Тоғыз жолдың торабында тұрған Шет ауданы құрылыста қамшы салдырмайды. Жылдан-жылға баспанаға мұқтаж бұқараға өз үйі – өлең төсегі көптеп бұйырып келеді. Биыл да бұл үрдістің желісі үзілген жоқ. Жыл сайын құрылыс ауқымы кеңейіп, ауылдағы ағайында қоныстойы көбейген.
Шет ауданы әкімдігінің таратқан ақпаратынша, алдағы уақытта аудан бойынша 202 пәтер иесін табады. Атап айтқанда, Ақсу-Аюлы ауылында, Ақадыр, С.Сейфуллин, Ақжал кенттерінде жаңа үйлер мен таунхаустар салынуда.
Аудан орталығы – Ақсу-Аюлыдағы «Құмжон» шағын ауданында заманауи таунхаустар мен жайлы үйлер бой көтереді. Он бір көппәтерлі таунхаус пен он жартылай жеке үй модульдік қазандықтан жылытылатын болады. Оны да құрылыс компаниясы салады. Бүгінде жаңа трансформатор пунктін орнатып, электр желілерін тартты.
– Ақсу-Аюлыда биыл 104 пәтерді жоспарлап отырмыз. Жаңа «Құмжон» шағын ауданы ауылдың таныстырылым картасына айналады. Бұл сұйық травертинмен қапталған әдемі және жайлы үйлер. Орталық жылыту және жаңа трансформатор пункті жылу мен электрмен жабдықтайды. Құрылыс салушы мұның бәрін өз есебінен жасайды, – деді Шет ауданы әкімінің орынбасары Дәурен Қарсембаев.
Бұдан бөлек, Ақсу-Аюлыда орталық кәріз жүйесінің құрылысы да қолға алынған. Осылайша тұрғындардың жылдар бойы күткен мәселесі шешімін табуда. Биыл құрылыс басталды. Жоба үш жылға есептелген.
Сонымен қатар, Ақой, Еркіндік, Еңбекшіл, Бекет, Қызылқой, Ақсу, Қызылтау және Ақбауыр ауылдарында орталық су құбырының құрылысы басталғанын да атап өткен жөн.
Өз тілшімізден.