Білім

Жансүгіров жырлары жатқа оқылды

Облыстық білім басқармасы мен «Сарыарқа дарыны» балаларға қосымша білім беретін аймақтық ғылыми-практикалық орталығының мұрындық болуымен ақын Ілияс Жансүгіровтың шығармашылығын дәріптеу мақсатында республикалық «Ілияс оқулары» байқауының облыстық іріктеу кезеңі өтті. «Қарағанды көлік-технологиялық» колледжі базасында өткізілген байқауға 7-11 сынып оқушылары қатысты. Аймақтан жиналған 41 оқушы 3 бағыт бойынша өнер көрсетті.

«Ілияс – эпик ақын» бағытында қатысушылар ақынның поэмаларын, «Сұлу сөздің сүлейі» бағытында өлеңдерін жатқа оқыды. Ал, «Ағынды менің – Ақсуым» бағытында жас ақындар ақынға арнап жырдан шашу шашты.

«Ілияс – эпик ақын» аталымында І орынды – Қарағанды қаласы №61 жалпы білім беретін орта мектептің 10-сынып оқушысы Нұргүл Сырымбет иеленді. ІІ орынды – Қарқаралы ауданы,  №14 жалпы білім беретін мектептің 10-сынып оқушысы Мадина Орақбай жеңіп алды. Ал, ІІІ орынды – Шахтинск  қаласы, №12 жалпы білім беретін мектептің 9-сынып оқушысы Аяулым Алтайбай мен Нұра ауданы, М.Сүлейменов атындағы тірек мектебінің 9-сынып оқушысы Сағыныш Күлпеисова, «Озат» ақпараттық-технологиялар мамандандырылған мектеп лицей-интернатының 10- сынып оқушысы Нұржігіт Тулешов еншіледі.

– Осы байқауға қатысу үшін 2 ай дайындалдым. Күні-түні ақынның поэмаларын жаттаумен болдым. Нәтижесінде 3 поэманы жаттап, І орын иелендім. Әрине, өлең жаттағанға қарағанда қиын. Дегенмен, бойда ерік-жігер болса, оны кез-келген адам жаттай алады. Мұндай байқауға бірінші мәрте қатысуым. Қазылар құрамы 3 поэманың кез-келген жолын сұрайды. Алғашқыда қобалжыдым. Бірақ, тыңғылықты, ден қойып жаттағанымның нәтижесінде, сұрағанын мүдірмей айтып шықтым, – деді Нұргүл Сырымбет.

          «Сұлу сөздің сүлейі» аталымында №61 жалпы білім беретін мектептің 11- сынып оқушысы Ақшархат Эшкулова жеңімпаз атанды. ІІ орын – Осакаров  ауданы, №29 мектептің 9- сынып оқушысы Тұртілеу Бұлғанхан мен Қарқаралы ауданы, Жаңатоған ауылындағы №14 ЖББМ-тің 8-сынып оқушысы Аружан Балташқа бұйырды. Ал, ІІІ орынды – Ақтоғай ауданы, «Ортадересін» жалпы орта білім беретін мектептің 8- сынып оқушысы Мүсілімбек Динара, Нұра ауданы, Нұра мектебінің 8-сынып оқушысы Айбибі Берлибекова, Балқаш қаласы, «Абай атындағы №2 мектеп-лицейдің» 7-сынып оқушысы Асия Сейдіғали теңдей бөлісті.

– Бұл байқауға арнайы дайындалғандықтан, қиынға соққан жоқ. Себебі, ұстазым Дидар Торегелдина шәкірттерін осындай байқауларға аса жауапкергілікпен дайындайды. Мектепте, одан қала берді үйде жеке дайындап, барлық уақытын шәкірттерімен өткізеді. Осы ұстазымның арқасында жүлделі болып жатырмын. Мен осы байқауға ақынның 45 өлеңін жаттап келдім. Бұған дейін Абай, Мұқағали оқуларына қатысып, жүлделі орын иеленгенмін. Тіпті, Мұқағали оқуларының республикалық кезеңіне жолдама алдым, – дейді Ақшархат Эшкулова.

«Ағынды менің – Ақсуым» аталымында Нұра ауданы, А.Асылбеков атындағы мектептің 11-сынып оқушысы Ерсұлтан Жасұзақ жеңімпаз атанды. ІІ орынды – Шахтинск қаласы, Ә.Бөкейханов атындағы мектеп-лицейінің  9-сынып оқушысы Нұртілек Хайрат, Қарағанды қаласы, №25 мектептің 10-сынып оқушысы Нұрасыл Аманжол иеленді. Балқаш қаласы, Ә.Бөкейханов атындағы №15 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Ертай Көрпетай, Бұқар жырау ауданы, Ростовка тірек мектебінің 8-сынып оқушысы Жаншырақ Сержан, Приозерск қаласы, №1 мектебінің 8-сынып оқушысы Шапағат Каримсакова ІІІ орын иегерлері атанды.

– Ерсұлтан 5-сыныптан бастап түрлі деңгейдегі байқауларға қатысып келеді. қалалық, облыстық деңгейдегі байқаулардан жүлделі орын иеленген. Баланың бойында бір ерекшелік бар. Талапты. Еңбекқор. Ізденімпаз. Өлеңдерінің басым бөлігі отбасына бағытталған. Ал, осы байқауға «Құлагер», «Ілиясқа» атты туындыларын ұсынды, – деді Ерсұлтан Жасұзақтың жетекшісі Гүлден Мұқанова.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button