Руханият

Жүсіпбек рухымен жүздескен күн

Кеше кеншілер шаһарында Қазақстанның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әнші Жүсіпбек Елебеков атындағы IX Республикалық дәстүрлі әндер орындаушыларының байқауы басталды. Биылғы байқау ұлт өнерінің жарық жұлдызына айналған тұлғаның 120 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Байқаудың шымылдығы «Сарыжайлау» кинотетарында ашылды. Мұнда ұйымдастырушылар мен қазылар алқасы қатысушылар мен тыңдармандарға баспасөз мәслихатын өткізді. Онда байқаудың негізгі ережелері мен талаптары түсіндірілді.

Жас әншілерге бағасын беріп, тамашалауға құрметті меймандар да арнайы келді. Қадірменді қонақтардың көшін Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор, қазылар алқасының төрағасы Қайрат Байбосынов бастады. Қазылар алқасының құрамында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қарағанды облысының Құрметті азаматы Рымбала Омарбекова мен Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Ғалым Мұхамедин, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жақсыкелді Кемалов және Жүсіпбек Елебековтің ұлы Естай Елебеков бар.

– Өте қуанышты күнде, мерейлі сәтте осы байқауға әділ қызмет етейік деп жиналдық. «Сарыарқа» телеарнасындағы таңғы хабарда Жүсіпбек Елебековтің азаматтық болмысын, шәкірт тәрбиелеудегі ерен еңбегін, бөлек әдіс-тәсілін айттым. Мен – Жүсіпбек Елебековтің алғашқы шәкіртінің бірімін. Жәнібек Кәрменов, қазір осында отырған Ғалым Мұхамедин де – төл шәкірті. Композитор Тұрсынғазы Рахымов сәл кейіндеу келді. Жүсекең өмір бойы жинаған әндерін бізге үйретті. Біз бәрін мұқият бойымызға сіңірдік. Әрқайсымыздан үміт күтті. Ол кісінің бір кереметтігі – бәріміздің болашағымызды болжап кетті. Кімнің әнші болатын, болмайтынын дөп айтатын. Қазір сол Алматыдағы эстрада студиясы Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжі деп аталады. Ол Еркеғали Рахмадиев министр болып тұрғандағы игі іс еді. Ал, мына байқауға қатысушыларға сәттілік тілеймін! – деді Қазақстанның Халық артисі Қайрат Байбосынов.

Дәстүрлі түрде жыл сайын өтетін айтулы байқауға Астана, Алматы, Шымкент, Тараз, Жетісу, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Абай, Ақмола облысы және тағы да басқа өңірлерден үміткерлер келді. Ән орындаушылар додасында қалыптасқан кәсіби әншілер төрелік етеді.

– 1994 жылы Жүсекеңнің 90 жылдығында алғаш рет Ж.Елебеков атындағы облыстық байқау өтті. Басталғаннан-ақ, Рымбала Кенжебалақызының ұйымдастыруымен Мейірхан Адамбеков екеуміз ауыл-ауылды аралап, облыстық байқауға таланттарды іріктедік. Қазылар алқасына да республикадан белгілі мамандарды шақырдық. Жоғары деңгейде өтті. Ал, 1998 жылы республикалық деңгейге көтерілді. 45 үміткер қатысып, бас жүлдені Сержан Мұсайын алды. Әлі есімде, Сержан ең соңғы болып өнер көрсетіп, топ жарған. Биыл тоғызыншы рет өтіп отыр. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен тұрақты өтетін Мәди, Тәттімбет және Жүсіпбек Елебеков атындағы үш ірі байқау бар. Әрқайсы үш жыл сайын айналып келіп отырады. Биылғы байқау сәтімен өтсін! Мықтылар жеңіске жетсін! – деді қазылар алқасының мүшесі Жақсыкелді Кемалов.

Бүгін байқаудың бірінші кезеңі «Шалқыма» концерт залында өтіп жатыр. Ақтық сынға шыққандар 4 қазанда 10:00 мен 14:00 аралығында байқау жүлдесін сарапқа салады. Дәл сол күні сағат 18:30-да жеңімпаздар марапатталып, соңы құрметті меймандар ән шырқайтын гала концертке ұласпақ.

Шараны облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестік ұйымдастырып отыр. Ауқымды шара 4 қазанға дейін жалғасады. Шара аясында «Жүсіпбек Елебеков» атты кітап жарыққа шыққан. Осы жолы Жүсекең туралы деректі фильмнің тұсауы кесілді.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button