала ма?

– «Толтырамыз» деп, білек сыбанып іске кірістік қой… Жалпы, университет басшылығына белгілі руханият жоқ[1]шысы, көрнекті алаштанушы Нұрлан Орынбасарұлының келуімен Орталық Қазақстанның рухани өміріне үлкен серпіліс келді деп нық сеніммен айтуға болады. Әсіресе, филология, тарих факультеттеріне жеткілікті деңгейде көңіл бөлініп, ғалымдардың бастамалары мен ұсыныстары қолдау таба бастады. Бұл бағыттағы ғылыми жобаларды қаржыландыру көлемі артты. Бұған дейін теперіш көріп келдік деп айтуға болмас, әрине. Дегенмен, тың серпіліс байқалып отыр. «Қасымтану» ғылыми-зерттеу орталығы да – тікелей ректорымыздың бастамасымен өмірге келген жоба.

Енді, бұл орталық тек қана Қасым Аманжолов мұраларын зерттеумен айналысады десек, қателесеміз. Жоба-жоспарымыздың ауқымы – кең. Өңірдегі әдеби-рухани мәселелердің барлығын қамту ойымызда бар. Бірақ, негізгі басымдық Қасым мұраларын қайта зерделеу мәселесіне берілмек. Бұл жердегі негізгі мақсат – Қасым Аманжолов шығармашылығын жаңа ғылыми көзқарас, жаңа тәуелсіз әдіснама тұрғысынан зерттеу. Мәселен, Қасымның жастық шағы, бозбала кезеңі ХХ ғасырдың басында Алаш орталығы болған Семейде өтті. Сол кезеңдегі Қасым жырларының романтикалық рухы, ұлттық идея, ақын шығармашылығын әлемдік контекс деңгейінен зерделеу, оның әлемдік поэзиядағы, әлемдік мәдениеттегі орны деген мәселелермен шұғылдану жоспарымызда бар. Сондай-ақ, Қасым Аманжолов мұраларына үлкен эстетикалық-философиялық категориялар тұрғысынан қарау, ақын өлеңдерінің текстологиясына қайтадан зерттеу жүргізу мақсатында бірнеше бағытқа жіктелген жоспар әзірленді. Ең ірі жобамыздың қатарында Қасым мұраларына қатысты зерттеу еңбектерінің екі томдығын әзірлеу бастамасы бар. Сонымен қатар, Қасым Аманжоловтың шығармашылығы мен өміріне қатысты библиографиялық көрсеткішін әзірлеу, шығармаларының академиялық сөздігін дайындау, Қасымның тұлғалық энциклопедиясын шығару секілді ауқымды жұмыстарды қолға алып жатырмыз. Осынша жұмысты жүйелі жүргізу үшін университет орталық жанынан «Қасымтану мәселелері» атты ғылыми жоба әзірледік. Жоба жетекшісі – мен. Бұл жобаға тек Қарағанды ғалымдары ғана емес, республикаға танымал әдебиеттану шылар тартылып отыр.

 

 

– Бәрекелді! Кез келген ізгі жобаның жолын қаржы мәселесі кесіп жатады. Құпия болмаса, Сіздердің жобаларыңызды қаржыландыру көлемі жеткілікті ме?

 

– Сөз басында айтқанымдай, орталық жұмысын қаржыландыру мәселесі оң шешімін тапты. Бір жылға 10 миллион теңге бөлініп отыр. Жобаның алғашқы кезеңдерін сапалы жүзеге асыруға жеткілікті қаржы.

– Енді әңгіме ауанын Алматы сапарына ойыстырсақ…

– Алматы сапары өте олжалы болды деп айта аламыз. Менімен бірге докторант, жас жазушы Алмаз Мырзахметов барды. Екеуміз Ұлттық кітапханадан бастап, Қасым Аманжоловтың қыздары Жанна, Дариға апайларға барып, ақын өмірі мен шығармашылығынан сыр шертер небір құнды жәдігерлерді қолға түсірдік.

Обалы нешік, Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның әр өңірінен әдебиет төңірегінде жүрген зерттеушілеріміз Қасым шығармашылығы туралы ара-тұра ғылыми мақалалар жазып жүрді. Бірақ, ол еңбектерді бір жүйеге келтіріп, жинақтау мәселесімен ешкім айналысқан жоқ. Біз осы сапарымызда Ұлттық кітапханада Қасым шығармашылығына қатысты қандай дүние бар, соның барлығын алып келдік. Әсіресе, кейінгі жылдары жазылып, ешқандай айналымға түспей жатқан құнды материалдардың көшірмелерін жасап алдық.

Ал, Жанна, Дариға апайлардың отбасылық архивінен аттай қалап алған дүниелеріміз – өз алдына. Ақынның жеке өмірінен, талайлы тағдырынан сыр шертер жәдігерлерді сұраған жоқпыз. Бірақ, қазір сирек кітаптар тізіміне еніп кеткен Қасымның бірнеше кітабын алып келдік. Мәселен, 1938 жылы латын әліпбиімен басылған «Өмір сыры», 1946 жылы жарық көрген «Дауыл», 1950 жылы баспадан шыққан «Нұрлы дүние», 1946 жылы орыс тілінде шыққан «Гроза», 1940 жылы Асқар Тоқмағанбетов, Жұмағали Саин, Қалижан Бекқожин төртеуі бірігіп аударған «Жәңгір» атты қалмақ халқының эпосы және тым ертерек араб қарпімен Қытайда жарық көрген кітаптары ғылыми орталықтың олжасына айналды. Бұл кітаптардың бірде-біреуін қазір табу қиын. Тіпті, 1955 жылы жарық көрген үш томдығының өзін кездестіре алмайсыз. Белгілі қаламгер Сүйіндік Жанысбай ағамыздың қолында бір томы бар деп естиміз. Осы Сүйекең сияқты кітапқұмар ақсақалдардың қолында болмаса, Қасымның көзі тірісінде жарық көріп, дауылпаз ақынның көз қуанышы болған жинақтарын кездестіру мүмкін емес.

Тағы бір ең керемет олжамыз болған дүние ақын шығармашылығына байланысты әзірленген картотеканы Дариға апай қолымызға табыстады. Дариға апай өмір бойы кітап палатасында қызмет істеген. Картотека жасау тәртібін жетік меңгерген маман. Ақын шығармашылығына қатысты не жарық көрді, соның барлығы жыл-жылымен, күн-күнімен, барыншы ұқыпты қатталған. Сол картотека – қолымызда.

Ол аз десеңіз, бұрын еш жерде жарияланбаған отбасылық фотоларын да бізге сыйға тартты.

Болашақта бұл жәдігерлер біздің орталықтың ғана олжасы болып қалады деген сөз емес. Мұның барлығын біз зерттеулерге пайдаланып, электрондық нұсқасын дайындап алып, Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық орталыққа тапсырамыз деп жоспарлап отырмыз. Оған дейін басшымыз Нұрлан Орынбасарұлының бастамасымен көшпелі көрме ұйымдастыру ойымызда бар. Сондай-ақ, барлық жәдігерлердің цифрлық нұсқасын әзірлеп, сайттарға орналастыруға ақынның қыздарының келісімін алдық.

Ақынның өзі көзі тірісінде Мәскеуге барған сапарында бірталай кітаптар сатып әкелген екен. Оның ішінде татар әдебиеті, орыс әдебиеті, тағы басқа да әлем әдебиеті жауһарларының орыс тіліндегі нұсқалары бар. Ондағы мақсаты сол классикалық туындыларды қазақ тіліне аудару болған. Алайда, өмірі жетпеді.

– Коммунистік цензураның Қасым шығармашылығына кері ықпалы болғаны белгілі. Көп өлеңдері идеологиялық талап шеңберінде редакцияланып, түпнұсқа түбегейлі өзгеріске ұшыраған деседі. Болашақта ақын туындыларының түпнұсқасын іздеу жоспарларыңызда бар ма?

– Қасым Аманжоловтың өмірі мен шығармашылығы туралы ең алғаш көлемді еңбек жазған белгілі ғалым Есмағамбет Ысмайыловтың өзі ақынның Семейде жазған дәптерінің жоғалғаны туралы айтады. Ол кезең коммунистік идеологияның әлі өз күшіне мінбей тұрған кезі еді. Яғни, ақын шығармаларында еркіндік, ұлттық рух бар деген сөз. Өкінішке орай, ол дәптер біздің қолымызда жоқ. Оралдағы дәптерлерінің де көбі жоғалған. Сонымен бірге, соғыста жүріп жазған отты жырларының да көбі жоғалғаны туралы өзінің естелігінде жазады. Әрине, мүмкін болып жатса, ақынның қолжазбаларын іздеп, тауып жатсақ, ғажап олжа болар еді…

Ал, енді Қасым жырларының редакциялануы, цензуралық тұрғыдан күзелуі – сол кезеңдегі қазақ қаламгерлерінің барлығы басынан өткерген трагедия. Тіпті, Тәуелсіздік жылдарының өзінде Қасым өлеңдеріндегі «Ленин», «Сталин» сөздерін басқа тіркестермен алмастыру үрдісі болған. Біздің алға қойған мақсаттарымыздың бір бағытында Қасымның 1955 жылы жарық көрген үш томдығының негізінде кейін жарияланып жүрген өлеңдеріндегі өзгерістерді қалпына келтіру мәселесі бар. Өйткені, сол үш томдық таңдамалыдағы өлеңдері аса көп редакцияланбаған екен. Бұл жинақты Тәкен Әлімқұловтың өзі бүкіл Қазақстанды шарлап, қолына түсіре алмаған. Ал, біз оны Жанна, Дариға апайлардан алдық. Тәкен Әлімқұлов сұрап барғанда бұл кісілер бермепті.

– Тамаша! Ақынның ұрпақтарымен әңгімелесу барысында Қасым тағдырына байланысты тың деректер айтылған жоқ па?

– Ақынның талайлы тағдыры туралы аз айтылып, кем жазылып жүрген жоқ қой. Бірақ, Дариға апайдың жазушылық қыры туралы еш жерден оқымаған екенбіз. Әңгіме арасында ақын ұрпақтарынан шығармашылыққа бейімі бар ма деп сұраған едім. Екі апай бір-біріне қарап біршама отырды да, Жанна апай: «Бар, алып кел» деп күлді. Дариға апай алдымызға 25 қалың дәптер әкеліп тастай салды. Сөйтсек, өзі проза жазады екен. Тап-тамаша суретшілігі де бар. Әлгі дәптерлердің алғашқы бетіне кейіпкерлерінің суретін өз қолымен салып, мұқабаларын өзі безендірген. Содан аттай қалап, бір дәптерін сұрап алдық. Тек қана орыс тілінде жазады. Сәтін салса, ректорымыз Нұрлан Орынбасарұлы Дариға апайдың әңгімелер жинағын шығаруды қолға алып жатыр. Міне, Алматы сапарының тағыр бір керемет олжасы – осы.

– Уақыт тауып, сұхбат бергеніңізге рахмет! Орталық жұмысына сәттілік тілейміз!

Әңгімелескен Ерсін МҰСАБЕК.