Жаңа нысан – жұрт игілігіне
Жақында Сарышаған кентінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша қысқа мерзім ішінде хоккей корты іске қосылды.
Салтанатты шараға ауыл тұрғындары көптеп жиналып, шат-шадыман күй кешті. Сарышаған орта мектебінің оқушылары флеш-моб ұйымдастырып, салтанатты шараның шырайын кіргізіп, жастыққа тән жігер танытты.
Сол күні Ақадыр, Мойынты, Сарышаған, Ақтоғай ауылдарынан келген жас хоккейшілер әдемі ойын өрнегін көрсетті.
– Ауылымызды көркейту ісі көпшіліктің ұйымдасуымен жүзеге асырылады. Ортақ шаруа, ортақ міндетті жүйелі түрде атқаруға жетелейді. «Ауылына қарап, азаматын таны» деген. Атағы жер жарған спортшылардың өмір соқпағы осындай кішкене алаңдардан басталады. Жастарға деген қамқорлық аясы тарылмайды, – дейді кент әкімі М.Әбікеев.
Оралбек ЖҮНІСҰЛЫ
АҚТОҒАЙ ауданы.