Жаңа мешіт – жамағат игілігіне
Алғабас ауылындағы ағайын шарапатты іске мұрындық болды. Жуырда Бұқар жырау ауданына қарасты бұл ауылдағы көне мешіт қайта жөндеуден өтіп, жамағатқа есігін айқара ашты.
Бұрынғы мешіт ғимараты осындағы мұсылман қауым үшін тарлық ететін. Сондықтан, алғабастықтар көптен бері мешітті кеңейтуді ойластырып жүрген.
Жөндеу шаралары аясында ауқымды істер атқарылыпты. Нақты айтқанда, мешіт жанынан асхана тұрғызылып, жылу қазандығы орнатылыпты. Бұрынғы бөлігіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Аталған іске мешіт имамы Айтқожа Өтеулин ұйытқы болып, ауыл азаматтары бір кісідей тізе қосыпты. Мешіттің ашылу салтанатында құрылысқа атсалысқан ауыл тумалары түгел жиылды. Сөйтіп, алғабастықтар ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында туған жерді түлетуге орасан үлес қосты.
Нұрқанат ҚАНАФИН
БҰҚАР ЖЫРАУ ауданы.