Көк түтінін будақтатқан ескі қоғамдық көліктерді қаладан таппайсыз қазір. Кешегі күнге дейін тозығы жеткен автобустар жолаушы тасымалдап келген. Кейінгі уақытта, тіпті, қала тұрғындары қынжылыс білдіріп, әлеуметтік желіге фото-бейнежазбаларын жүктеуді жиілеткен еді. Енді, ұмыт бола бастады. Қазір Қарағандыда жаңа автобустар жүйткіп жүр. Маусым сайын қаланың автопарктері жаңаруда. Бұл да алдағы Республика күніне орай жолаушылар үшін тартымды сый болды.
Жақында тағы да желіге №3 автопарктің 34 жаңа автобусы шықты. Олар №40, 43, 53 және 118э бағытында жолаушы тасымалдайды.
– Сарандағы зауыттан 34 жаңа автобус сатып алдық. Олар климатты бақылау, бейнебақылау жүйелерімен және ақылды камералармен жабдықталған. Мысалы, егер жүргізуші шаршаса, қалғып кетсе, темекі шексе немесе телефонмен сөйлессе, бұл камералар бәрін түсіріп, ереже талабы бұзылғаны туралы белгі береді. Осылайша, нақты уақыт режимінде барлығын қадағалап отыруға техникалық мүмкіндігіміз бар, – дейді №3 автобус паркінің бас директоры Артур Михайлович.
Автопаркте алты жыл бойы еңбек етіп жүрген Елдос Ертай жаңа автобустың жайлылығын айтады. – Бұрынғы автобусым аса ескі емес еді, 2019 жылғы. Дегенмен, жаңа автобус жайлы. Түгел камерамен жабдықталған. Сараннан автобус шығарылғалы бері автопаркіміз жаңарып қалды. Әйтпесе, бұған дейін №70 бағыттағы автобусты жүргізгенмін. Ол тым ескі. Жолаушылар амалдың жоқтығынан мінетін. Онымен қоса, сынып, жөндеуде тұратын. Сол кезде автобус рейсі кешігетін. Жетіспеушілік болатын. Қазір оның бәрі өз шешімін тауып келеді, – дейді Елдос Болатұлы.
Жалпы, биылға облыс бойынша қала ішінде қатынайтын 195 жаңа автобус сатып алу жоспарланған. Бүгінде оның 95-і жолға шықты. Қалған 100 автобус жыл соңына дейін сатып алынып, қолданысқа берілмек.
– Жыл соңына дейін 100 автобустың 96-сын №3 автобус паркі, ал қалған төртеуін – «Рейс» ЖМ сатып алады. №3 автопаркі 36 автобусты қалааралық бағытқа шығарады. Яғни, бұл бағытта жүрген ескі автобустар жаңарады, – дейді жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт Қожанов.
Басқа аудан, қаладағы жолаушылар қатынасы да – назарда. Мәселен, былтыр Саран қаласына «QazTehna» зауытынан 11 автобус сатып алынып, қалаішілік жолаушы тасымалына берілген. Биыл Абай ауданына жыл соңына дейін «СемАЗ» зауытынан 8 автобус сатып алынбақ. Осы арқылы ауданішілік бағытта қатынайтын ескі автобустарды жаңарту көзделіп отыр.
–Бұдан бөлек, Балқаш қаласы бойынша да қалаішілік маршруттағы ескірген автобустарды толық ауыстыру мәселесі пысықталуда. «QazTehna» зауытынан өнеркәсіпті дамыту қорының жеңілдікті тетігі арқылы 29 жаңа автобус сатып алу жоспарлануда. Автобустар келесі жылдың басында Балқашқа жеткізіледі, – дейді Мақсұт Қожанов.
Бұған дейін «QazTehna» зауытынан №5 автопаркте 59 автобус жеткізілгенін хабарлағанбыз. Бұл жаңалық Пришахтинск тұрғындары ерекше қуанышты болды. Бұған дейін осы бағытта қатынайтын №145 және №45 автобустардың дені ескірген еді. Қазір жолаушылар «Еуро5» экологиялық стандартына толық сай жаңа көлікпен қатынап жүр.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев №5 автопарктегі кездесуінде қоғамдық көліктің жұмыс кестесін ұзарту керектігін тапсырған еді.
– Осымен үшінші жыл қоғамдық көлікті жаңартумен тұрақты түрде айналысып келеміз. Onay электронды билеттеу жүйесін енгіздік. Қалалық маршруттарда ғана емес, қала маңындағы маршруттарда да жол жүруді екі есеге жуық арзандатуға мүмкіндік жасадық. 18 жасқа дейінгі балалар тегін жүреді. Енді Пришахтинск тұрғындарының үйіне жетуі үшін автобустардың жұмыс уақытын 21.00-ге дейін ұзарту мәселесі ғана қалды. Қалааралық автобустарды да жаңарту көзделген. Ең сұранысқа ие бағыттардың бірі – «Қарағанды-Теміртау» бағыты. Жақын арада Балқаш қаласының да автобус паркі жаңарады. №5 автопарктің иелері сол жерде де жұмыс істейді, – деді аймақ басшысы.
Жаңа автобустар жылдамдықты шектейтін құралдармен, жүріп-тұруы қиын жолаушыларға арналған көтергіштермен жабдықталған. Автобустар «Еуро-5» экологиялық стандарты талаптарына толық жауап береді. Сыйымдылығы – 80 адам. Қай аялдамаларға қатынайтыны жайлы электронды тақтада көрсетіледі. Енді, қала ішіндегі автобустар жасыл болса, қалааралықтың түсі көк болады.
Қазір автопарк техникаларының 80 пайызы жаңартылған. Мұндай бағыттағы жұмыстар әлі жалғасады.
Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Ortalyq.kz