Жаңа нысандар – жұрт игілігіне
Облыс әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВ Абай ауданындағы жұмыс сапары барысында балабақша мен отбасылық-дәрігерлік амбулаторияның ашылу салтанатына қатысып, үй тұрғызуға арналған жер телімдері сертификаттарын тұрғындарға табыстады.
Мектеп жасына дейінгі балаларды балабақшамен толық қамту мақсатында Абай қаласындағы бұрынғы «Гүлдер» санаториінің екі қабатты ғимараты жөндеуден өткізіліп, балабақша ретінде қайта ашылды. Бұл мақсатта жергілікті бюджеттен 45,5 млн. теңге бөлініп, ғимараттың жөндеу жұмыстарына, жиһаз сатып алуға жұмсалды. «Болашақ әлемі» деп аталатын жаңа балабақша 75 балаға арналған. Мұнда бүлдіршіндер үш тілде білім алады. Облыс әкімі мекеме ұжымына теледидар тарту етті.
– Бүгін «Болашақ әлемі» балабақшасы 75 бүлдіршінге есігін айқара ашып отыр. Бұл ғимаратта балаларды тәрбиелеуге қажет жағдайдың бәрі жасалған. Біз сәбилерге арналған топтарды ашу мүмкіндігін де қарастырудамыз. Балабақша ашу арқылы балалар мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылып, жаңа жұмыс орны ашылды. «Болашақ әлемі» балабақшасында 28 адам жұмыс істейтін болады, – деп атап өтті аймақ басшысы.
Облыс әкімінің жұмыс сапары Школьная көшесінде жалғасты. Мұнда жеке тұрғын үй салуға арналған жер телімдері сертификаттары тұрғындарға табысталды. 32 жер телімін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен жабдықтау үшін Ұлттық қордан 79 млн. теңге, облыстық бюджеттен 8,8 млн. теңге бөлінген. Облыс әкімі осындағы жұмыс барысымен танысты.
Жартас ауылында Нұрмұхамбет Қанапияұлы жаңадан ашылған отбасылық-дәрігерлік амбулаторияда болды. Аталған нысан «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында тұрғызылған. Амбулаторияда бір ауысымда 20 адам ем қабылдай алады. Жобаның құны – 117 млн. теңге. Балалар бөлмесі, акушерлік-гинекологиялық, емдеу-сауықтыру бөлімдері қарастырылған.
Облыс әкімінің
баспасөз қызметі.