Жақсылық жасап жарысайық
«Мектепке жол» республикалық акциясын Шахтинск қаласының кәсіпкері қолдады. Іскер әйелдің арқасында 300 әлеуметтік осал отбасының балалары жаңа киім мен сөмкелер алды.
Айта кетейік, «Мектепке жол» дәстүрлі жалпы республикалық қайырымдылық акциясы 2024 жылғы 1 тамыз және 30 қыркүйек аралығында өткізіледі. Акцияның мақсаты – аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған оқушыларға, жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке бармауының алдын алу үшін әлеуметтік көмек көрсету.
Шахтинск жастар ресурстық орталығы мәлімдегендей, кәсіпкер әйел қайырымдылыққа 120 мектеп киімі бар жәшік берген. Олардың барлығы жаңа киімдер. Жергілікті білім бөлімінде берілген тізім бойынша киімдер көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, жалғызбасты аналарға таратылды.
– Біздің қайырымдылық акциямызға «Қамқор – 2007» қоғамдық бірлестігі белсенді қатысуда.
Заттарды тапсырған кәсіпкер осы қоғаммен тұрақты негізде жұмыс істейді.
Кәсіпкер өз аты-жөнін айтқанымызды қаламады. Қайырымдылыққа берген заттар ішінде, мектепке киюге арналған киімдер бар. Біз оларды 300 отбасының балаларына бердік, ал, тағы 300 отбасы ересектерге арналған киім алды. Бұл – көптеген адамдардың отбасылық бюджетіне үлкен көмек. Олар үнемделген ақшаны кеңсе тауарларына жұмсай алады. Осындай әлеуметтік жауапты кәсіпкерлер көбейгенін қалаймын, – дейді Шахтинск қаласының Жастар ресурстық орталығының басшысы Алексей Варзаев.
Аружан СЕРІКБАЙ
Сурет ашық дереккөзінен