Білім

«Жадымда тұрар жаңғырып…»

Ұстаз – ұлы ұғым, зор құрметпен айтылатын сөз. Ұстаз туралы ойға алғанда әр адамның кеудесінде өз ұстазына деген шынайы сағыныш отын маздайды. Өйткені алтын ұя мектептің табалдырығынан «тарыдай болып кіріп, таудай болып шығатын» жұмыр басты пенденің өмір бойы алғыс айтып, бас иіп өтер адамы – Ұстаз екендігі екі дүниедегі айнымас ақиқат. Біз бүгін «Менің Ұстазым!» деген жүректі елжіретіп, жан тербетерлік атқа лайық болған ұлағатты ұстаздарымыздың бірі – Айбөпе Қабдиева туралы ой толғағанды жөн көрдік.

 

Саналы ғұмырын бала оқытып, болашақ ұрпақтың бойына сапалы білім мен саналы да өнегелі тәрбиенің нәрін құюға арнаған Айбөпе Қабдиева 1947 жылы 22 тамызда Қарағанды облысы, Ульянов ауданы (қазіргі Бұқар жырау ауданы), Қылыш Бабаев (қазіргі Үміткер) ауылында дүниеге келген. 1954 жылы мектеп табалдырығын аттап, 1963-1964 оқу жылында орта мектепті бітіреді. Мектепте оқыған жылдарында комсомол ұйымының белсенді мүшесі болған. Мектеп жанынан құрылған көркемөнерпаздар ансамблінде аккордеонда шебер ойнап, ансамбльдің сүйемелдеуімен жеке орындауда ән салған. 1964-1965 жылдары бухгалтер болып жұмыс істеп, 1965 жылы Қарағанды педагогикалық институтының физика-математика факультетіне оқуға түседі. Институтты 1969 жылы аяқтап, өзінің туған ауылында математика пәнінің мұғалімі болып еңбек жолын бастайды. 1973 жылы Қарқаралы ауданының қазіргі Қасым Аманжолов селолық округіне қарасты (бұрынғы Фрунзе атындағы совхоз) Аққора бөлімшесіндегі сегізжылдық мектепке математика пәнінің мұғалімі болып ауысып келді де, зейнет демалысына шыққанша үздіксіз қызмет атқарды.

Ол мұғалім деген мәртебелі мамандыққа шын лайықты жан бола білді. Өз ісіне берілген, әрқайсысымыздың жанымызға нұр құйып, содан бақыт тауып, бізді де бақытқа жеткізген ұстазымыздың жөні де, жолы да дара еді. Бастауыш сыныпты аяқтаған бізді ең алғаш қабылдап алып, сынып жетекшіміз болған күннен-ақ екінші анамызға айналып, өмірдің қиындықтарынан жасымай өтуге даңғыл жол салды. Ұстазымыздың мейірімді жүзінен асықпай, мәнерлеп сөйлеген сөзінен әрқайсысымыз­ға деген қамқорлықтың, аналық сезімнің жылы лебі есіп тұратын. Әр сөзді сыңғырлай айтқан үні, дауысы әлі күнге дейін құлағымызда жаңғырып тұрғандай. Айбөпе ұстазымыздың асыл қасиеттерді бойымызға сіңіріп, санамызға сәуле құйғанын, келешегімізге бағыт-бағдар берер жолбасшы, зердемізді ашқан шамшырақ бола білгенін қалайша ұмытармыз?!

Ұстазымыздың жан дүниесі қандай сұлу болса, сырт келбеті де сондай сұлу болатын. Талғаммен киінетін. Шындығында, әр бала ұстазының киім киісіне, жүріс-тұрысына, іс-әрекетіне мән беріп, тіпті, кейбірі өздерін болашақта мұғалім ретінде елестетіп, мұғалімге қарап бой түзейді.

Бала тәрбиесіне өте үлкен көңіл бөлген, мән берген ұстазымыз өз ұрпағының да ұлттық рухпен сусындап өсуіне көп күш салды. Соның жемісі болар, балалары Гүлмира, Ерлан, Гүлсая, Гүлден қатарының алды болып өсті. Үшеуі де анасының жолын қуып, бүгінгі таңда мұғалім болып қызмет жасайды.

Айбөпе Қасымқызының еңбегі еленбей қалған емес, өз кезіндегі мұғалімге лайықты аудандық білім бөлімінің, облыстық білім басқармасының Құрмет грамоталарымен марапатталған.

Жылы жүректі, қарапайым, көңілі қардай аппақ Айбөпе ұстазымыз бәріне аяулы ана, асыл жар, ұлағатты ұстаз ретінде үлгі-өнеге бола білді. Біз, 1965 жылы туған шәкірттері, ұстаз ұлағатына бас иіп, сағынышпен еске аламыз. Ұстазымыздың ардақты есімі жүрегімізде мәңгі сақталады.

1965 жылы туған шәкірттері
Қарқаралы ауданы

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button